• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Қазан, 2022

Лев Гумилевтің ғашығы

682 рет
көрсетілді

XX ғасырдың көрнекті еуразиятанушы ғалымы, тарих және география ғылымдарының докторы, пассионар теориясының авторы, ежелгі Ұлы дала тұрғындарының өмір сүру дағдысын тыңнан зерттеген тұлға Лев Гумилевтің туғанына биыл 110 жыл толып отыр.

Осы орайда үлкен ғалымның өмір-тарихында көп­шілік біле бермейтін әрқилы жайттар да бар­шылық. Соның бірі – Лев Николаевич өзі «Шығыс жұлдызы» деп әспеттеген бурят-моң­ғол қызы Очирын Намсрайжавпен арадағы сүйіс­пен­шілік хақындағы хикая. Бұндай оқиға әдетте кез келген пенденің басында бар. Десек те, екеуінің жарты ғасырға жалғасқан махаббат драмасы, әрине, таң­да­нарлық.

Ең әуелі атақты ғалымның назарын аударып, жүрегіне ғашық отын жаққан моңғол қызы кім дегенге тоқталайық. Бұл қыз 1915 жылы Моңғолияда туған, ал тек-тұқым жағынан бурят-моңғолдың алар тай­пасынан екен. Шамамен XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында патшалық Ресейдің отарлау саясатының кесірінен Иркутск және Чита өлкесінде ежелден бері тұрып жатқан буряттар бірнеше дүркін үркіп, манжы-қытайдың қол астында айранын ұрттап, қойын құрттап тыныш жатқан Сыртқы Моңғолияға ауып барған-тын. Біздің кейіпкеріміз осы ауған қауымның ұрпағы екені анық. Ол 14 жасында, яғни 1929 жылы Мәскеуге барады. Бұл қалада Коминтерннің Шығыс департаментінде жұмыс істейтін үлкен ағасы Александр Очировтың үйі бар болатын. Сонда келіп тұрақтайды.

Қазан төңкерісінің қайраткері Александр Николаевич Очиров қиырдағы Моңғолиядан келген қарындасын қуана қабылдап, ескі Арбаттағы №5 орта мектепте оқытады. Осы оқиға жайлы Очирын Намсрайжав өзінің естелігінде: «Қатарластарым менің атымды атай алмай, «Инна» дейтін болды. Уақыт өте келе өзімді басқаларға «Иной Очир» деп таныстыратын болдым. Менің орыс тілін білуім бастапқыда «иә» және «жоқ» деген сөздермен ғана шектелді. Бірінші сабақта мұғалім: «Сіздің жеріңізде қандай өсімдіктер өседі?» деп сұрағанда, мен: «Ештеңе» деп жауап бердім. Бұл сөзім күлкі тудырды. Бірақ бір жылға жетпей-ақ орыс тілін жетік меңгеріп, сыныптастарымнан ешқандай айырмашылығым болмады. Ағам мені қаладағы театрларға жиі апаратын еді. Соның арқасында көзім ашылып, көкірегім оянды», депті.

Бұл қыз моңғолдың атақты оқымыстысы, осында біз сөз етіп отырған Лев Гумилевтің өзі біліміне бас иген, жеті жұрттың тілін білетін полиглот-академик Ринчен Бямбаевтың балдызы екен. Келесі бір айта жүрер оқиға – Очирын Намсрайжав Калинин атындағы Мәскеу тәжірибелік училищесіне оқуға түскенде большевиктер көсемі Лениннің туған жиенімен бірге оқыпты.

Иной қыздың Мәскеудегі алаңсыз өміріне әсер еткен оқиға – 1930 жылы Қытайға елшілік қызметке барған ағасы Александр Очировтың қастандықпен өлтірілуі еді. Арқасүйер ағасынан айырылған О.Намсрайжав 1936 жылы кейін ғасыр ғалымы атанған әрі Моңғолияның үш дүркін Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Цэндийн Дамдинсүрен және қайтпас қайсар ұлтшыл тұлға Гомбажабпен бірге Ленинград Ғылым академиясы жанынан моңғолдар үшін арнайы ашылған аспирантураға оқуға түседі. Сол кезде 37-нің әйгілі қуғын-сүргіні басталып кетіп, үш моңғолдың бірі Гомбажаб тұтқындалып, Сібірге айдалады. Марқұмға топырақ сол жақтан бұйырыпты.

