Қазақтың байтақ даласы қай заманда да текті тұлғаларға кенде болмаған. Әр жерлерде қарағайдай оқшау бітімді, емендей ерен көрінетін, сөйлесе аузы дуалы, істесе ісі ілгері аттайтын, көпке өнегелі, жұртқа үлгілі болып жүрген азаматтар бар. Сондай азаматтардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, публицист, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері Жабал Ерғалиев.
Жабал Ерғалиев – киелі де сұлу Көкшетаудың тумасы. Көкшетау десе, көз алдымызда Арқаның алтын алқасындай көрінген қайталанбас әсем сұлу табиғат – тербелген айдын көл, ырғалған жасыл қарағай мен ақ қайың, ұшар басын бұлтқа қарай ұмсындырған Оқжетпес, шарасында шайқалып, толқып жатқан Айна көл, ну орманға қақалып тұрған Бурабай, зерлі Зеренді көлбеңдеп, атақты Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай шырқата салған ғажайып әндер, нақышты сұлу әуендер құлақ түбінен естілгендей болатыны рас қой. «Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, көкірек қанша жұтса тоясың ба?» деп Сәкен Сейфуллин жырлағандай Көкшенің ауасын жұтқан адамның көкірегі сау, көкжиегі кең болатыны сөзсіз.
Жабал ағамызды мен анау жылдары Астанада жүргенде-ақ білетін едім. Жабал Ерғалиев 2011-2017 жылдар аралығында елордамыз Астана қаласында жауапты қызмет атқарып тұрды, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI шақырылым депутаты болатын. Сенаттағы келелі кеңестерде, мәнді мәжілістерде, телерадио хабарларында ел мен жердің тағдырына, оның өткені мен болашағына қатысты қадау-қадау, құнды да өткір пікірлер айтып, ой бөлісіп жүрген ағамызбен бір-екі рет жолығысып, әңгімелесудің сәті де түскен еді. Қайда болса да елдіктің әңгімесін қозғап, мемлекетшілік идеяларды сөз етіп, ұлт тағдыры, ұрпақ тәрбиесіне қатысты түйткілді мәселелерді көтеріп келе жатқан ойы орамды, сөзі салмақты Жабал Ерғалиевтің есімін жалпақ жұрт біледі. Біз Жабал Ерғалиұлының қайраткерлігін дәл осы тұста тіптен айқын танығандай болдық. Қайраткерлік деген меніңше, жайлы орынға жайғасып, лауазымды қызметті атқару емес, ол – мемлекетшілікті басты бағыт етіп, ел тағдырына қатысты кез келген іске бел шешіп, білек сыбана кірісіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, әрбір маңызды істің басы-қасынан табылып, өзінің рухани, интеллектуалды күш-қайратын соған арнаған, өзін елден бөліп қарамайтын шынайы мемлекетшіл, ұлт қайраткері бола білген тұлға дер едім. Міне, Жабал Ерғалиев осындай адам.
Жұмыс бабымен Көкшетауға ауысып келген соң, Жабал ағамызбен етене жақын болып, жиі-жиі ұшырасып, ортақ ой-пікірлерді бөлісудің мүмкіндігі артты. Қоғамдағы қордаланған шетін мәселелерден бастап, бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәлім дәстүріне дейінгі тақырыптар шет қалмайтын. Сол себепті де экс-сенатор, жазушы Жабал Ерғалиевті Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне кездесуге шақыруды жөн көрдік. Жәкең жік-жігімен тастап, жіліктеп сөйлейтін дағдысымен тыңдармандарын бірден баурап алды. Әсіресе қоғамдық сананы қалыптастыру, елді, жерді, тілді сүю, ата-баба дәстүріне берік болу, интеллектісі жоғары жас буынды тәрбиелеу секілді тақырыптар бойынша оқыған дәрістері студенттердің көңіл қошынан шықты. Соның ішінде болашақ филолог мамандар үшін таптырмайтын дәріс болды. Олар жазушының сөз саптауынан, сөзді талғап пайдаланатын дағдысынан, баяғының би-шешені секілді қортпалы ойын түйдек-түйдегімен лекітіп, ақтара салатын қабілетінен, ажарлы да мәнді сөйлеу үлгісінен тәлім алды.
2020 жылы Жабал Ерғалиевке Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Құрметті профессоры» атағын бердік. Жыл сайын әлденеше рет университетке келіп дәріс оқу дәстүрге айналды. «Рухани жаңғыру», «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша университет көлемінде атқарылатын әрбір іс-шараға қатысып, қоғам қайраткері ретінде, жазушы есебінде ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Ұлт болашағы болатын ұрпақ тәрбиесі кімді де бейжай қалдырмауы керек. Ол тек отбасы мен оқу орнының міндеті ғана емес. Ол – барша азаматтарымыздың абзал борышы болуға тиіс. Осы үдеден келгенде қалам ұстаған қаламгерлерге артылар жүк ауыр деп білемін. Дәстүрлі құндылықтар ауысып, жаһанданудың тасқыны қарқындаған заманда жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын қайтсек оятамыз деген жансебіл жанталастың ортасында ақын-жазушылар, журналистер жүруге тиіс. Жазушылар қай заманда да қоғамдық сананы қозғаушы күш болған, елдің рухани тұтастығының алтын кілті іспетті жандар. Біз әрқашанда рухани майданның алғы шебінде соларды көргенбіз және әлі де болса солай көргіміз келеді. Қазіргі таңда Көкшедегі қаламгерлердің басында аға буын санатында осы Жабал ағамыз тұр.
