Қазақстандық дзюдошы Ерғали Шамей ел қоржынын тағы бір медальмен толықтырды. Ол Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан дзюдодан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ерғали соңғы жекпе-жекте Германиядан келген спортшы Сасс Леннартты 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңді. Осылайша Ерғали Шамей Қазақстан құрамасының қоржынына пара дзюдодан әлем біріншілігінің екінші «алтынын» салды.
Айта кетейік, оған дейін Ақмарал Науатбек финалда Франциядан келген спортшыны жеңіп, 48 келі салмақ дәрежесінде ерекшеленді.
Аталған жарыста тағы екі қазақстандық жеңіс тұғырынан көрінгенін атап өту керек. Даяна Федосова (57 кг) мен Олжас Оразалыұлы (73 кг) қола медаль иегерлері атанды.