• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Қараша, 2022

Роза Аманова: Қазақ елін ерекше қадірлеймін

370 рет
көрсетілді

«Мен сені сағынғым келеді». Осы бір сыршыл да әуезді әні арқылы тыңдарманның жүрегіне жол тауып, талай жанның рухани жақынына айналған Роза Аманова тек қырғыз елінің ғана емес, қазақ халқының да шексіз махаббатына бөленіп келе жатқан бақытты әнші. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі де дәл осы жанға қаратып айтылғандай. Қырғыз Республикасының халық әртісі, Тоқтағұл атындағы Қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, этномузыкатанушы, өнертану докторы, профессор, Қырғызстан бойынша әйелдер арасындағы жалғыз дастаншы, қомызшы, сазгер, әнші, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы – бір басына мың-сан өнерді тоғыстырған талантты тұлғаның жүрек қылын шертер тағылымды әңгімелері де әсерлі. Астанада өткен Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында талайды тамсандырған өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміздің әлқиссасын да әнші төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас қос мемлекеттің мызғымас достығы мен тереңнен тамыр тартар тіні бұзылмас туыстығынан бастады.

Әнші айтады: – Маған «Қай ел жүрегіңе жақын?» деп жиі сұрақ қояды. Сонда ойланбастан қазақ елі деп жауап беремін. Неге? Өйткені қазақ – мәдениеті, музыкасы, фольклоры, тіпті аңыз-әңгіме­сі жағынан бізге жақын ел. Жан­дүниеміз бен руханиятымыз да бірге тыныстап тұрғандай. Кешегі өткен Қатаған мен Сүйінбай, Тоқ­тағұл мен Жамбыл, Шоқан Уәли­ханов, Мұхтар Әуезов пен Шың­ғыс Айтматов, Мұхтар Шаха­нов сынды таутұлғалардың қай-қай­сысы да екі елдің рухани, әде­би-мәдени байланысының жар­қын үлгісіндей, біртуған бауыр­ластығымыздың көнеден келе жатқан көркем көрінісіндей. Атал­ған қайраткерлердің екі ел­дің мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Ол турасында аңызға бергі­сіз әңгіме айтуға болады. Күні бү­гін­ге дейін сол рухани берік байла­нысымыздың үзілмей, керісінше жылдармен бірге жанданып келе жатқаны жүрекке керемет шаттық сыйлайды. Өзеннің егіз сағасы, қыздың қос бұрымындай қатар жасасқан екі елдің мәдени өмірін, ағайындық ағеділ пейілін ешкім, ешқандай күш өзгерте алмаса ке­рек. Лайым солай болсын деп тілей­мін. Күні кеше Астанада өткен Қырғыз елінің Қазақстандағы мә­дениет күндері де сол мызғымас мәң­гілік достығымыздың, бұзылмас бауырластығымыздың жарқын үлгісіндей көңілге тамаша жақты. Осы бір қасиетімен де Қазақстан маған ерекше жақын, айрықша ыстық.

Мен ойладым: Шынымен де, әншінің ә дегеннен қазақ елі жайлы бұлайша тебірене толғануының мәні тереңде. Ол ең әуелі бабалардан жеткен рухани бауырластық шарапаты болса, екінші жағынан өнер иесінің өзі де өмірінің ең бір сәулелі шақтарын Алматыда өткізіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын тәмамдап, әнші­лікпен қатар ғалымдық жолдың да соқпағын қатар игеруінде жатса керек. Сонда жүріп қазақ ішінен талай жаны ізгі, адал дос тапты. Талантты ортада ғылыммен айналысып қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан да іргелі ізденістерге бастамашы болған талай сәтті жобаларды іске асырды.

Әнші айтады: – Қырғыздар ­дәс­түрлі әнді салтты музыка деп атайды. Менің әу бастағы мамандығым – қомызшы. Бірақ бір ғана саламен шектеліп қал­май, бойдағы бар дарынымды, қабілетімді сарқа пайдаланғым келді. Сол үшін де ғылым жолы­на келдім. Тарихқа бай тамырлы өнерімізді зерттесем, шаң бас­қан архивтерде жатқан құн­дылықтарымызға жан бітірсем деген асқақ арман Алматыға алып келген болатын. 1998 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлт­тық консерваторияны бітірдім. Профессор Саида Еламанқызы­ның шеберханасында тәлім алып, этномузыкатану саласындағы білімім­ді толықтырдым. 2006 жылы «Қыр­ғыздың ұлттық музыкасы» де­ген тақырыптағы диссертациямды сәт­ті қорғап шықтым. Ғылыми жұмы­сымда жанр өзгешелігі, клас­­сификациясы туралы бірқа­тар мәселе көтердім. Фольклордағы мы­салдардың ұлттық музыкамен үн­десін, айырмашылығын да зерт­тедім. Әлі есімде, сонау бір жылы Алматыға оқуға өз көлігіммен кел­дім. Сонда қиялымдағы Роза ақбо­зат­қа мініп менің алдымда кетіп бара жат­қандай сезілді. Осы ғаламат әсер «бұл қадамымның соңы қандай болады, алдымда не күтіп тұр?» деген санамдағы сеңдей соғылысқан сан сауалға нүкте қойғандай болды. Күмән сейіліп, бойыма сенімділік орнады. Кейін осы сапарым туралы «Алматыға бара жатқан қыз» деген ән жаздым. Сол әнімнің астарында Тоқтағұл менен Жамбылдай, Кенен менен Әсеттей, өнер мен шығармашылықты өз шыңында алып жүретін өнер адамы болсақ деген тілек жатқан еді.