«Осы жылдары КСРО Ғылым академиясының президенті Владимир Леонтьевич Комаров болатын. Осы кісі шетел азаматы ретінде бізбен жиі кездесіп тұрды. Сондай-ақ орыстың көрнекті ғалымдары: Зоя Лебедева, Петр Стенгачковский, Иван Рачков­ский, Александр Самойлович және бурят-моңғол оқы­мыстысы Цыбен Жамцаранолардан ілім үйрен­дік» деп жазады өз естелігінде Очирын Намсрайжав.

* * *

Осы жылдың (1936) күзінде тағдырдың жазуы­мен екі ғашық кездейсоқ танысады. Бұл оқиға жай­лы гумилевтанушы Сергей Беляков 2012 жылы Мәскеуде жарық көрген «Гумилев сын Гу­ми­лева» атты кітабында, 24 жасар жалынды жігіт Лев Николаевич Шығыстану институтының кі­тап­ханасында жүзінен мейірім төгілген, ибасы мен­мұндалаған моңғол қызы Очирын Нам­срай­жав­пен кездейсоқ жолықты деп жазыпты. Дәлірек айтсақ, аспирант қыз кітапхана каталогінен 1891 жылы Потаниннің өзі редакциялаған Доржи Банзаровтың «Черная вера или шаманство у монголов и другие статьи» атты кітабын оқып отырыпты. Болашақ ғалым Гумилевтің назарын аударған дүние осы болса керек. Өйткені аталған кітапты тек шы­ғыс­та­ну­мен шұғылданушы немесе сол салаға қызық­қан адам ғана оқуға тиіс. Оның сыртында шығыстану іліміне жас жігіт Лев Гумилевтің де аңсары ауып жүрген кез. Қысқасы, шығыстанудың шұрайын аңдап жүрген жігіттің көзіне шығыстың шырайлы қызы оттай басылғаны анық.

Осы оқиға жайлы Очирын Намсрайжав есте­лі­гінде: «Лев мені көріп, мына кітапты оқып жа­тыр­сың ба? Мен де осы университеттің тарих фа­культетінде оқимын және Моңғолия тарихына да қатты қызығамын», деді. Одан кейін бұл кітапты ол да оқуға құмартып жүргенін айтты. Менен «Кітапты қашан аяқтайсыз?» деп сұрады. Мен: «Жақында аяқтаймын», деп жауап бердім. Осыдан бастап біз үнемі сөйлесіп, пікірлесіп жүрдік...» деп жазыпты.

Екі жас бос уақыттарында Нева өзенін жағалай қыдырып, одан қалды Кунсткамераға барып тұрады. «Әсіресе, Пушкин туралы көп әңгімелесуші едік, – деп еске алады моңғол қызы. – Ақынның қайтыс болғанын (1837 жылы өлген) 100 жыл жақындап қалған тұс. Әлі есімде, 1936 жылы қараша айының соңы болатын. Гумилев маған: «Білесің бе, мен саған қатты ғашықпын...» деді. Ал мен не айтарымды білмедім. Одан кейін ол және қайталап: «Намсрайжав, сен туралы өлең жазып жатырмын. Осы арнау жырларымды пошта арқылы саған жолдаймын», деді. Ол кезде мен қаладағы Ғылым академиясының аспиранттар жатақханасында тұратын едім. Кешікпей Гумилев жіберген бір бума өлең келіп жетті. Өкінішке қарай, олардың бәрін сақтай алмадым. 1938 жылы сәуірде туыстарым қамауға алынып, соған байланысты менің үйіме де тінту жүргізілгенде барлығын алып кетті. Бірақ ғайыптан аман қалған бірнеше шумақ жыр бар екен. Соның бірі:

Коней отбивал я и верным их роздал,

Я много добычи в Китае достал;

Но где та добыча, то ведомо звездам

С коней и добычи я счастлив не стал.

Но ныне стою я при счастье на страже,

Я длинное к юрте приставил копье —

В ней карие очи моей Намсрайджабы.

В ней черные косы, в ней счастье мое, – делінсе, осы мәтінді ақын ініміз Ерлан Жүніс былай деп аударды:

Барымталап ат алдым, адал досқа тараттым,

Шыннан алған олжамды шымқай

күнде жараттым,

Қайда қалды сол байлық, төрешісі – бір құдай,

Қасқайтып қасқа мінсем де, құмар қанбас,

құрғыр-ай,

Ақ найзадай шаншылып ақ отаудың сыртында,

Күзетсем ғой бақытын қалқатайдың жұртында,

Намсрайжабым отыр-ау, сонда бақыт

бары анық,

Тарқатылып бұрымы тауыс құстай таранып.

