Өңірде жыл құстарының санағы жүріп жатыр. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен LIFE еуропалық комиссиясының «Қауіпсіз ұшу жолы» жобасы аясында атқарылып жатқан мониторинг шаралары барысында Науырзым қорығын жаздай мекен еткен қызыл кітапқа енген құстардың 9 түрі анықталған.
Санақ негізінен аңшылық шаруашылықтардың аумағында жүріп жатыр. ҚБСҚ мамандары бұл аумақтар арқылы шамамен неше жыл құсы ұшып өтетінін анықтаумен қатар, қорықшыларға қаздар мен қараша қаздардың сирек кездесетін қандай түрлері барын, аулауға рұқсат етілген қаздардан оларды қалай ажыртауға болатынын түсіндіруде.
Мониторинг барысында Қостанай облысы Қамысты ауданындағы ірі суқоймаларына қонған қаз тұқымдас қанаттылардың 45-47,5 пайызы сирек кездесетін қызылжемсаулы қарашақаз бен шиқылдақ қаздар екені анықталған. Қорықшылар қызыл кітапқа енген құстардың көбеюі күзде заңсыз жортуылға шығуды әдет еткен браконьерлердің жиілеп кетуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Мамандардың бұлайша алаңдауы әбден орынды, өйткені таяуда ғана қызылжемсаулы қарашақаз атуға шыққан бірнеше браконьер ұсталды.
Мамандардың айтуынша, жыл құстарының жолында жатқан су қоймаларының жай-күйі де мәз емес. Биылғы жаз ыстық, топырақ құрамында ылғал аз болғандықтан, Қамысты және Науырзым аудандарындағы көлдердің суы тартылып кеткен. Осылайша, жыл құстары тайыз көлдерге, түбіне көлшік тұнған шағын шұңқырлар мен тоғандарға қонуға мәжбүр болған.
– Мұндай жағдайда олар аса қорғансыз болады. Көлдердің кебуі қыста қардың, жазда жауын-шашынның аз мөлшерде түсуімен байланысты. Алайда су қоймаларының құрғай бастауына ауыл шаруашылығының да әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары жергілікті фермерлер егінді шектен тыс көп еге бастады. Ал егін алқаптары еріген қар суының қалыпты ағынына бөгет жасайды. Сол себептен осы аумақтағы біз бақылаған 14 су қоймасының сегізі құрғап кеткен. Олардың көбі халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аумақ болып саналады, – дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының орнитолог-маманы Алексей Тимошенко.
Санақ барысында қызылжемсаулы қараша қаздан өзге Қостанай облысы арқылы ұшып өтетін жыл құстарының 20 түрі анықталған. Олардың ішінде ақбас қаз, аққу, үйрек, қасқалдақ сияқты қанаттылар бар.
Қостанай облысы