Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жас тарихшы-ғалымдардың ұйымдастыруымен «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі жаңа деректерде: зерттеу проблемаларына» арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны институт директоры Зиябек Қабылдинов ашып, кейінгі жылдары Ресейдің архив қорларынан алынған жаңа тарихи деректер негізінде жүзеге асып жатқан зерттеуге тоқталды.
Жиын модераторы, институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев қазақ тарихындағы хандар, сұлтандар, батырлар өмірі мен қызметін зерттеудегі ғалымдар еңбегіне тоқталып, тарих қойнауынан жаңа аршылған дерекке бай мазмұнды қордың ерекшелігін атап өтті.
Алқалы жиын барысында сөз алған Түркияның Мимар Синан университеті профессоры, тарих докторы Әбуақап Қара тарихшылар тарапынан қолға алынған зерттеулердің маңызын атап өтті. – «ХХІ ғасыр – түркі тарихының ғасыры». Түркі тарихының ғасыры деудің себебі, жаңа деректер енді жарыққа шығып жатыр. Ал түркі тарихы әлем бойынша терең зерттеуді талап етеді. Соның дәлеліндей, Ресей архивтерінен алынған қазақ тарихына қатысты деректердің пайдасы зор. Қазақ хандығына қатысты мәліметтер де осы зерттеудің бір парасына айналады, – деді түркиялық ғалым.
Институттың Бішкек қаласындағы филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Байдилдеев Ресей архив материалдары негізінде әзірленген жинақтар осы ауқымды жобаға серпін беретінін, хандар, сұлтандар, батырлардың жүріп өткен жолы өскелең ұрпақ үшін ғана емес, бүгінде ел басқарып отырған мемлекеттік тұлғаларға да қажетті екенін жеткізді.
Институттың бас ғылыми қызметкері, профессор М.Әбдіров қазақ арасынан шыққан Ресей офицерлері мен генералдары туралы баяндама жасады. XVII-XVIII ғасырлардағы ойраттың әдеби-тарихи ескерткіштеріне қатысты деректермен Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы В.Тепкеев бөліссе, тарих ғылымдарының докторы, профессор О.Мұхатова «Жаңа замандағы Қазақстан тарихын зерттеу проблемаларына» қатысты зерттеулермен таныстырды.
Жиында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ҰУ профессоры Т.Чоротегин ХІХ ғасырдағы қырғыз-қазақ мәдени байланыстары туралы айтып өтті. «Қожаберген Жәнібекұлы – Абылай ханның сенімді серігі және сардары» тақырыбына баяндама жасаған профессор С.Борбасов ғылыми орта үшін тың деректер келтірді. Тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Шашаев Әлмерек батырдың өмірі, қазақ-жоңғар соғысындағы ерлігіне, ал тарихшы Р.Оразов ұлт-азаттық күрес, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына қатысты тың мәліметтерімен бөлісті.
Конференция барысында «Жизнь и деятельность казахских ханов, султанов, батыров XVIII в. – первой половины XIX в. Сборник архивных документов и материалов» архив жинағы және үш тілде жарыққа шыққан «XVIII ғ.-XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі» ұжымдық жинақ таныстырылды.
Жинақта Омбы облысының тарихи архиві, Орынбор облысының біріккен мемлекеттік архиві, Ресей империясы сыртқы саясаты архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Ресей мемлекеттік тарихи архиві, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер архиві сынды мұрағаттарда сақталған XVIII ғ. – XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандардың, батырлардың және басқа да әлеуметтік топтарға қатысты материалдар ұсынылған.
Монографияда қазақ қоғамындағы хандық билік, сұлтандар, батырлар институты зерделенген. Абылай, Уәли, Кенесары хандардың ішкі және сыртқы саясаттағы қызметі, қазақ сұлтандарының қоғамдағы, көрші мемлекетермен қарым-қатынастағы рөлі, сонымен қатар Сырым, Құлсары, Саржан, Есет, Жанқожа, Жоламан батырлардың тұлғалық ерекшеліктері, өмірі мен қызметінің беймәлім қырлары архив деректері негізінде сараланды.
Қазақ хандары, сұлтандары мен батырларының өмірі мен қызметін зерттеуге жас ғалымдар да тартылған. Жиын соңында қарар қабылданып, монография мен құжаттар жинағын кітапхана, архив, музей, ғылыми-зерттеу ұйымдарына тегін үлестіру ұйғарылды.
АЛМАТЫ