• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 30 Қазан, 2022

Әлемдік брендтің айнымас философиясы

384 рет
көрсетілді

Samsung деген сөз бізге жат емес. Кез келген қазақ­стандықтың үйінде жоқ дегенде кір жуғыш машинасы, болмаса тоңазытқышы, қала берді қысқа толқынды пеші мен теледидары осы компанияның өнімі. Сөзімізге сенбесеңіз, үйіңіздегі тұрмыстық техникаға, болмаса айналаңыздағы адамдардың ұялы телефонына бір көз жүгіртіп өтіңізші... Ал өткен жылы Samsung Galaxy A12 әлемдегі ең көп сатылатын смартфондар тізімінің көшін бастап берді. Осыдан-ақ ең алғашқы қызметін 1938 жылы күріш ұны мен кеспесін сақтайтын қоймадан бастаған оңтүстіккореялық компанияның трансұлттық корпорацияға және әлемдегі ең танымал тұрмыстық электроника брендтерінің біріне айналғанын түсінесің.

Жақында осы корпорацияның ұйыт­қы болуымен Корея Республикасына баспасөз сапарымен барып қайт­тық. Қазақстандық бірнеше БАҚ өкілі­нің басын қосқан сапар барысында Дүние­жүзілік ЭКСПО-2030 көрмесінің Пусан қаласында өтуіне үлес қосып жүр­ген аталған компанияның өз қа­ласы – Samsung Digital City-ге арнайы ат басын бұр­дық. Ресми түрде айт­сақ, Samsung ком­па­ниясының Сувон қаласында орна­лас­қан Штаб пәтеріне бардық.

Сеулден 65 шақырым қашықта жат­қан қалашықты Samsung-тің «жүрегі» деуге де болады. Себебі мұнда компания қызметкерлері үшін салынған емхана, саябақ, тұрғын үй, футбол, гольф алаңдары, музейден бөлек, ең маңыздысы – ірі зерттеу кешені бар. Кешен бірнеше көпқабатты үйді, соның ішінде R4 зерттеу орталығын қамтиды.

37 қабатты жерүсті және 5 қабатты жерасты биік ғимараттың тік көлемі көзді шағылыстыратын шыны панельдермен қапталған. Әлемнің сен тұр, мен атайын деген мықты сәулетшілері­нің өздері бұл ғимаратты көлемі мен ке­ңістігі, сондай-ақ сыртқы әрлеуіне қолданған сапалы материалдарына қа­рап «Samsung-тің үстемдігін айшықтай­тын кешен» деп жоғары бағалаған.

Samsung City-ге кез келген адам кіре алмайды. Кіргендердің өздері тың­­ғылықты әрі жан-жақты тексеруден өтеді. Оның себебі де түсінікті. Штаб пәтер – әлемге әйгілі Samsung-тің өт­кенін ғана емес, болашағын да жал­ғай­тын тарихи мекен. Дәл осы қала­шық орналасқан жерде – Сувон қала­сын­да компанияның алғашқы зауыты орналасқан. Бастапқыда, нақтырақ айт­сақ, 1970 жылы осы зауыттан ақ-қара, содан кейін түрлі-түсті теледидарлар құрастырылып, шығарыла бастайды. Алғаш рет осындай үлкен жетістікке қол жеткізгеннен бері компания тұрмыстық техника мен электроника саласында көш бастап келеді. Компанияның қарқын­ды дамуы жаңа технологияларды енгізу және әртүрлі тұрмыстық техниканы шығарумен, жоғары технологиялық электроникаға қарай кеңеюмен қатар жүр­ді. Әлемдік технология тарихындағы нағыз сенсация жедел жад чиптерін, СКД мониторларын, жалпақ экранды теледидарларды жасаумен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта Сувондағы бір кездегі алақандай ғана жерді алып жатқан зауыт – үлкен кешен, жұмыс істеуге және демалуға қажеттінің барлығы бар шағын қала.

