Медицина тілін мемлекеттік тілде сөйлету әсте оңай емес. Түп тамырын латыннан тартқан саланың сан қырлы терминін әлемнің өзі сол қалпында қолданып келеді. Дегенмен адам жанының арашашылары мемлекеттік тілге құрметтің қандай болуға тиістігін Қарағандыда өткен республикалық байқауда көрсетті. Тіл үйренгісі келген ниетке тегеурін болар тосқауыл жоқтығын және бір еске салды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған медицина саласындағы өзге ұлт өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауының жеңімпаздары Қарағанды жерінде анықталды.
Мемлекеттік тілдің қандай да бір ұлттың тілін білу – оның тарихына, дәстүрі мен дүниетанымына жетектер бастау. Тіл арқылы ғана халықтың болмыс бояуын білуге болады. Байқауға қатысушыларға ыстық ықыласын жеткізген Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов жиналғандарға осындай тұшымды ой айтты. Тілді меңгеру тұтас бір ұлттың тарихын, әдет-ғұрпымен танысуға мүм- кіндік беретінін ерекше атап өтті.
«Әлемдегі жаһандану үдерісі әр халықтың алдына өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру міндетін қойып отыр. Осы ретте біз үшін қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды. Биылғы байқау медицина саласында жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында өтіп отыр. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, медицина – халық жиі баратын сала. Нельсон Мандела айтқандай, «Егер адамдармен ұғыныса алатын тілде сөйлессеңіз, сөзіңіз оның ақыл-ойына ғана арналған болып шығады. Ал оның ана тілінде қарым-қатынас ұстасаңыз, бірден жүрегіне жол таптым дей беріңіз». Екіншіден, қазақ тілін тұрмыстық деңгейде меңгеру өз алдына, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен әдебиетін, өнерін танысаңыз, Сіз елдің көз алдында жан дүниесі бай адамға айналып, зиялы қауым өкілі қатарынан табыласыз, қарапайым еңбек адамдарының құрметіне бөленесіз», деді ол.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын қомақты қылуды мақсат тұтқан мұндай байқау-бәсекелер теңіздің тамшысындай болғанымен, ынта мен ықыласқа сеп екені күмәнсіз. Осындай зор міндетті көздеп, ұйымдастырылған байқауға еліміздің өңірлері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктеу кезеңдерінің 12 үміткері қатысты.
Қазылар алқасының құрамына белгілі ғалымдар, тіл саласының білікті мамандары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері енді.
Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, екінші бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білім сынасты. Бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырып төңірегінде ой өрбітті. Ең соңында бір минут ішінде жиырма сұраққа жедел жауап беріп, сайысты.
Бәйгенің бас жүлдесін астаналық Розалина Махмудова жеңіп алып, 300 мың теңгеге ие болды. Бірінші орынға шымкенттік Сардорбек Рустамжанов лайықты деп танылды. Оған 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын Түркістан облысынан келген Фатима Мамедоваға (150 мың теңге) бұйырды. Үшінші орынды солтүстікқазақстандық Сайдали Юсупов мен Алматы облысынан Руфат Сайдалимов бөлісті. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден табысталды. Бұдан бөлек, төрт үміткер ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды.
Ұлан-ғайыр еліміздің әр түкпірінде жүріп, қазақ тіліне қошеметін осындай бәсекеде көрсете білген абзал жандарға жиналған бұқараның алғыстан басқа айтары болмады.
Қарағанды