* * *

Арада жыл жарым уақыт өткенде замана желі терістен соқты. Яғни 1937 жылы басталған «адам аулау» науқаны Лев Гумилевті айналып өтпеді. Ол 1938 жылы тұтқынға алынды. Еш дәлелі болмаса да бір жыл түрмеде отырып шығады. Келесі жылы ол Ленинград университетінің тарих факультетінде оқуын жалғастырады. «Бұл Лев Гумилевтің ең бір таза, арманшыл, оқуға, білімге, өмірге, көк аспанға, поэзияға, сұлулыққа, аруға іңкәр шағы еді» деп жазады танымал драматург, кинорежиссер Талғат Теменов өзінің «Жошы ханның ұрпақтары» атты көлемді монографиясында.

Сол бір алағай-бұлағай заманда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айырып тану қазірдің өзінде қиын. Біз білетін бір дерек, жас оқымыстының әкесі Николай Гумилев орыс әдебиетінің танымал өкілі, аудармашы, әдеби сыншы, ғалым, сая­хатшы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың батыры, үш мәрте Георгий крестімен марапатталған жауын­гер болғаны рас. Оның сыртында, 1921 жылы 3 тамызда «Таганцев астыртын ұйымының мүшесі» деген желеумен ұсталып, көп ұзамай Петерборда Губчеканың қаулысымен ату жазасына кесілген. Қайда жерленгені әлі күнге дейін беймәлім. Ал Левтің анасы Анна Ахматова да – орыс поэ­зия­сын­да­ғы шоқтығы биік ақындарының бірі.

Жоғарыдағы әке тағдыры баласының өміріне де әсер еткені хақ. Нәтижесінде, Гумилев екінші рет тұтқындалып, 1939 жылдың 21 қыркүйегінде бес жылдық жазасын өтеуге Норильлагқа (Норильский исправительно-трудовой лагерь) жіберіледі. Ол түрмеде қазақ халқының дарынды ақыны Олжас Сүлейменовтің әкесі Омармен бір камерада отырады. 1944 жылдың күзінде өз еркімен сұранып майданға аттанады. Соғысты Берлинде аяқтайды. Соғыстан кейін де коммунистер Лев Николаевичке жылы қабақ танытпаған екен. 1949 жылы ол үшінші рет сотталып, жазасын Қазақстандағы КарЛАГ-та өтейді. Жарықтық түрмеде отырған 7 жыл ішінде 3 томдық еңбек жазып шығады. Соның бірі атақты «Древние тюрки» кітабы.

Лев Гумилев қанша жерден ғұлама болғанымен, отба­сылық өмірде жолы болмаған көрінеді. Соғыс­тан келген соң Наталья Варбанец атты әйелмен көңіл жарастырған екен, некесі ұзақ­қа бармаған сыңайлы. Бірақ екеуі үнемі хат алма­сып тұрыпты. Бұлардың қысқа метражды махаббатының бел­гісіндей 60 хат ғалымның музей-үйінде сақ­таулы дейді білетіндер.

Одан кейін Лев Николаевич Эрмитаж кітап­ха­на­сының 18 жастағы қызметкері Наталья Казакевич атты бойжеткенді сүйіп қалады. Онымен де ұзаққа бармаған. Кешікпей жас қыз Натальяның әріптесі кітапхананың сақа қызметкері Татьяна Крюковамен біраз уақыт көңіл жарастырған. Бұл да сәтсіздікке тап болған. Одан кейін Инна Немилова дейтін сұлуды қолына қондырып, онымен 1968 жылға дейін бір шаңырақ астында өмір сүрген. Бұдан кейін 55 жасында өзінен сегіз жас кіші суретші-график Наталья Симоновскаямен үйленіп, осы кісімен өмірінің соңына дейін бірге болыпты.

* * *

Осылай өмір өтіп жатты, өзен ағып жатты. Очирын Намсрайжав Мәскеу мен Ленинградта 20 жыл өмір сүріп, 1949 жылы Моңғолияға қайта орала­ды. Еліне келіп, мемлекеттік қызметтер атқар­ды. Әсіресе Жапония және Қытаймен дип­ло­ма­тиялық қарым-қатынас орнатуға зор үлес қосады. Апамыздың өмір жолына қатысты мына бір деректе ол кісі 1930-1931 жылы Моңғолия атынан КСРО елінде елші болған Гончиг Цеэрэгзэн деген адам­ға күйеуге шыққаны жайлы айтылыпты. Бірақ отбасылық өмірі жайлы ешқандай дерек жоқ. Тегі, жолдасын отызыншы жылдардағы сүргін жалмап кеткен тәрізді.

