«Адамның басы – Алланың добы» деген ескіден келе жатқан нақыл сөз бар. Бұған қарсы тұрып, дау айту – қиынның қиыны, дәлірек айтсақ, мүмкін емес. Өнерін айға балаған, талай-талай тарландар шырқап шығар өз биігіне қолы енді-енді жеткенде, ажал атты айдаһар бас-көзге қарамай, құрығын дәлдеп тастап, фәни дүниеден бақи дүниеге ала жөнелді. Әдебиет пен өнер майданына қомақты олжа салған екі қаламгер – Әнес Сарай мен Қажығали Мұханбетқалиұлының көзі тірі болғанда, Әнекең осы жылғы қарашаның 21-де сексен бес жасқа, ал Қажекең желтоқсанның 7-де сексен жасқа толып, той-думан тым ұзаққа созылар еді, бірақ ажал шіркінге не дерсің!
Бір-екі ауыз сөз
Терең-терең толғамдары бар, өмірдің шынайы бетін, көрінісін, сапырылысқан тірлікті, оның өткені мен бүгінгісін қаз қалпында суреттеп, асықпай, саспай, қаламының ұшынан қасиетті сөзді төгілтіп, соны ың-шыңсыз орын-орнына қоя білетін қаламгерлер бізде аз емес. Ал құдай сыйлаған талантына, өзінің мына жарық дүниені жалпағынан адымдай басып жүргеніне тәубе етіп, санасы сарқыла жаздаған кейіпкердің аузына зәмзәм суын тамызып, оны толыққанды азамат деңгейіне көтеру, сөйтіп оған күллі адамзат армандаған берекелі ғұмырды кештіру – қажыр-қайраты мол, ақылы жүрегіне бағынатын, шапағаты сәулесін шашыратқан күн көзіндей, өзін өзгелерден биік санамай, «мен» деп кеудесін шертпейтін сара да, дара саңлақ дарындардың үлесінде. Міне, бұлардың шоғыры аз екені күмән тудырмайды. Осы аз топтың бірегейлерінің бірі – жазушы Әнес Сарай екені тағы да күмәнсіз.
Оқырман ретінде шынымды айтайын, 1994 жылы Мемлекеттік сыйлық алған «Еділ-Жайық» трилогиясына дейін мен бұл жазушының бірде-бір шығармасын оқыған емеспін. «Апырай, ә, екінің бірінің қолы жете бермейтін сыйлықты қағып алған шығарманы оқып көрейін» дейтін әдетіммен бұл қомақты шығарманы жата-жастана оқығаным бар. Сыйлыққа ие болған шығарма мені ұйытты: біріншіден, аса көркемдігімен; екіншіден, шеңберлігімен, құлашының кеңдігімен; үшіншіден, бірді айтып басқа арнаға түсіп кетпей, бастан-аяқ біртұтастықты сақтауымен; төртіншіден, аса бай тілдік қорымен; бесіншіден, стильдік ерекшелігімен; алтыншыдан, өмір шынайылығымен, образ іргетасын бекітудегі жаңа типтегі айла-тәсіл шеберлігімен; жетіншіден, шығарма болмысын типтендіріп, өзгеге мүлдем ұқсамайтын сыр-сипат беруімен; сегізіншіден, кейіпкерлердің оңы мен солы, құбыласы мен терістігі, шығысы мен батысының аражігі ажыратылып, әрқайсысы өз бағытын табуымен; тоғызыншыдан, адам мен табиғаттың, сана мен сезімнің, ұшқыр ой мен ішкі жан-дүниесінің бір мезетте қабысуынан; оныншыдан, дүниеге яғни жарық дүниеге шыр еткізіп әкелетін қомақты туындының құрсақта жатып, әбден пісіп-жетілу дәрежесіне ие болғандығынан мені таң-тамаша қалдырды. Әнес Сарай деген жазушыға сәлем беруге итермеледі. Сәлемдесіп, талант иесінің оң қолын уыстай ұстап, құшырлана қысқаннан кейін бірнеше күнді өткізіп барып, уақытым болғанда «Тосқауыл» романы мен «Теңіз сарыны» дилогиясын, тиіп-қашып әңгіме, повестерін оқыдым.