Біз, көкшеліктер, Жабал Ерғалиевті ең әуелі қарымды қаламгер ретінде танып, білеміз. Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жабал Ерғалиұлының қаламынан сандаған көсемсөздік мақалалар, хикаяттар мен әңгімелер, драмалар жарық көрді. Жазушың терең ойынан, тебіреністі сезімінен өріліп түскен «Құшағы суық дүние», «Кешкі мұң», «Ескі арба», «Қош бол, құлыным!», «У дүние», «Алдамшы өмір» секілді хикаяттар мен әңгімелер кімді болса ойлантпай қоймайды. Мұндағы өмір философиясы, адамдар тағдыры, тағдыр талқысы келісті көрсетілген. Әрбір шығармадағы көркем образдар кеше болған, бүгін ортамызда жүрген адамдар. Артық боямасы жоқ, шынайы суреттер. Осы арқылы жазушы өзінің жүрек түкпірінде жатқан, сезім дүниесінің бетіне шыққан дүниелерді көркемдеп, қуатты оймен, құштарлы тілмен жеткізеді. Жабал жазушы нені жазса да, өмір атты майданда адалдық пен әділеттің туы қашанда биік болатынын, өмірдегі өкініштердің көбін арамдардың жасайтынын, кіршіксіз арман мен талмас талап қана мақсатқа жеткізетінін айтады. Сонысымен де ол – өміршең! Ал өзінің рухани мәнін, түп-тамырын жоғалтқан пенде аяушылыққа лайықты және сол қауіпті. Осы мәндегі философиялық ой – әлемдік ұлы суреткерлер Шекспир, Бальзак, Мопассан, Вольтер, Чехов шығармаларының түп қазығы. Жазушы болу – жанның арпалысы.
Жабал Ерғалиев жақсы драматург ретінде танылған суреткер. Драматургтің «Бұлтты түнгі толған ай», «Құлыптастың көз жасы», «Жан шырылы», «Қилы жол», «Қас-қағым» атты драмалары еліміздің театрларында сәтті қойылып, көрермендерге жол тартты. Басқасын айтпағанда, 2015 жылы Қырғызстанда өткен V халықаралық «ART-ORDO» театр фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық, ұлттық драма театры сахналаған «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті.
Көкшетау өңірінде қазақ баспасөзінің толық қалыптасуына, оның кең таралып, бұқаралық сипат алуына Жабал Ерғалиевтің сіңірген еңбегі зор. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі болған ол кісінің осы саладағы еңбек жолы сайрап жатыр. Сонау жетпісінші жылдары «Көкшетау правдасы» газетінен басталған қызметі қалалық «Көкшетау» газетінің, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы қызметіне дейін жалғасып келді. Республикалық, облыстық баспасөзде талай мәрте көлемді мақалалары жарық көріп келеді. Соның барлығында елдіктің мәселесі айтылған.
Осы жұртымыздың қайтсе көсегесі көгеріп, ұлт ретінде сақталып қалудың қандай жолдары бар дегенге келгенде жан шырылын бүкпесіз, ашық жария етіп келе жатқан санаулы қаламгерлердің бірі десек артық айтқандық болмас. Ол жазушы жанының риясыздығынан, азаматтық болмысынан, адалдығынан туып жатқан таңдаулы қасиет. Осы орайда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Сәкен сері Жүнісовтің Жабал інісі туралы мына бір айтқан жүрекжарды сөзі еске түседі: «Адам бойындағы жақсы қасиеттер көп қой. Соның ішінде кішілік пен кішіпейілділікті өзім жақсы көремін. Азаматтардың бойынан осындай аз көрінетін, қазақ үшін зәру мінезді інім Жабалдан көрдім. Сонымен бірге қарапайымдылық пен қайырымдылық, талап пен талғам да Жабалға жат емес, табиғи қасиет, туалы мінез, аталы өсиет екенін жақсы білемін. Азамат ретінде сыйлас, қаламгер ретінде сырлас Жабал Ерғалиұлының жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіттердің жүрегінен табыла берсе, осы Көкше көлемі көк кілемдей болып, мәңгі көгере беретініне сенімдімін». Расында, Жәкең адам танитын, оны сыйлай білетін кісі. Сол себепті де үнемі жақсыларға жақын, жуық, солардың мерейін асқақтатып, қолынан келгенше кісілік танытып, қамқорлыққа бөлеп жүреді.
«Тарих – жаратқанның ең қаталы. Ештеңеден сескенбейтін және ешкімнің ырқына көнбейтін суық жанарымен ол уақыттың түпсіз тереңдеріне сәуле түсіріп тұр және ол осы бір мызғымайтын, жалтақтамайтын қалпымен ол оқиғаларға форма беріп тұр» деген Стефан Цвейгтің терең мағыналы сөзін еске алсақ, сол оқиғаларды бізге көркемдеп жеткізушілер – суреткерлер. Басқа өшсе де, өлсе де сөздің өлмейтіні сондықтан және ол тіптен ғажап құбылыс. Жазушының рухани ғұмыры жазған шығармаларымен өлшенеді. Сөзі өшпей, уақыттан-уақытқа қарай озған суреткерден бақытты ешкім жоқ. Біздің Жәкең – сондай құрметке лайық жан.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры