Жуықта генетик ғалымдар Ресей Федерациясының оңтүстік Сібір аймағындағы Алтай тауының қойнауында орналасқан Шағыр және Окладников үңгірлеріне ұзақ жыл жүргізген зерттеу нәтижесінде неандерталь адамның генін анықтаумен қатар, тұңғыш рет олардың геномдық сызба бейнесін жасап шықты.
Неандертальдық адамдар ізі бұған дейін Еуразия құрлығының көптеген үңгірінен табылған. Бұл жан иесі бұдан 430 мың жыл бұрын пайда болып, шамамен 40 мың жыл бұрын жойылып кеткен.
Жоғарыдағы екі үңгірді зерттеу барысында 54 мың жыл бұрын өмір сүрген 20 шақты адамның ізі табылған көрінеді. Нақтырақ айтқанда, екі үңгірдің бірі Шағырдан 11 жанның ізі анықталса, сол маңға жақын орналасқан Окладников үңгірінен екі неандертальдықтың дерегі шығыпты.
Шағыр үңгірінде өмір сүрген неандертальдықтардың ДНҚ-сын анықтаған швед ғалымы Сванте Паабо осы еңбегі үшін жуықта Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Бұл оқымыстының пайымына қарасақ, неандертальдықтардың гені әлі күнге дейін тірі дейді. Бұл тек-тұқым өкілдерінің шамамен 2 пайыз гені жер бетінде әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр.
Тағы бір жаңалық, генетик ғалымдар үңгірден табылған саусақ сүйегінен алынған генетикалық ақпаратты тасымалдаушы молекулаларды зерттеу барысында бұрын белгісіз болып келген тағы бір адам пошымды жан иесін анықтады.
Бұл реткі жаңалықтың ашылуына Германиядағы Макс Планк ғылыми орталығы Антропология бөлімінің зерттеушісі Лауриц Сковтың еңбегі зор. Бұл маман екі үңгірден табылған 17 сүйек тісіне ұзақ жыл зерттеу жүргізіп, анықталған деректер арқылы бұл жерде жеті ер, алты әйел адамның өмір сүргенін дәлелдеп шыққан. Тіпті бұлардың бесеуі жасөспірім деген қорытынды шығарған.
Оның сыртында бұл кісілердің барлығы бір-біріне туыс екені генетикалық зерттеу нәтижесінде белгілі болған. Ал мына жаңғыртылған сызба-сурет Шағыр үңгірінде өмір сүрген әке мен қызының бейнесі.