Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Жетісу облысының тұрғындарымен және азаматтық сектор өкілдерімен кездесіп, министрлік жетекшілік ететін салалардың дамуы туралы баяндады.
Бүгінде өңірдегі экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Облыс ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 10,8 мың тоннаны құрайды. Бұл былтырмен салыстырғанда 6,4 пайызға, яки 10,1 мың тоннаға төмен. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген.
Бұрынғы Алматы облысы бойынша Жол картасы аясында жүзеге асырылған 8 іс-шараның 6-уы Жетісу облысына тиесілі. Мәселен, өткен жылы Талдықорған қаласының, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылған. Оған қоса Ескелді ауданының кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Талдықорған қаласының LED-экрандарында Қазгидромет ұсынатын атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпарат орналастырылып жатыр.
Ведомство басшысы облыстардың бөлінуін ескере отырып, осы жылдың қараша айының соңына дейін жұртшылықпен бірлесіп Жетісу облысының экожүйесін жақсарту бойынша жеке жол картасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Жалпы, Жетісу облысында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 5,6 пайызды құрады, бұл өте төмен көрсеткіш. Орташа республикалық деңгей 24 пайызды құрайды. Биыл өңірде космомониторингпен 142 полигон анықталды, оның 63 пайызы жойылды (90 бірлік). Сонымен қатар бірқатар қала мен аудан әкімдері полигондарды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді министр.
Одан бөлек кездесуге қатысушылардың назарын қалдықтарды басқарудың нашар дамыған инфрақұрылымы проблемасына, ҚТҚ полигондарының нормаларға сәйкес келмеуіне, рұқсат етілмеген полигондардың едәуір санына және кәріз-тазарту құрылыстарының тозуына аударды.
«Қоғамдық резонанс тудыратын тағы бір мәселе кәріз және ағынды суларды тазарту қондырғыларының жағдайы болды. Мәселен, облыста 358 елді мекеннің 13-і немесе 3,6 пайызы орталықтандырылған су бұрумен қамтылған. Талдықорған қаласының тазарту құрылыстары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жоспардан тыс тексеру барысында «Жетісу су арнасына» қатысты бірқатар экологиялық бұзушылық анықталды. Оларды жою үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу және тазарту құрылыстарын реконструкциялау талап етіледі. Бұл айтарлықтай қаражатты қажет етеді. Осыған байланысты облыс әкімдігіне экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыру ұсынылды», деді С.Брекешев.
Оның айтуынша, Балқаш көлінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 м белгіге тең. Соңғы 10 жылдағы деректер көл деңгейі бұл белгіден төмен түспегенін көрсетеді. Көлдің тұрақты деңгейде сақталуына Іле өзенінің жыл сайынғы ағыны, су көлемі кемінде 12 текше шақырым болуы кепілдік береді. «Добын» шекара маңы бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау өзеннің орташа көп жылдық ағыны немесе 2001-2021 жылдар кезеңінде жылына 13,8 текше шақырымды құрағанын көрсеткен. Сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Балқаш көліне жылына кемінде 12 текше шақырым су ағызу үшін оның түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 12 су объектісінде тазарту жұмыстары атқарылған. Балқаш көлі бассейніндегі 12 канал жөнделмек.
Қытай тарапымен су бөлу жөніндегі келісім жобасын одан әрі келісу кезінде Балқаш көлінің экожүйелерін дамыту және сақтау мүдделері ескерілетін уағдаластықтарға қол жеткізілген. Сонымен қатар Президент тапсырмасы бойынша министрлік топырақ эрозиясын азайту және шөлейттенуді болдырмау мақсатында Балқаштың жағалау сызығын көгалдандыру мәселесін пысықтауда.
Кездесу барысында халыққа биыл Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру туралы хабарланды. Бұл 2,5 мың халқы бар 4 ауылды су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 5,2 мың га жаңа суармалы жерлерді пайдалануға беру үшін ирригациялық инфрақұрылым салынуда.
Балық шаруашылығын дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі саланы дамытудың бағдарламасы бекітілгені туралы да айтылды. Осы жылдың 6 айында облыста 200 тонна тауарлық балық өсірілген. 2023 жылдың соңына дейін қуаттылығы 400 тонна болатын 10 көл-тауарлық балық өсіру шаруашылығын құру жоспарлануда.
Кездесу соңында Серікқали Брекешев Жетісу облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Іс-шара аяқталғаннан кейін министр азаматтарды жеке қабылдады.
Жетісу облысы