• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Қараша, 2022

Қос әңгіме баяны

245 рет
көрсетілді

Сенека: «Денесін шынықтыратын адамдар көп, жан дүниесін жетілдіретіндер өте аз» депті. Шын мәнінде, өмір бойы өзімен күресіп, ізденіс соқпағымен өмір сүретіндер сирек. Сондықтан да болар кейбір адамдардың жаны ұсақ уайым мен жүйесіз әдеттерге қамалған. Әрине, «өзінің кемшілігін білмейтін адам, оны болдырмауға тырыспайды». Рухани сарайын әлдеқашан бақылаудан қалған пенделер – дертті, күйкі жандар.

Антон Чеховтің «Чинов­ник­тің ажалындағы» Червяков бейнесі күлкілі һәм қасіретті. Өзінен мансабы жоғары адамдарды ғұмырдың тетігін ұстаған алпамсадай көретін төменшік әдет бар. Чехов қасаң мінезбен қаруланған кейіпкерінің болмысын аямай сын тезіне салып, әжуалай отырып суреттейді. Сонымен әңгіменің әлқиссасы «білдей бір мекеменің шаруа­шылық жағын күйттейтін» қыз­меткері Червяковтің түшкі­рі­гінен басталады. «Червяков те қысылған жоқ, орамалын алып сүртініп, көргенді кісілеріне түш­кірем деп емес, біреу-міреудің мазасын алған жоқ па екем деп жан-жағына көз тастап еді, зәресі зәр түбіне кеткені. Сөйтсе, тап алдындағы бірінші қатарда отыр­ған кәрі кісі әлдене деп мің­гірлеп биялайымен мойнын, маң­дайының қасқасын сүртіп жатыр екен. Ол кісінің қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс генерал Бризжалов екенін Червяков бірден таныды». Өз ісіне қысылып-қымтырылған кейіпкер «Мәртебелі тақсыр, байқаусызда түкірігім шашырап кетті білем, кешірерсіз» деп сыбырлап кешірім сұрайды. Мұнан соң тағы да сөзін қай­талап, жалынғандай болады. Генерал Бризжалов мазасын алмауын өтініп, тыңдауға кедер­гі келтірмеуін сұрайды. Үзіліс кезінде мәймөңкелеп тағы да генералды айналсоқтап біраз жүреді. Тіпті Червяков әлдене­ше рет кешірім сұрап, қысыла түсе­ді. «Тіпті сөйлескісі де келмей­ді. Ешқандай арам пиғылым болмағанын әбден түсіндіруім керек еді... табиғаттың заңы осындай болғасын қайтесіз енді... үстіме түкіріп қорлағысы келді деуі де мүмкін-ау. Қазір ойла­мағанмен, кейін ойлайды ғой...» Үйіне жетіп, түнімен сарсаң ойға түскен Червяков тыныш ұйық­тай алмайды. Ертесіне тағы да Бризжаловқа келіп, ескі әніне салып, жалбарына кеші­рім өтінеді. Ашуға булыққан гене­рал «Жоғал!» деп бақырып, кең­сесінен қуып шығады. Ішіндегі әлденесі үзіліп кеткендей болған дәрменсіз Червяков үйіне жетіп, диванға құлай кетеді де қаза табады. Әңгімені алғаш оқығанда езуге күлкі тығылады. Шынында, Червяков секілді адамдар біздің қоғамда аз емес. Ақыл-білімі үнемі жаңарып отырмаған соң шен-шекпенді мен мансабы жоғарыға ессіз бас ұрып, жақсы мен жаманды айыра алмайтындар шаш етектен. Сірә, мінез байлығы дегеніңіздің өзі үлкен дәреже. Егер жиған білім мінезді байыта алмаса, онда оқығанды қорыту барысы дұрыс емес.

Жазушы Төлен Әбдіктің «Қайыр­­сыз жұма» атты әңгі­ме­сіне арқау болған жайт – қыз­метті өмірдің тұтқасы көрген Әбен Ілиясовичтің аянышты тағдыры. Әбен мырза қызметтен кеткенде айнала тұнжырап, ортасы опырылған шаңырақ­тай халге түседі. «Астаң-кестең бол­ған жан дүниесі енді үй ішіне ауысатынын, оның да осылай астаң-кестең болатынын, бұ­рынғы ұғым, бұрынғы көңіл күй, бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлде бірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті. Ол тіпті жайшылықта «ертең министрліктен түскенде» деп жол­­­дастарының алдында емін-еркін қалжыңдап жүрсе де, шын­туайтқа келгенде, дәл мынандай бар үмітін үздіріп, бар жарықты сөндіретінін сезген жоқ еді. Және осы бір үрейлі сезім бірте-бірте басылудың орнына барған са­йын, өзінің қандай жағдайға тап болғанын түсінген сайын жан дүниесін талқандап, кесепат дауылдай үдей түсті».

Иә, ойлап отырса Әбен мыр­за­ның досы да, жақын жанашыры да жоқ болып шығады. Алысты көзбен шолып, өткен мен кеткенді таразылап жанына тиянақ болар нәрсе таба алмай дал болады. Әйеліне бажайлап қараса, өзінен гөрі қызметін қат­тырақ құрметтейтіндей сезі­леді. Қызмет, қызмет деп жү­ріп жалғыз баласының жай-жап­сары мен тәрбиесіне де жеткілікті назар сала алмапты. Мектепте сабағынан, институт­та оқуынан ақсаған баласы ішім­дікке үйір болып, төбелеске ара­ласып, ісі сотқа барып әуре-сарсаң бо­лып жүргені. Бар жастығы мен бой­дағы қуатын салған қыз­меті болса өзін тастап кете бар­ды. Жазушының кейіп­кер­дің психологиялық күйін, күйкі сезімін көрсетуі терең ше­берлікпен берілген. Әбен Ілия­совпен бірге өзіңіз опық жеп, өмірден түңілгендей жағдайға душар боласыз. Ақыры дегбірі қашып, өмірінен мән кеткен Әбен мырза аңдаусызда көз жұмады. Оған қайғырып, еңсесі түскен әйелі болмайды.

Шынында, Толстой айт­қан­­дай «тән үшін сүрген өмір азап шектіреді». Төлен Әбдік­тің көтерген негізгі идеясы кісі­ні жан-жақты ойлануға мәж­бүрлейді. Гай Цезарь бір адамды құлдыққа алғанда, құл патшадан өлім тілейді. Сонда Цезарь: «Сен қазір өмір сүріп жүрмісің?» деп жауап қатады. Шынында, «қоғамның қолында иленген балшығына айналып», «заманына күйлеген» адам ісі қай кезде де құмға жұтылған тамшыдай ізсіз жоғалмақ. Адам болу, шынайы өмір сүру – жай ғана айтылған пәлсапа емес. Қолдан жасалған заттар мен қызылды-жасылды баянсыз құндылықтардың құлы­на айналған ойсыз пенделер түбір­сіз қаңбақ секілді надандық­тың қара құрдымына жұтылмақ. «Бізге дейінгі де, бізден кейінгі де уақыт біздікі емес екенін» ескерсек, тереңнен қарағанға адам баласының алдында екі-ақ жолдың басы қылтияды. ­ Я адам­шылық жолы, я надандық құрдымы.

Жоғарыда келтірілген екі әңгі­ме де мәңгілік тақырыпты ар­қау еткен шығармалар. Шығар­маның салмағы да қартаймас тақы­рыбымен, өміршең сұрағымен өлшенсе керек.