Қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатында алғашқы жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын жеңді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнирдегі 57 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы белдесуінде Карина Ибрагимованың қарсыласы оңтүстіккореялық Им Ае Джи болды. Қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, турнирдің жартылай финалына шықты. Биыл Карина Ибрагимова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 2022 жылғы Чемпионаттың жартылай финалына шыққан алты үміткер бар: Жазира Урақбаева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Мәдина Нұршаева (66 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 келі).