Бірде бір отырыста Әнес аға шығармашылығы жөнінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты «Тар кезең» романының авторы Қажығали Мұханбетқалиұлынан суыртпақтап сыр тартып едім, ол:
– Әнесті айтып отырсың ба? – деді маған шаншыла қарап. – Ой-бой, Әнекең таланттың таланты ғой. Ол таусылмайтын дария, оның бір шығармасынан бір шығармасы асып түседі. Сен өзің басқаны былай қойғанда, «Атырау» романын оқыдың ба? Ғажап қой, ғажап, – деді.
– Оқыған жоқпын, уақыт тауып орталық кітапханаға бармасам...
– Менде бар, берейін. Оқы да өзіме қайтар. Әнесті оқы, үлкен тағылым, тәлім-тәрбие аласың, – деп өте кірпияз, біреуді мақтауды қаламайтын, өзіне де, өзгеге қатаң талап қоятын, жақтырмаса үлкен-кіші демей тура бетке айтатын Қажекең елпектеді де қалды.
– Саумал ішкендей, мейірің қанып, рахаттанып оқу үшін жарты жылдан артығырақ уақыт керек, – деді Қажекең маған үңіле қарап.
– Кімді, нені айтып отырсың? – дедім оның сөзіне түсініңкіремей қалып.
– Апыр-ау, біз сөз етіп отырған Әнес шығармашылығы – бас-аяғын жинақтасаң жиырма томды еркін құрайды, ал керек болса. Сонда деймін-ау, бір айда үш томын оқыдың дейік. Алты айда он сегіз том, қалған екі томы бір ай, және қандай томдар. Оншақты романы мен ұшы-қиыры жоқ әңгіме, повестерін, драматургиясы мен киносценарийлерін оған қоса – зерттеу еңбектері «Исатай-Махамбет» – 400 бет, «Махамбет» – 320 бет, «Көнеліктер» – 400 бет, «Көк түріктері» – 688 бет, «Асылдың сынығы» – 380 бет. «Ноғайлы» – 480 бет, ал 2016 жылы жарыққа шыққан «Бес мейрам» – 560 бет, – деді Қажығали саусағын бүгіп.
− «Ноғайлыны» ежіктеп, сөз жібермей екі апта оқыдым, ал «Бес мейрамды» сырғытып оқуға шамам жетпей, тағы да ежіктеп оқып, үш аптадай уақыт жұмсадым. Кей беттерін қайта оқуға тура келді. «Көнеліктер» мен «Көк түріктері» қолыма түспеді, – дедім мен.
Қажыкең үнсіз ғана басын изеді. Сосын есік жақтауына қарай жанарын тіктеп, әлдебір ой толқынына беріліп кетті. Мүмкін, Әнекеңнің шығармашылығына сүйсінген шығар, әлде «Бас жұтқан бастағы» Баймағамбет сұлтан елестеді ме, екен!
Мен де қарап отырмай, Әнес ағаға арнап екі шумақ өлең жазып едім, оны сол сәтте Қажығалиға оқып, кеуде көтеруді, ыңғайсыз санадым.
Еділ де, еділ, еділ жұрт
Көктем айы еді. Алматыдан жазушы Тұрысбек Сәукетаев телефон соғып, хабарласты. «Жұлдыздың» үшінші санында Әнес Сарайдың «Еділ бойы саздары» атты жаңа әңгімесінің алдыңғы бөлігі жарияланғанын, шығарма үш нөмірге жоспарланғанын айтып, «оқы, өте тартымды, әрі әңгіме жанрының шұрайын да, шырайын да шығаратын туынды», деп қысқаша мінездеме беріп тастады. Содан Заузаның аяғы Сарыатаның басында «Жұлдыздың» бесінші нөмірі қолға тиісімен үш нөмірді қосақтап әңгіме оқуды бастап кеп жіберейін.