Мен ойладым: Талант топы­рақтан дариды деген сөз рас болса керек. Қырғыз Республикасының халық әртісі Роза Аманованы өмірге әкеліп, бар асылын дарыт­қан киелі өлке де қасиеттен кенде емес. Тоқтағұл, Ешманбет, Бек­назар, Қорғол, Тууганбай, Сей­дана сынды өнерпаздарды тудыр­ған Кетмен-Төбеде өмір есігін ашқан өрелі жанға туған өлкенің киесі қонса керек, жастайынан жалындап, жанып тұрған жас дарын өнер әлеміне ерте араласып, шығармашылықтағы шуақты жолын қалыптастырды. Ән әлемінде өзінің ғаламат дауыс, қайталанбас қолтаңбасымен көп ішінен дараланса, ғылым жолында қомыз күйлеріндегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін зерттеп, зерделеуі шын мәніндегі өнердің үлкен жаңалығы болғаны анық.

Әнші айтады: – Жастайымнан арманшыл болдым. Бала кезімде көк аспанда бұлттардың қозғалғанын тамашалағанды жақсы көретін­мін. Олар маған төбешік арасында жиын өткізетіндей көрінетін. Сол жиынға өзімнің қатысқаным­ды, сөз сөйлегенімді елестетемін. Әлі күнге дейін сол аспан түсіме кіреді. Сондай сәтте балалық ша­ғым­ды, өскен ортамды, ата-анамды сағынамын. Сол сағыныш ма­ған шабыт береді, содан жаныма қуат аламын. Тек деген сөзді жақ­сы айттыңыз. Туған жерім­нің қасиетінен бөлек, менің тегім де тегін емес. Әкем жағынан да, анам жағынан да әншілік өнер қатар дарыған. Нағашы атам Асан Аманов жиені болғаныма қара­мастан, мені өз атына жаздырып алған. Өмірден ерте кеткен ұл­дарының орнына ұл көріп, бала кезімнен тілеуімді тілеп, үкілеп өсірді.

Ал енді өзіңіз айтқан ғылыми ізденіс­теріме келсек, қомыз күйле­рін­дегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін жан-жақты зерттеп, осы тақырыпта 2017 жылы докторлық диссертациям­ды қор­ғадым. Қомыз күйі шебер­лерінің арқасында бізге түрлі қағыс жеткен. Сол кісілермен кез­десіп, мәлімет жинау арқылы оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін қағазға түсірдім. Бұған қомыздағы «қол биі» деп атау берсек болады. Себебі мұнда мнемотехника мен синкрезис бар. Ол музыканың бірегейлігін білдіреді. Көбіне еліміздегі қомыз күйлері, қағыс түрлері Ниязалы мектебінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Оның айтуынша, қолдың әр қимылының мағынасы бар. Мысалы, ертеректе аңға шыққан қырғыздар жемтікті үркітіп алмау үшін бір-біріне қолмен ымдап сөйлеген. Байқасақ, сол кездегі ым-ишараттар қомыз күйлерінде сақталып қалған. Негізінен осы тұжырымдар ғылыми жұмысыма арқау болды.

Мен ойладым: Иә, сағыныш деген ұлы сезім – әнші Роза Амано­ваның шығармашылығының өзегі десе де болғандай. Ол балалық шағына, ата-анасына, сүйген жар мен бала-шағасына деген махаббаттан басталып, күллі шығар­машылығында тамаша көрініс береді. Оның айқын дәлелі – ел сүйіп тыңдайтын әншінің әйгілі «Мен сені сағынғым келеді» туын­дысы. Бұл әннің әнші шы­ғар­машылығынан алар орны айрықша. 25 жасында өмірге келген туынды Роза Амановаға ерекше танымалдылықпен қатар, «Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атақты да қоса әкелді.

