Еліміздің әр өңірінен келген 18 мұражайдың баға жетпес құнды жәдігерлері Қарағанды жұртының назарына ұсынылды. Бұл Қазақстан мұражайларының қоры арқылы тұңғыш рет ұйымдастырылған көрме екенін атап өткен жөн.
«Өткен мен болашақ арасында» деп аталған көрме Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығына орайластырылды. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі «Мұражай педагогикасы: дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық семинар-тренингте мұражайдың миссиясына қатысты келелі мәселелер қозғалды.
– Бұл – жай жәдігерлердің ғана көрмесі емес, облыстық мұражайлардың бірегей көрмесі. Әр мұражай көрмеге археология, этнография, қолданбалы өнердің сирек кездесетін 5-6 экспонатын әкеліп отыр. Мұндай республикалық көрме Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр, – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Көрмеде еліміздің әр аймағынан табылған «Алтын адамның» әшекейлері де бар. Тұлғалардан қалған асылдың сынығындай жәдігерлер, олар тұтынған, ұстаған құрал-жабдықтар да көрменің құнын арттыра түскен. Мәселен, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Амангелді Имановтың домбырасын әкеліпті. Жангелдиннің мұражай кешені жеткізген 1909 жылы Петерборда жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағын көрудің өзі бір ғанибет.
Әбілқайыр хан сақинасының көшірмесі, Есет батырдың, Арынғазы ханның сауытсаймандары көрме құндылығын көрсетсе керек-ті.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қазақ батырларының сауыт-саймандарын ала келіпті. Мұражай қоры бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов жәдігерлердің басым бөлігі тұпнұсқа екенін айтады.
– Ақтөбе – батырлар мекені. Біз қайта қалыпқа келтірілген Қобыланды батыр мүсінін, Есет батырдың, Арынғазы ханның сауыт-саймандарын әкелдік. Тұрмыста тұтынған табақ, ожау, қымызшара дегеннің бәрі түпнұсқа. Әбілқайыр хан сақинасының көшірмесі де бар бізде, – дейді Нұрболат Ғаббасов.
Көрмеден соң жұмысын бастаған семинар-тренингке Ресей ғалымдары да қатысты. Ғалымдар музейдің мәнін негіздей түсті. Мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетовтің «мұражай – тек тарих қоймасы ғана емес, ол – ғылыми-зерттеу, коммуникация орталығы. Мұнда тарих, білім, туризм жинақталған» деген пікірін Ресей ғалымы, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ресей Федерациясы Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық музеология комитетінің және ЮНЕСКО-ның Халықаралық мұражайлар кеңесінің мүшесі Людмила Шлятхина да мақұлдайды.
Ғалымның айтуынша, қазіргі әлемдегі мұражайлардың миссиясы – барды мәңгілік ету, атаусыз қалғанды ұлықтау, жүзеге аспай қалғанды іс қылу болмақ.
ҚАРАҒАНДЫ