• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қазан, 2022

Әуезов әлемі суретшілер көзімен...

533 рет
көрсетілді

Облыстық А.Пушкин атын­дағы кітапханада «Мұхтар Әуезов шығар­машылығы суретшілер көзімен» ат­ты сурет көрмесі ашылды. Жазушы шығармаларын оқырман қауымға насихат­тау мақсатында өткен көр­меге қырыққа жуық кәсіби және әуесқой қылқалам шебер­лері қатысты.

– Шыны керек, бұрынғыдай кітап оқуға жастардың көңілі соға бермейді. Сондықтан да сурет өнері арқылы жазушы шығар­маларын насихаттауды жөн деп есептейміз. Бұл жолы суретшілер М.Әуезов шы­ғармаларын кенеп бетіне түсірді. Бүгінгі іс-шара көрме ғана емес, суретшілер ара­сындағы байқау ре­тінде де ұйым­дастырылды. Сәтті су­реттердің авторлары бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды, – дейді кітапхана қызмет­кері Меруерт Кемешова.

Айтып өткендей, Мұхтар Әуе­зовтің 125 жылдығына орай ұйым­дастырылып жатқан көр­меге әуесқой жас суретшілер де қатысқан. Олар алдымен жазушы шығармаларын оқып барып қолдарына қарындаш алған. Бірі Көксеректі бейнелесе, енді бірі Абай жолы романынан сюжеттер жазуға тырысқан. Бұл байқау бір жағынан жазушы шығармасын насихаттауға бағытталса, екінші жағынан сурет өнерін дамытуды мақсат етті. Рас, сурет өнері өңірде үлкен қолдауды қажет етеді. Белгілі қылқалам шебері Құдаш Нұрсадықовтың ұйытқы болуымен «Жаңғыру» суретші­лер бірлестігі құрылған. Бірлестік аясын­да бірқатар суретші топтасып, бірнеше көрме де өткізген. Бұл жолы да көрмеге аталмыш бір­лестіктің мүшелері қатысты.

– Жас суретшілер осындай байқауларға қатысып жүлде алып жатса, олар үшін үлкен стимул. Бейнелеу өнерін дамыту үшін, турасын айтқанда, қаржылай қолдау керек. Терең түсінсек, бүгінгі ұрпақ бейнелеу өнеріне жақын болса, ертең олардан мық­ты техник мамандар шығуы мүмкін, – дейді кә­сіби суретші Ержан Тұрғанбаев.

Сонымен қазылардың шеші­мімен әуесқой суретшілер арасын­да байқаудың бас жүлде­сін Айназ Ермұқан иеленді. Ал екінші орын­ды Арайлым Темірбекова ен­шіледі. Үшінші орын Бексұлтан Аман­ға­зының қан­жығасында.

Кәсіби суретшілер ара­сын­дағы бірінші орынды Гүлнәр Бекбердинова алса, екінші орын Мәди Қайырханға бұйырды. Жүлделі үшінші орындарды Ержан Тұрғанбаев пен Құдаш Нұрса­дықов қанағат тұтты.

Айта кетсек, бірінші орынға лайық деп табылған полотнода Мұхтар Әуезовтің жас кезі бей­неленген. Портрет айнала­сында жазушының туған жері, шығар­машылығы көрініс тапқан. Ерекше стильде жазылған картинаның композициясы да көрерменді бірден баурады.

Салтанатты түрде ашылған көрме кітапхана залында бір ай бойы көрермен назарына ұсы­нылады. Бейнелеу өнерін қасиет тұтсаңыз, күйбең тірлікті ысыра тұрып, көрмені тамашалап қай­туыңызға болады. Кітапхана есігі әрқашан ашық.

 

Шығыс Қазақстан облысы