Әрине, компанияның бүкіл сыр-құ­пиясы сақталған бұл кешендерге бізді кіргізген жоқ. Бұл қалашықта журна­листерге есігін айқара ашқан бір ғана мекеме бар. Ол – SIM – Samsung Innovation Museum – Samsung инновациялық музейі.

Музейде қазақстандық БАҚ өкілде­рін Samsung Electronics-тің корпора­тив­тік вице-президенті Ким Хен дже мырза қарсы алды. Алғысөзінде компа­ния өкілі Пусан қаласында ЭКСПО-2030 Дүниежүзілік көрмесін өткізудің ма­ңыз­дылығы мен тарихи мәнінен кеңі­нен тоқталды.

«Әрине, біз Пусан қаласында ЭКСПО-2030 көрмесін өткізуді қол­даймыз. Өйткені Корея да «Болашақ ­энергиясы» деген тақырыппен 2017 жылы Халықаралық мамандандырыл­ған көрме өткізген Қазақстан сияқты өз тәжірибесі мен инновацияларын әлеммен бөлісе алады деп санаймыз», дейді Ким Хен дже мырза. Ал біздің «Кореяда көрмені өткізудің Сам­сунг үшін қандай пайдасы бар?» деген сұ­ра­ғымызға компанияның вице-пре­зиденті: «Samsung Electronics IT технологияларында тәжірибесі мол, жан-жақты сараптамаға да ие. Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесін елімізде өткізу арқылы корпорация жаһандық қоғам­ның дамуына өз үлкен үлесін қосып, өзін­дік қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік алады. Ал бұл мақсатты жүзеге асыруда Samsung өнімдері мен қызметте­рін көрсете алатын тамаша алаң болып ­саналады. Себебі бұл – біздің басты миссиямыз»», деп жауап берді.

Samsung-тің туған жері – Сувонда орын тепкен музей алып кешеннің 5-қабатты ғимаратында орналасқан. Мұнда электрондық инновациялар тарихындағы ең үздік үлгілер ұсы­ныл­ған. Музей қызметкерлерінің өздері бұл өнертабыстарды «адамзат өмірін жақсартатын өнімдерді дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік беретін технология» деп таныстырды. Музей та­балдырығын аттаған әр келушіге адамзат өркениетінің қайдан және қалай өмірге келгенін түсіндіріп қана қоймайды, әртүрлі санаттағы Samsung өнімдерін жасау үдерісінде қайдан шабыт алғанын көрсетеді.

Ауданы 11 мың шаршы метрге жете ғабыл музейге кіре салғанда сізді жылжымалы экран ретінде жабдықтал­ған таныстыру қабырғасы қарсы алады. Үлкендігі екіқабатты үйдей болатын экраннан көрсетілген компания миссия­сы мен тарихы туралы бейнебаянды тамашалап тұрып, өзіңізді құдды бір сол әлемнің ішінде жүргендей сезіне­сіз. Тек таныстырылым аяқталғаннан кейін қабырға бірнеше бөлікке жарылып, айналма есікке айналғанда ғана инновациялық технологиялар музейіне келгеніңіз есіңізге түседі. Жалпы музейге келушілерді іште осындай 30-дан астам экран қарсы алады.

Музейде компанияның 200-ге жуық өнертабысы мен өнімі қойылған. Біз­ді таңғалдырған бір факт – мұнда Samsung-тен бөлек өзге де компаниялардың ­экс­по­наттары кездеседі. Мысалы, экс­­по­наттардың қатарынан алғашқы Apple iPhone немесе Sony Trinitron теле­дидарын кездестірдік. Музей қыз­меткерлерінің айтуынша, дәл осы өнім­дер «Samsung-ке өз өнімдерін дамытудың және пайда табудың сенімді жолын көрсетіп берген». Яғни бұл да бәсекеге қабілетті ортаны құрудың бір жолы деп түсінген дұрыс болар. Ал музейге қойылған өнімдер мен олардың даму тарихына сүйенсек, смарт­фондардың қазіргі дәуірі Samsung Galaxy S II-ден басталады.