Мен де өзен жағасында қармақпен балық аулап өстім ғой. Бірақ мына әңгімедегі алпыс екі сағалы Еділдің теңізге құяр сағасындағы жағдай мүлдем басқаша екен. Апырай, көзбен көріп, қолмен ұстағандай серпілесің, әңгімені бас алмай оқи беретінің және бар. Мұндағы желі Хисамедин арқылы тартылып, Жанғали, Оразбай, Бөкембайларға жалғасады. Балықшылардың өмірі шынайы бейнеленіп, ноғайлының зарын толғаған ащы әуенге тіркеседі. Хисамединнің аңыраған үні арна бойын кернеп алыстарға жол тартады. Ащы зар жүрегіңді солқылдатады.
Балықшының тұрмыс-тіршілігін дәлме-дәл суреттеген шығарманы бірінші оқуым. Әңгіме өміршең, әрі сапырылысқан қоймалжың емес, бар болмысы, бар идеясы – тап-таза шындық. Автор – бұл шығармаға өзі де сенеді, өйткені сол қайнаған кәсіпшілікте еңбек еткен. Сонымен бірге өзгені де сендіреді, өйткені ой қорытып, пәлсафа іздемейді, жел жаққа желіп кетпейді. Бәрі өзінде бар, денесінде қатталып, жүрегінде жатталған.
Ой, несін айтасың, Сәбила мен Сәнәу, Жібек пен Ғалымжан образдары оқырманды жетектеп, желдіртіп отырады. Журналдың үш нөміріндегі әңгімелер бір-бірімен сабақтас, бір-бірінен көз жазып қалмайды. Бірін-бірі толықтырып отырады. Тәстен ата – еңбекқор, сартап адам болса, келесі әңгімедегі Толқын, Әлфия оқырманның жүзін жылытып, қиялға қиял қостыратын сұлу бикештер. Туындыда ел, жер проблемасы мейілінше терең қамтылған. Іскер, уәдесіне берік жандардың саналы да, салиқалы ісіне риза боласыз. Осы бір арада алға жүріс, кейінгіге шегініс жасамай-ақ, әр образды түйіндеп талдамай-ақ, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтың мына сөзіне құлақ ассақ:
«Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз... Зергер деген не? Егер сен сөзіңмен, сөздің құдіретімен қурап қалған ағашқа жасыл жапырақ бітіре алсаң, – әне, сонда зергерсің. Егер сен сөз құдіретімен үмітсіз ауру адамды аяғынан тік тұрғыза алсаң, – әне, сонда зергерсің. Егер әлдекімнің жүрегіне мұз қатып қалса, – сенің кітабың соны жібітер болсын, әне, сол зергер, – дей келіп – мазмұн неғұрлым эмоция арқылы берілсе, кітап соғұрлым бағалы», – деп қорытады.
Міне, жазушы Әнес Сарайдың «Еділ бойы саздары» әңгімесі осы Ғабең айтқан оқшау ойларына дәл, әрі сай келеді. Хас шебердің қаламынан туған бұл шығарма үлкен белеске көтеріліп, жаңа сарын, жаңа үн, жаңаша сипат беріп, жаңаша стиль қалыптастырған. Бір роман көлеміндегі бұл еңбек бүгінгі прозаның жетекші жемісі екеніне дау жоқ. Әрбір шығарманың құндылығы сол туындыдағы идея мен құрылымның қабысуы арқылы өлшенеді. Бұл оңай мәселе емес. Тек таланттылар ғана шығарма идеясы мен құрылымын (композиция) асқан шеберлікпен бір-біріне сай ете алады, тыңнан жол салып, үрдіс жаңашылдықты өз туындысына молынан сіңіреді. Ол өмір шындығын күнделікті құбылысқа теңестіріп, алған тақырыбын көркем шығармаға өзек етеді. Міне, талантты суреткер Әнес Сарайдың шығармасындағы көркемдік белесі біз айтқан бірер сөзден де жоғарырақ тыныстап, жаңа түр, жаңа мазмұн, кесек бітімді жаңа характерге ие болғаны – мақтаныш.