Әнші айтады: – Біз ыр дей­міз, сіздерде ән. Бұл әнге биыл 25 жыл болады. Осы әнім үшін 25 жа­сымда «Қырғызстанның еңбек сіңір­ген әртісі» атандым. Әннің сөзін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық ақыны Анатай Өмірханов жазған. Шын мәнінде, бұл әннің өзі де, тарихы да, тағдыры да мен үшін өте қымбат. Неге десеңіз, бұл шығарма үлкен махаббатпен байланысты. Сол жылдары өмірік жарыммен жолығып, ға­ламат бір ғашықтық хикаясын басы­мыздан кешіп жүргенде жан дүниемнің көрінісіндей болып осы бір ән өмірге келген еді. «Жүректен шыққан дүние жү­рекке жетеді» деген рас шығар, әнім ел арасына тез тарады. Аз ғана уақыт ішінде халық сүйіп тыңдайтын әнге айналды. Бүгінде, міне, ширек ғасыр өтті, бала-ша­ғалы болып, ұл-қыздарымызды тәрбиелеп отырмыз. Ән де, сезім де ескірген жоқ. Керісінше, жылдармен бірге жанданып, жаңарып келе жатқандай көрінеді. Ал бұл әнді ең алғаш қазақ еліне таныстарған журналист, қазіргі сенатор Дана Нұржігіт болатын. «Хабар» телеарнасы арқылы тараған туындымды қазақтың қалың көрермені де зор ықыласпен қарсы алды. Қазақ бауырлардан осы ән тура­сында көп жылы сөз естідім. Әрбір жылы лебіз бен мемлекет тарапынан беріліп жатқан атақ-марапаттың барлығы маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Атақ алдым, атақты болдым деп мас­танып кетпей, керісінше сол бағаға лайықты қалыбыңды сақ­тап, тыңдарманыңа өрелі өнерің­ді ұсына алсаң, меніңше, әнші үшін одан асқан бақыт жоқ. Келесі жылы сахнада жүргеніме 35 жыл толады екен. Осы мерейлі оқиғаға орай екі елде өнер жолымнан жан-жақты сыр шертетін мазмұнды шығармашылық кешімді өткізсем деймін.

Мен ойладым: «Әннің де ес­тісі бар, есері бар» деген Абай­дың әншіге де, тыңдарманға да қояр талабы таудай. Заман өзгер­ді, тыңдарман талғамы осы екен деп, жеңіл әуенге бас қоймай, керісінше дәстүрлі өнердің көсе­гесін көгертіп, көпшілік арасында кеңінен насихаттап жүрген әншінің қырғыздың ұлттық өнерін насихаттау жолында ғана емес, ән тарихын зерттеп-зерделеп, оны келер ұрпақтың қажетіне жарату жолында да сіңіріп жатқан еңбегі ерен. Сахнада ән салып қана қоймай, оны ғылыми тұрғы­дан тұжырымдап, түйіндеуде де ат­қарып жатқан жұмыстары мақта­нуға һәм мақтауға тұрарлық. Мұның барлығы қырғыз елінің рухани мұрасына қосылып жатқан теңдессіз олжа екені және даусыз.

Әнші айтады: – Жақында ғана Бельгияда өткен өнер симпозиумына қатысып қайттым. Симпозиумды халықаралық дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес ұйымдастырды. Аталған кеңес 1947 жылдан бері ЮНЕСКО-ның қолдауымен жұмыс істейді. Кеңес төңірегінде түрлі топқа бөлініп, тақырып талқылаймыз. Кезекті жиын архив материалдарына арналды. Дәстүрлі музыка үшін архив материалы нағыз құнды қазына. Мысалы, өзім архив материалын білім беру бағытында қолдану туралы баяндама жасадым. Әрине, оқушылар дәстүрлі өнерді насихаттап жүргендермен тікелей сұхбаттасса жақсы. Бірақ олардың көбі бұл дүниеде жоқ. Сол үшін архивтегі бейне, жазба, ән – құндылық мәнін түсіну үшін таптырмас құрал. Аталған симпозиумға қатысқанымда бір дүниеге тағы да көзім жетті. Дәс­түрлі ән тек ұлттың өнердегі бой­тұмары ғана емес, тілдің шұрайын, мәйегін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуші халықтың нағыз рухани қайнар көзі болып отыр. Әсіресе қырғыз халқы үшін мұның маңызы зор. Дәстүрлі музыканы насихаттап жүргендер ұрпақтар сабақтастығын сақтағаны жөн. Бірақ олар еркін жұмыс істеп, өркен жаюы үшін мемлекет ұлттық өнерді қанатының астына алғаны абзал. Егер қандай да бір осыған қатысты мемлекеттік бағдарлама болса, дәстүрлі ән өкілдері өзінің маңызды тұлға екенін сезінуі керек. Неге? Себебі саф өнерді ғасырдан-ғасырға таратып, жаңғыртып жүр­гендер тек қошеметке лайық. Бұл – Мәдениет министрлігінде қара­лып, Үкімет назар аударатын өзекті мәселелердің бірі деп санаймын.