«Өнертапқыштар дәуірі», «Индус­триалды инновациялар ғасыры» және «Құру кезеңі» – музейдің үш негізгі көр­ме залы осылай аталады. Яғни компания өнімдерінің тарихы үш негізгі тақырыпқа бөлінген – «Инновация тұ­­қымдары», «Инновацияның өзегі» және «Шабыттандыратын инновация». Алғашқы залда электр шамын ойлап тапқан Томас Эдисон, «телефонның түп атасы» Грейам Белл мен электр қоз­­ғалтқышының алғашқы моделін жасап шығарған физик Майкл Фарадей өнертабыстарының түпнұсқа үлгілері сақталған. Мәселен, осы залдағы интер­активті мөлдір экраннан 1875 жылы Александр Грейам Белл жасаған телефонды көре аласыз.

Екінші залға Samsung пен өзге бә­се­келес компаниялардың қызықты, бірақ ескі өнімдері қойылған. Мұнда Samsung-ті тұрмыстық техника бөлімін құруға шабыттандырған Maytag электр кір жуғыш машинасы мен Hoover шаң­сорғышы да табылады. Бұл жерде, тіп­ті өткен ғасырдың тарих еншісінде қал­ған компанияның алғашқы қалта телефон­дары, соның ішінде IBM Simon personal Communicator қалта ком­пью­тері, Samsung SCH-V200 камерасы мен Motorola Startac флип-флопын да ке­зіктіресің. 1999 жылы Samsung шығарған Watch Phone функционалды сағатын тағу бір кездері Қазақстанда да ерекше сән болып еді.

Тарихи жәдігерлердің арасында Джон Логи Бэрд жасап шығарған, ең алғаш сатылымға 1930 жылы шыққан алғашқы коммерциялық теледидар да бар. Ал 1975 жылдан бастап шыққан Econo ақ-қара теледидары Samsung-тің энергия тиімділігі арқасында теледидар нарығындағы алғашқы сәтті өнімдері­нің бірі атанған. Осылайша, үш жылдан кейін компания Корея нарығының ­40 пайыздан астамын жаулап үлгереді. Ал Samsung Galaxy S II 40 миллион дана­дан астам сатылған компанияның өте сәтті смартфоны болып саналады.

Үшінші зал Samsung компаниясы­ның B2B шешімдері мен «Ақылды үй» санатындағы өнімдеріне ар­нал­ған. Оңтүстік Кореяның жетекші ком­паниясының тарихы мен философия­сы туралы сыр шертетін тарихи зал, әр экспонат туралы ақпарат беретін мөлдір, интерактивті экрандар, 4K ажыратымды және 180° көрінісі бар әсерлі панорамалық экран – осының барлығы Samsung-тің инновациялар арқылы әлемді қалай жақсарта түскені туралы сыр шертеді. Сол себепті де болар SIM мектеп оқушылары экскурсия жасайтын жай ғана музей емес, бүкіл корей ұлтының мақтанышына айналған мекен болып саналады. Өйткені мұнда технология әлемінің өткені мен бүгіні ғана бейнеленбейді, мұнда тұтас бір ел тарихының жүріп өткені даңғыл жолы жатыр.

ТҮЙІН. Бүгінде Samsung корпора­циясының 300 мыңдай қызметкері әлемнің 70-тен астам елінде жұмыс істейді. Құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін бір ғана философияны ұстанып келе жатқан бренд «Әлемді жақсартуға көмектесетін тауарлар мен қызметтерді өндіру» дейтін бағытынан алшақтап кеткен емес. «Бұл мақсатқа жету үшін технологиялық және адами ресурстарды пайдалану қажет», дейді корпорация әкімшілігі. Ал оны жүзеге асыру үшін қызметкерлердің біліктілігін үнемі арттырып, оларға жақсы еңбек жағдайын жасау, талантты мамандарды іздеу әрі қатарға қосу – міне, тарихы шағын ғана отбасылық кәсіпорыннан басталып, са­наулы жылда трансұлттық корпора­ция­ға айналған Samsung-тің басты кодексі осындай.

 

АСТАНА – СЕУЛ – ПУСАН – АСТАНА