Қазіргі таңда апамыздан қалған жалғыз тұяқ Очирын Гэрэл дейтін қызы Ұланбатырда тұрып жатыр. Тау-кен саласының маманы, ғылым докторы, профессор. Екі жылдың алдында ұзақ жылғы өнімді еңбегі үшін Моңғолия мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер атағымен марапатталыпты.

Осы Гэрэл өзінің естелігінде: «Мен 1941 жылы Мәскеуде тудым. 1958 жылы Ұланбатыр қаласында орта мек­тепті бітірдім. Одан кейін Чехияның Прага қала­сындағы Карл атындағы университетте оқып, оны 1964 жылы бітірдім. 1965 жылдан бас­тан Моңғолия мемлекеттік университеті қатарлы жоғары оқу орындарында ұстаз болдым. Жолдасым және бір қызым бар. Қызым Құлан Мәскеу уни­вер­ситетінің философия факультетін бітіріп, Аус­тралияның Нью Саус Уэлс университетінде ма­гис­тр­лік дәрежесін қорғады», деп жазыпты.

Қысқасы екі ғашық 1970 жылға дейін бір-бірін іздеумен болады. Әсіресе Лев атамыз моңғол қызын таба алмай көп қиналған екен. «Іздеген табады, қуған жетеді» дегендей, қос мұңлық арада 34 жыл өткен соң, 1970 жылы Мәскеуде жолығады. Нақтырақ айтқанда, осы жылы Намсрайжавқа Левтің жазған хаты келіп жетеді. Үкілі хат қолына тиген келіншек асығыс-үсігіс жолға шығады...

Осы кездесу үстінде Лев мұңлы жанарын жасара алмай: «Нино, мен сені көп іздедім, – депті. – Түрмеден босап келген соң, сені іздеп Ленинградтың жоғары оқу орындарында оқып жатқан моңғол студентерінің бірін қалдырмай сұрап шықтым». Бұл оқиғадан Намсрайжав та хабардар екен. «Иә, мені бір орыс жігіті үздіксіз іздейтіні жайлы маған да хабар келді. Ол адам сіз екеніңізді біліп, өзімнің хат алмасатын пошта әдіресін жібердім».

Бір таңданарлық дүние, екі ғашықтың 1970 жылғы алғашқы кездесуі кезінде Лев қарияның кемпірі Наталья Викторовна Намсрайжавты асха­на жаққа жеке шақырып алып: «Мына адам сені өмір бойы аңсаумен келеді. Өзіңді жанындай жақсы көреді. Ол сенен басқа ешкімді бұлай сүйген емес. Соны біл», дейді де, «Ал енді армансыз шер тарқатыңдар», деп екеуін оңаша тастап далаға шығып кетіпті.

Осы кездесуден кейін Намсрайжав 1972 жылы «досын» Ұланбатырға шақырады. Шақыртуды алған Лев Николаевич «Софья Власьевна рұқсат бермеді» деп жауап жазыпты. Софья Власьевна дегені «Кеңес өкіметі». Ниносына жете алмай аһ ұрған Лев Гумилев 1972 жылы 28 тамызда Намсрай­жав­қа өлеңмен хат жазыпты. Онда:

Мен адастым мәңгілік, түнегінде тағдырдың,

Сені ойлаумен Нином, қаншама жыл дағдардым,

Жете алмадым ешқашан, тағдыр

неткен ауыр ед,

Сағынышты сырымды жүрегімнің түбіне

 мәңгілікке қалдырдым,

– деген жолдар бар екен. Бұл сөздер жай адамның жүрегін жарып шықпасы анық. Осы кезден бас­тап екі ғашық Лев Гумилев дүниеден өткен 1992 жылға дейін үздіксіз хат алмасып тұрыпты. Лев Николаевич 1970 жылы жарық көрген «Қиял патшалығын іздеу» атты еңбегін сүйіктісіне сыйлап: «Золотистой зарнице Востока Намсрайжав Очир от осколка западных монголов, не забывшего доблести предков» деген қолтаңба қалдырып, өзінің қолын көне ұйғыр-моңғол жазуымен таңбалапты (суретте). Айтпақшы, қос ғашық тағы бір дүркін 1982 жылы Ленинград қаласында жолыққан екен. Бұл оқиға жайлы Намсрайжавтың естелігінде айтылады.