Арғымақ сені сақтадым
Аты-шулы «Исатай-Махамбет» кітабымен тежегішті басқан Әнес Сарай жоқ, ол бұл тақырыпты одан әрі зерттеуін жалғастыра берді, жалғастыра берді. «Құдай-ау, бұл неткен қайрат-жігер, неткен жаратылыс», деп ойлаймын, ойлаған сайын денем қызып, әлсізденіп қаламын. «Талант – тым өміршең ғой, оған да ара-тұра күтім керек», – деп Дидро айтқандай, осы Әнекең аз да болса, демалыс дегенді біле ме екен! Әй, қайдам, осы он сегіз-он тоғыз жылдай аралықта қаншама көркем шығарма мен зерттеу еңбектерді дүниеге әкеліп, уақыттың ең үздік «дефицит» жазушысы атанды. Бұл – оқырмандардың берген бағасы. Көркем шығарманы есепке алмағанда «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Көк түріктер», «Асылдың сынығы», «Бес мейрам» зерттеу еңбектері жарыққа шығып, қалың оқырманның аузын аштырып, көзін жұмдырды. Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшин қолы жетпеген шыңды Әнес Сарай бағындырып, басына «Махамбет» атты ту тікті...
...Күнқақты ердің астында,
Көп жүгіретін күлік бар.
Көн садақтың ішінде,
Көбе бұзар жебе бар, –
дегені ақиқат болды. Жебесі – Әнес Сарай екен...
Ноғайлы дәуірінің дүбірі
2009 жылы жарық көрген «Ноғайлы» кітабы жазушы әрі зерттеуші Әнес Сарайға атан түйеге жүк боларлықтай бедел алып берді. Жер-жерде «Ноғайлыны» іздеу, сұрау басталды. Әсіресе еліміздің батыс өлкесінде өздерін ноғайлымыз дейтіндер жүдә көп екен, әрқайсысына бір кітаптан есептегенде бұл еңбектің таралымы – екі мың емес, баяғы Совет кезіндегідей елу-алпыс мың болғанда ғой шіркін!
Бұл кітапты тізбелеп бастан-аяқ оқымасаң, ой қорытып, саңылау табу қиынның қиыны. Сондықтан қалыңдығы екі еліден артық еңбекті оқи бересің, қажет деректі ақ қағазға түртіп алып, оқуды әрі қарай жалғастыра бересің. Түсініп оқу тіпті де оңай емес.
Ноғайлы дәуірі, оның ханы Ноғайдың жарық дүниедегі тіршілік-тынысы соғыспен өткені бастан-аяқ баяндалады. Ноғайлы шекарасы бірде кеңіп, бірде тарылып отырғаны, оның Днепр – Дунай тарапынан жаңа қоныс алғанға дейін ортаңғы және жоғарғы Еділ – Жайықты қоныс еткені атап көрсетілген. Ноғай ханның тұсында 1300 жылға дейін (Ноғай 1300 жылы өлтірілді) Ноғайлы елі дәуірлеудің бірнеше сатысынан өткен. Зерттеуші Ноғайлының басқару жүйесіне кеңінен тоқталып, Орда басшысы – би деп аталғанын, оған халық құрылтайында сайлау арқылы қол жететінін баяндайды. Биге – кәрі мырзалар ағасындай, жас мырзалар әкесіндей бағыныпты. Ол Сарайшық қаласында тұрған екен. Лауазым жөнінен екінші тұлға – Нұрадын мырза деп аталады дейді зерттеуші ағамыз. Оның міндеті – оң қанатты, яки Қырым бетті жаудан қорғау болды. Ноғайлының мемлекеттік құрылымында халықтың өзі құрып, өзі билегендіктен дала демократиясының озық үлгілері көрініс тапқан. Рухани үрдісі, мәдениеті, кәсіпшілігі біркелкі дамыған.
