• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2022

Аштықты кешенді зерттеу керек

287 рет
көрсетілді

Қазақ халқының басынан өткен аштық әлі күнге тарих қойнауынан толықтай аршылып болған жоқ. Арада ғасыр өткенімен, оның себептері мен салдары тиісті дәрежеде айтылмай келеді.

Ш.Уәлиханов атындағы Та­рих және этнология институ­ты ғалымдары «1921-1922 жыл­дардағы Қазақстандағы ашар­шылық және оның салдары: зерт­теу­дің жаңа дереккөздері, мә­се­лелері мен болашағы» та­қы­рыбында өткізген ғы­лыми-теориялық конференцияда грант­тық жоба аясындағы зерттеулермен бөлісіп, жүзеге асқан жұмыстар барысына сараптама жасады.

Конференцияны Ш.Уәлиха­нов атын­дағы Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев ашты.

Тарихшы мамандардың айтуынша, арада 100 жыл өтсе де, аштықтың себептері, ауқымы мен салдары әлі күнге дейін отандық және шетелдік тарихнамада тиісті бағасын алмай келеді. 1920 жылдардың басында аштықтан қаза тапқандардың санын анықтау әлі күнге дейін басы ашық күйінде қалуда. Өлім-жітім жағдайлары тіркелмеген әрі ескерілмеген. Сол кезеңде ҚазАССР халқының басым бө­лігі (60-93 пайызға дейін) аштыққа ұшыраған. Аштық халықтың барлық топтарын қамтып, Ресейдің, Еділдің, Украинаның орталық аудандарынан республиканың солтүстік, батыс және шығыс бөліктеріне босқындар легі салдарынан апатты жағ­дайда болған. Бүгінде отандық ғылымның алдында аштық апатын кешенді зерттеу мен ел экономикасына, халық тағдырына келтірген залалын, салдарын анықтау міндеті тұр.

Ғылыми конференция барысында институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қапаева 1921-1922 жылдардағы аштықты зерттеудің бірқатар аспектілері мен әдістемесін зерттеуге байланысты баяндама жасады.

Ғалымның айтуынша, 1921-1922 жылдар аштықтың бұл хроноло­гиялық шартты белгісі ғана, ал түрлі құжаттарда аштықтың қазақ даласында 1916-1918 жылдары басталып, Түркістан өлкесін, әсіресе Әулие Ата уезі зардап шеккені айтылады.

Тарих және этнология институты Астана қаласындағы филиалының директоры, жоба жетекшісі, PhD Махаббат Қозыбаева отандық тарих ғылымында өзекті тақырыптың бірі ретінде қалып отырған «1921-1922 жылдардағы Қа­зақ­стандағы ашыққандарға шетелдік ұйымдардың қолдауына» қатысты дерек­термен бөлісті. Әлі күнге ашар­шылыққа ұшырағандар мен өлгендердің нақты саны жоқ, өлім себептерінің бар­лығы дерлік тіркеліп есепке алын­баған. Ғалымның айтуынша, шетелдік гуманитарлық ұйымдар Ке­ңес­тік Ресейдегі, негізінен қазақ дала­сын­дағы аштықпен күреске үлкен қолдау көрсетіп, қысқа мерзімде азық-түлік, медициналық көмек берген. Ба­лалар үйлері, емдеу мекемелерімен ықтымақтасып тағам пункттерін ұйым­­­дастырған. Алайда 1921-1922 жыл­дар­дағы аштықтың жекелеген аспектілерін зерделеуге қарамастан, шет мемлекеттер мен жекелеген ше­телдік гуманитарлық ұйымдардың Қазақ­стандағы аштыққа қарсы күрестегі рөлі аз зерттелген мәселе болып қалып отыр.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғы­лыми қызметкері, тарих магистрі Арайлым Қонқабаева «ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында Қазақстан экономикалық және саяси дағдарысты бастан өткергендігін» алға тартты. Ғалым келтірген деректер бойынша, аштықтың басталуына бір жағынан экономикалық, саяси оқиғалар, екінші жағынан – табиғи апаттар, егіннің дұрыс шықпауы себеп болды. Жоғарыда аталған әртүрлі факторлар ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласына кері әсерін тигізді, нәтижесінде жантүршігерлік тра­гедиялар орын алды. Мұрағат құжат­тарында каннибализм мен балаларды ұрлау кең таралғандығы айтылады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD Рауан Байдалы «Орталық және жергілікті билік органдарының аштықпен күреске қатысуы» атты баяндамасында 1922 жылы Қостанай қаласында туындаған төтенше жағдайға басымдық береді. «Мұнда қаңтарда – 1 200 адам, ақпанда – 500, наурызда 1 500 адам аштықтан қайтыс болды. 1922 жылдың қысы қатты болып, ірі қара мал қырылған. Осы кезеңде Кеңес одағының орталық аудандары мен республиканың басқа өңірлері көмек қолын соза бастады. Мәселен, Семей губерниясы Қостанай губерниясының ашыққандарына мал мен азық-түлік жіберді. Көмек жөніндегі Қостанай губерниясының төтенше комиссиясы жұмыс істеді. Оның өкілдері аудандарды аралап, жағдаймен танысып, қаржы мәселесін сол жерде шешуге тырысты» деген мәліметтер келтіреді ғалым өз зерттеуінде.

Жиын барысында сондай-ақ Ресей Сібір бөлімі Тарих институтының директоры, профессор В.Рынков, Украина ҰҒА М.С. Грушевский атындағы Украина археография және деректану институтының аға ғылыми қызметкері В.Грибовский, П.П. Ершов атындағы Ишим музей кешенінің ғалым хатшысы Г. Крамор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері С.Асанова, кіші ғылыми қызметкері, магистр А.Бекенова, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті Л.Гривенная аштық тақырыбы­ның ауқымды екенін әрі одан зардап шеккен аумақтарға байланысты зерттеулердің жалғасатынын атап өтті. Осы орайда жиынға қатысушылар қарар қабылдап, ХХ ғасырдың 20-шы жылдардағы гуманитарлық апатты жан-жақты зерттеу мақсатында отандық және шетелдік мұрағаттардан жинаған, бұрын белгісіз болып келген материалдар негізін­де жаңа тұжырымдамалық-әдіснамалық тәсілдерді әзірлеу, Қазақстанда және көр­шілес өңірлерде болған аштықты жан-жақ­ты зерттеуге байланысты ведомстволық архивтердің қолжетімсіз құжаттарын құ­пиясыздандыруды ұсынды.

 

АЛМАТЫ