Мен ойладым: Әдетте өнер адам­дарының сахна мен ғы­лым­ды қатар бағындырып, шығар­ма­шылықтың қай саласында да бірдей жетістікке жететіні сирек. Жетіп жатқан күннің өзінде де ол ізденушісінен есепсіз қажыр-қайратты талап етері және анық. Ал соны өз биігінде бағындырып, қай саланың да мұзартына шығу – тек мықтылардың ғана үлесіне бұйырған нығметі мол несібе бол­са керек. Бұл тұрғыдан келген­де Роза Аманова бақытты жан. Сахнадағы шығармашылық жолы мен ғылымдағы ізденісін де жемісті игеріп, әйел, жар, ана ретінде де шынайы бақытқа қол жеткізе алған әншінің әрбір әрекеті мен жеңіске толы жетістігінің артында есепсіз төгілген маңдай тер мен қыруар қажыр-қайраттың жатқаны сөзсіз.

Әнші айтады: – Өнер жолы – қиын жол. Әсіресе шығармашы­­лық пен отбасын қатар алып жүр­ген әйел заты үшін өнердің сал­ма­ғы зіл батпан. Бірақ соған қарамас­тан, жолыңда кездескен қиындық­тың бәрін еңсеріп, қатарыңнан жарқ етіп шыға алсаң – ол жеңіс­тің дәмін сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Әйтсе де уақыт, өмір ағысы, күйбең тіршіліктегі жағдай мен жолдардың түрлі ойға жетелейтіні даусыз. Сол үшін халқымыз «ке­рексіз ойдан сақта» деп бекер айтпаған. Мұны неге айтып отыр­мын? Шығармашыл ортада жүр­ген әйелдерді табиғаттан бөліп қарау мүмкін емес. Табиғаттың төрт мезгілі де әсерлі. Әр мезгіл жанға өзінше шуақ сыйлайды. Табиғаттың өзі ағартушы еке­нін, онымен үндестікте өмір сүру үл­гісін көшпелілер өркение­тін құрған ата-бабамыздың жүр­ген жолынан аңғарамыз. Алла­ға шүкір, менің бағыма орай тағды­рыма шығармашылығымды түсініп, қолдайтын, үнемі демеу білдіруге әзір тамаша жар бұ­йыртты. Ақылды балалардың анасы атану бақытына ие болдым. Шығармашылық жолымда да жаны ізгі жақсы жандарға жолықтырған Жаратқанға алғысым шексіз. Жаныңды түсінетін жақсы адамдардың ортасында жүрсең, жаныңа құйылар жігердің де қуаты мықты болмақ. Мен сол шарапатты отбасым мен өнердегі жақындарымның, достарым­ның қолдауынан анық сеземін. Со­ның ішінде, әсіресе Алматыда жо­лық­­тырған достарымның орны бөлек. Олар мемлекетте шекара бол­ғанымен, өнерде шекара жоқ еке­нін дәлелдеп жүрген нағыз та­лантты жандар. Өз басым консерваторияда бірге оқыған курстас­тарыммен қарым-қатынасымды үзгенім жоқ. Қазір өнерде бірге жол салып жүрміз. Соның бірі де бірегейі – бірге оқыған жақын құрбым Елмұра Жаңабергенова. Бізден бір курс төмен оқыса да Бағлан Бәбіжан, Айгүл Байбек, Раушан Малдыбаеваны да ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосановамен шығармашылық байланысымыз берік. Қызығы сол, қырғыз қыздары да Роза Рымбаева мен Бағдат Сәмедино­ваны өнердегі әпкеміз деп атайды. Одан бөлек, Майра Ілиясова Қазақстанда қандай да бір мере­келік кеш ұйымдастыра қалса, үнемі мені шақырады. Өзім де бауырлас елге барып ән шырқап, арқа-жарқа болып қайтқанды жақ­сы көремін. Алдағы уақытта да бұл шығармашылық байланысымыз үзілмей, керісінше қарыштап дами береді деп сенемін. Осыған қатысты бірқатар жобаны жүзеге асырсақ керемет болар еді. Алайда дәстүрлі өнер, ән әлемінде екі елдің музыкадағы ерекшелігін, мәдени байланысын жеткізетіндей дүние әлі өмірге келмеді. Соны жан­дан­дырсақ деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»