Ноғайлы тарихы – қазақ тарихынан шет емес. Кезінде қазақ елін құрайтын рулар тайпа болып Ноғайлыны құраған. Зерттеуші – бұл жағына аса мән беріп, бұлтартпастай дәлелдер мен нақтылыққа жүгінген.
«Қазақ топырағына төрт мың үй моңғолмен келген Шыңғыс тұқымдары Еуропаны бағындыру жорығында 400 мың қол жиды. Осынау жер қайысқан қозғаушы күш жергілікті тайпалар болмағанда, кімдер?! Білетініміз жоққа тән. Қазақ тарихы ана хан, мына ханның қайраткерлік іс-әрекет, өмірбаянында емес, солар жетекшілік еткен тайпалардың тарихында жатыр... Шыңғыс әулетінен шыққан хандар тарихы – шын ұлттық тарихымызды көлегейлеп тастаған. Баршамыздың міндетіміз, оларды шаң-тозаңнан аршып, жарыққа шығару», деп үлкен ауқымды ойды Әнекең ортамызға тастайды.
Ноғайлының құрамында 66 (тайпа), 139 рудың аты аталады. Эвлий Чебели «140 рулы ноғайлы халқы» деп жазған. Ал Мұрын жырау «90 баулы Ноғайлы» деп жырлағанын зерттеуші тағы есімізге салады да, он жеті қазақ тайпаларының бас-басына үрдісті сипат беріп, терең-терең толғамдарға барады. Мұның бәріне тоқталу маған мүмкін емес. Оны оқырманның өзі ой елегінен өткізе жатар. Менің таңғалып, таңдай қағатыным, ұрпақтан-ұрпаққа бар болмысымен жалғасатын осындай еңбекті жазуға Әнекеңнің тәуекел еткені. Тіпті ескі-құсқы мұрағаттарды ақтарып, ертелі-кеш уақытын сарп етіп, көз майын тауысу бір де, оны рет-ретімен жазып шығу қияметтің қияметі ғой. Ал сүбелі фактілерді іздестіру, оны қазақшаға аудару – шынтуайтқа келгенде өз шығармаңды жазғаннан екі есе ауыр. Сосын Әнес аға зерттеу еңбектерінде өткен шақ, келер шақ, осы шақтың үшеуін де шеттетпей қамтып жазады. Бір деректерді алғанда ғана амалсыз авторына сілтеме жасайды. Ал күллі тарихты өз мойнына мінгізіп, соның бар міндетін бір өзі көтеру – қара жерді көк өгізге көтертіп қойғанмен тең сияқты боп елестейді маған.
«Ноғайлы» кітабы – ноғайлы ұлты үшін де, қазақ ұлты үшін де, тіпті күллі мұсылман халқы үшін де қымбат дүние. Бұл – ғасырлар тарихын бір арнаға тоғыстырып, басын біріктірген теңдесі жоқ сайыпқыран еңбек.
«Бес мейрам» немесе арғын тайпасы
2014 жылы «Көк түріктері», 2015 жылы «Махамбет», 2016 жылы «Бес мейрам» кітаптары жарық көрген Әнес Сарай аздап болса да кеуде керіп шіренеді екен десең, жолыға қалғанда айтатыны «Әй, бала, қолым тимей хабарласа алмай қалдым, амансыңдар ма?» деп бетіңе бажырая қарайды да «Мені бір нәрсе қызықтырып, соған отыруды бастап, иә, сөйтіп», дейді де Көбіктінің тоқалы – Меңдібике, Алшағыр ханның бәйбішесі – Сұлуқыз, Қобландының Құртқасы, тағы тағыларды айта бастайды. «Егер қолым жетіп, ойға алғанымды орындасам, бұл енді өте қызық, әрі көлемді еңбек болайын деп тұр», деп тілінің астына насыбай басады. Мен қарсы алдымда тұрған ағама бірдеңе деуге шамам жетпей, жанарымды алысқа көкжиекке қадаймын да, аузымнан дені дұрыс сөз шықпай кекештеніп қаламын.
