Қазақстандық боксшы Жайна Шекербекова Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында қарсыласын жеңді, деп хабарлайды Egemen.kz.
54 келіге дейінгі салмақта 1/4 финалда Жайна Шекербекова жапондық Хана Наритамен кездесіп, төрешілердің шешімімен (5:0) жеңіске жетті.
Жайна Шекербекова құрлық біріншілігінің жартылай финалында өнер көрсетеді. Ол кем дегенде қола жүлдеге кепілдік берді. Қазақстан әйелдер құрамасындағы турнирдің тағы төрт жартылай финалистері белгілі болды: Жазира Ұрақбаева (52 келі), Мәдина Нұршаева (66 келі), Гүлсай Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі).