• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Қараша, 2022

Мінез

387 рет
көрсетілді

Әдебиет айдыны сан түрлі мінездер тоғысы іспетті. Жеке тұлғалар тума мінезі арқылы танылмақ, мінезі арқылы өзгеден ерекшеленбек. «Иір-шиыр көшесінде Мәскеудің, кім біледі жазым болар жазған бас...» деген өлеңді оқығанда ерке, адуын, тентек мінезді Есенин бірден ойға оралады. Ал «Айдарымнан сипап өткен самалды, қазағымның алақаны деп білем!» деп шегелей, қолмен қойған кірпіштей етіп жазылған жыр жолдарының мінезінен Қадыр ақын сұлбасы қараңдайды.

Сырбаз жазушы Иван Буниннің мінезіндегі өзгешеліктер жөнінде көбірек жазылады. «Арсеньевтің өміріндегі» арманшыл кейіпкер бейнесі – автордың өз мінезі, өз өмірі. Асқан сезімталдықпен бірге тік қайрат, қаталдығы бар Бунин ақылсыз сөзуарларды, тәнін ғана асыраумен өмірі өткен бейбақтарды қатаң сынап отырады. «Ежелгі адам» атты әңгімесінде мазмұнсыз тірлік кешіп, жүз сегіз жасқа толған қарттың аузына «биттеп өлуден қорқамын» деген кекесінге толы ащы сарказм сөзді салады. Замандастары Буниннің зәредей жалғандық көрсе, шыдап тұра алмас қызба мінезі жайлы жиі жазады. Жазушы Одоевцевке жазған хатында: «Мінезім ауыр. Өзгелер үшін ғана емес, өзім үшін де қаталмын. Әрине, бұл маған жеңіл соқпайды. «Ақын бақытсыз болуға тиіс», деген Малларме жөн айтады. Ал мен... не десек те алдыменен ақынмын. Ақын! Ал содан соң ғана прозаикпын» дейді шамдана. Поэзия мен прозаның түбірі бір екенін ескерсек, екі жанрда да Бунин кеңістікті аса сергек, сезімтал, ақын жүрегімен бақылап, оқырманға ұсына білді.

XX ғасырдың алып феноменінің бірегейі, данышпан Толстойдың мінезі замандастарын әрі-сәрі етеді. Максим Горкий Толстой жайлы естелігінде жазушының мінезін әртүрлі қырынан суреттейді.

«Ол ауыр әрі жымысқы сұрақтар қойғанды сүйеді. Өзіңіз жайлы не ойлайсыз? Әйеліңізді жақсы көре­сіз бе? Сіздің ойыңызша, менің ұлым Лев талантты ма? Сізге Софья Андреев­на ұнай ма? Оның алдында өтірік айтуға болмайды. Бірде ол: «Алексей Максимович, сіз мені жақсы көресіз бе?» деп сұрады». Міне, Арыстан атайдың ойнақы сөзі мен орашолақ мінезінің бір қыры. Біздіңше, Толстой – Құдайға ұқсауға талпынған адам. Бұл идея Інжілде кездеседі. Сондықтан да мінсіздікке ұмтылып, құдіретті адам болуға үздіксіз ұмтылған. Тургенев: «Лев Николаевичтің ұлы адам болуына бір-ақ нәрсе жетпейді. Ол – кемшілік», дегені көп жайдан хабар берсе керек. Ал жазушы ақиқатқа келгенде алдына жан салмас, кісінің бет-жүзіне қарамас бірбеткей. Чехов жайлы: «Мен сіздің қаһармандарыңызға еріп қайда барамын? Қонақ күтетін бөлмедегі орындыққа дейін бе? Сіздің кейіпкерлеріңіздің басқа барар жері де жоқ», десе, Тургенев жайлы: «Тур­генев суын шетелден тасып әкеліп құйған фонтан секілді: сарқылып қала ма деп қорқып отырасың», дейді. Ал Горкий жайлы «Сіз бәрібір кітабисіз», деп мәселені төтесінен қояды.

Лермонтовтың өлеңдері паңдық пен қою мұңға бөккен. Ақынның мінезін нақты суреттеп айту қиын. Орыс зерттеушілері «күрделі болмысты» тұлға деп баға берген ақын мінезінде қаталдықпен бірге мейірім, ашушаңдық пен романтикалық көңіл күй қатар өрілген деседі. Лер­монтов кекесінге толы әзілдерімен айна­ласындағы адамдарды араша шағуға құмар болған және өзіне айтылған әзілдерге шамданған. Бірде бала сынды қыңыр болып, айналасын азар да безер еткен. Кейде оңашалық теңізіне сүңгіп, ерікті түрде қалың мұңның құлына айналған. Ішкі көңіл күйін ет жа­қындарымен де бөлісіп жатпаған.

Ақын Абайдың мінезін қайратты, ақыл мен даналықтың кеніне тол­ған өлеңдерінен бағамдауға болады. Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» атты естелігінде ақын­ның ар мен ұятқа, әділет пен хақ жолына суарылған болмысы жайлы анығырақ білеміз. «Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақ­тап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне биле­тіңкіреп отыратын еді. Бірақ Құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та, не ойлап, разы яки наразы болып жүргеніңді бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді. Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанында ұмтылып келсе, қатты қуанып, қаны тартып біліп тұр деуші еді, егер келмесе, жатырқап қалса, өкпелеп, ашуланып қалушы еді».

Иә, Абай болмысы – жүрек қабі­лет­­терін ашып, өмір бойы өз-өзін жетіл­діріп өткен биік болмыс. «Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсаруды өзі ең­бек қылып тапты. Әкесі қажының (Қажы деп бұл арада Құнанбайды айтып отыр) қайтпайтын қатты, суық мінезін сөгіп отырушы еді». Міне, ақынның ақылмен еңбек қылып, міне­зін түзетуге баса көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Тек шын сөзге ғана бәйге беретін ақиқатшыл, көңілі түс­кенге астындағы атын түсіп бе­ріп отыратын жомарт, өмір бойы ғы­лым іздеп жатпаған білімдар, ақ пен қа­раны, жақсы мен жаманды не сөзімен, не қолымен айырып, әлсізге теңдік, қиянат көргенге араша түскен шын адам, даудың бетін қайырып, шаршы топта төрелік айтқан би – міне, Абай бол­мысының біз естеліктерден таныған қырлары осы.

Сірә, шын мінез дегеніміз – Құдай­дың тура жолына сай мінез немесе соған ұмтылушы мінез. Ділі мен ұстанымы жат, түбірі сайтандыққа құрылған пенделер мінезі ерекше­лік емес. Біз атап өткен тұлғалар легі – тоғы­шарлыққа жаны қас, әді­летке ұмтылушы және өзге де ұмты­лушыларға күш беруші шынайы мінез иелері.