Қызылорда облысына сапармен келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдымен облыстық Жастар ресурстық орталығында болды. Жастар орталығын аралаған министр мұндағы «Мүмкіндіктер алаңымен», қоғам белсендісі Талғат Меңдібаевтың бастамасымен құрылған «Кітап құрттары» ұйымының жұмысымен танысты.
«ПАЛМЕР-3» автономды генераторын құрастырған жергілікті жас өнертапқыш Марат Палмахов министрге құрылғының жұмыс істеу барысын көрсетті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығының студенттерімен кездесуде министр жастар сауалына жауап беріп, саланың бүгіні мен ертеңі жайлы пікір алмасты.
Достық үйінде өткен облыс тұрғындарымен кездесуде сала жұмысы мен азаматтық қоғам институттарын дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау жайлы айтып өтті. Сондай-ақ БАҚ саласында қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталып, қоғам талқылауынан өткен «Масс-медиа туралы» заң жобасында ақпараттың қолжетімді болуы, журналист мәртебесі ескерілгенін жеткізді.
Кездесуден кейін министр қоғамдық қабылдау жасап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Сапар аясында «Qyzylorda» телеарнасында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
– Қолына смартфон ұстаған кез келген жан ақпарат таратушыға айналған қазіргі кезеңде журналистиканың білікті мамандарына жүктелер жауапкершілік арта түседі. Сондықтан да журналистер мәртебесін көтеру, ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету, интернет, онлайн платформаларды реттеуді қарастырып отырмыз, – деді министр.
Кездесуде ардагер журналистер Айткүл Шалғынбаева, Қаршыға Есімсейітова Сыр бойында ұйымдастырылып келе жатқан «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі негізінде түркі халықтарының өнерін насихаттайтын біріккен телевизиялық жоба әзірлеу, қазіргі отандық телеарналарда көрсетіліп жатқан шетел сериалдарының өзіміздің кинотуындылармен алмастыру туралы ұсыныс айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясына барып, журналистердің тыныс-тіршілігімен танысты. Басылымдарды шығарумен қатар тарату ісін де жолға қойған «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын жоғары бағалады.
ҚЫЗЫЛОРДА