* * *

Қос мұңлықтың жазысқан хаттары қазір Петербордағы Лев Гумилевтің музей-пәтерінде сақтаулы тұр. Осындағы музей-пәтер қызметкері Марина Козырева деген ханым 1970-1991 жылдар аралығында Намсрайжавтың Лев Николаевичке жазған 10 хатын үтір-нүктесіне дейін өзгертпей әлемжеліде жариялап жүр. Осы хаттарды бізде оқып шықтық. Жалпылай алғанда, бұл хаттарда өте бір мәдениетті һәм терең сүйіспеншілікпен жазылған сырлар жатыр десе болады.

Очирын Намсрайжав сүйіктісіне алғашқы хатын 1970 жылы 24 наурыз күні жолдаған екен. Осы жылы 55 жасқа толған моңғол келіншек, әуелі өзін ұмытпай хат жолдаған Левке ризашылығын білдіріп, осы жылы (1970) ресми сапармен Мәскеуге баратыны жайлы айтыпты. Бұйырса, қалада төрт тәулік боламын, қалайда сізге жолығуым керек депті. Сонымен қатар досына өзінің фотобейнесін жолдапты.

Келесі хатын 1970 жылдың 14 қыркүйегінде жазған екен. Ол хат «Менің арыстаным» (мой Лев) деп басталып, Ұланбатырда моңғол туырлықты жұрттардың екінші құрылтайы өтіп жатқанын, оған америкалық моңғолтанушы Оуэн Латтимор бастатқан шетел ғалымдары қатысқаны жайлы баяндаса, үшінші хатын 1970 жылы 21 қазан күні жазып: «Сізді Үкімет басшысының орынбасары Майдар деген азамат бір көруге құштар. Ол кісі кешікпей сізге шақыру жіберері анық. Ал өзім алдағы қараша айын­­­да, Мәскеуге ресми іссапармен барамын. Өзіңізге жолығу жайлы да жоспарымда бар» деп аяқтапты.

Осылай хаттар легі жалғаса беріпті. О.Нам­срай­жав төртінші хатын 1970 жылы 2 қара­ша күні жолдаса, келесі жазба 1979 жылдың 12 желтоқсанында дегендей... Осылардың ішінде соңғы жазылған екі хаттың бірі – 1991 жылы 21 қазан күні жолданыпты. Бұл хатта Намсрайжав өзінің Бейжіңдегі Моңғол елшілігінде қызмет атқарып жүргені жайлы баяндап, қытай мәдениетіне қатысты көптеген дерек тізіп шығыпты. Жазбаның соңын «сені сүйдім» деп аяқтапты. Ал ең соңғы хаты 1991 жылы 16 желтоқсан күні жазылған екен. Арада алты ай өткенде, 1992 жылы 15 маусым күні үлкен ғалым Лев Гумилев Петерборда қайтыс болды.

* * *

Біз бұл реткі мақаламызда моңғол қызы мен орыс оқымыстысының кіршіксіз сыйластығы, бір-біріне деген адами махаббаты жайлы сөз еттік. Әйтпегенде, бурят қызының Моңғол елінің халықаралық дипломатиялық қатынасына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Ең бір қиын кезең: Екінші дүниежүзілік соғыс пен сталиндік қуғын-сүргін жылдары кеңес одағында 20 жылға жуық өмір сүріп, соғыстан кейін Ұланбатырға оралып мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, Жапония және Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосумен қатар, орыс зиялылары: Лев Николаевич Гумилев, Анастасия Ивановна Цветаева, Юрий Николаевич Рерих, Нина Петровна Туполева (белгілі авиаконструктор Туполевтің жең­ге­сі), т.б. адамдармен достық байланыста болғаны тағы бір төбе.

Очирын Намсрайжавтың тағы бір елеулі еңбегі – орыстың ақын қызы Марина Цветаеваның жас кезінде жазған өлеңдерін қолжазба күйінде сақтап қалғаны. Марина ақын өмірден өтер алдында (1941) өзінің жазған-сызған дүниелерін туған сіңілісі, кейін танымал жазушы болған Анастасия Цветаеваға аманаттайды. Күндердің күнінде Анас­та­сияның да басына күн туып, 1937 жылы жазаға тартылғанда апайының өлеңдерін елеусіз жан Ниноға (Намсрайжавқа) сақтауға беріп кетеді. Бұл жырларды моңғол қызы көзінің қарашығындай сақтап, заман түзелген соң, Анастасияға аманатын аман-есен тапсырған екен.