«Бес мейрам» кітабын мен ұзақ оқыдым. Жол ма жол теріп оқымасаң, түсіну қиындау, адам аттары мен тарихи деректерден көз тұнады. «Белгісіздікке саяхат» кіріспе сөзінің өзі бажайлаған оқырманға біраз түсінік беріп, ал енді шаршамай-шалдықпай оқысаң, бұлақ суын ішкендей мейірімің қанып, өзіңе де, өзгеге де алғыс айтасың деп тұрғандай.
Біріншіден, зерттеу тек қана бір тайпа арғын жөнінде ғана емес. Оның арғы-бергі тарихы сыңаржақтанбайды, жан-жағын қамтиды, топтастырады. Екіншіден, осы кезге дейін сөз боп келген тайпа туралы өздерінің зерттеу еңбектерін ұсынған қырғыз, өзбек, қазақ, сонымен бірге шетел ғалымдарының пікіріне тоқтап, өзінің толыққанды фактілерін келтіреді, яғни қарсы қояды. Автор «Етек алып кең тарап кеткен «Ғұн» атауын бірден тәрк ету қиынға түсері мәлім. Дегенмен де бұл халықтың төл атын қайтаруда табандылық көрсеткеніміз жөн. Өзгелер қалай жазса, солай жазсын, біз «ху» деп, болмаса «ху-ну» деп, қалайда «ху» түбірін сақтап жазуға тиіспіз» деп орнықты да дәлелді пікір айтады. «Ақ орда жұрты» деген бөлімінде: «Тоқа-Темірдің» «Жеті жылдық соғыста» атын шығарып, абыройын асырған – ержүрек арғын жасақтары. Алтын орда әскері қатарындағы дабыралы «Арғын мыңы» – шақшақ пен саржетім рулары» деп толғайды. Әнекеңнің айтып отырғаны – Тоқа-Темір басшылығымен Ресейді, Польшаны, Литваны, Венгрияны бағындыратын 1236-1242 жылдардағы атақты «Жеті жылдық соғысқа» қатысып, жеңіс әперуге қомақты үлес қосқан арғындар...
Жоғарыда да айтқанымыздай, арғын шежіресі тармақталып, әр кезеңмен сабақтасып, салаласып отырады. Оның бір бунағы Барақ хан кезеңімен байланысты екеніне көз жеткіземіз. «Бес мейрамның» шежірелік тарихы басталып, қуандық, сүйіндік, бегендік, шегендік, қаракесек руларының ата-атаға жіктелген кезеңіне сәуле түскенін автор дәлелдеп, шегелеп тастайды. Жиделі Байсын арғындары туралы мәлімет Әмір Темір жазбаларында да кездеседі екен. Ол Арғын ордасына Тас Хажыны сегізінші әмір етіп тағайындаған. Олардың 20 адамын мыңбасылық, жүзбасылық, онбасылық дәрежеге көтергенін баяндайды. Бұл еңбекте бастан-аяқ арғын руы жөнінде тәптіштелмей, ара-тұра тайпаға қатысты мағлұматты сөз ете отырып, жалпы қазаққа байланысты тарихи кезеңдерге де орын береді. «Керей-Жәнібек», «Бұрындық пен Қасым», «Жоңғар шапқыншылығы қарсаңында», «Ақтабан шұбырынды» – аңыз бен ақиқат, «Аңырақай шайқасы», «Сүзекі» соғысы осы айтқандарымыздың дәлелі. Сүбелі-сүбелі шежіре-тарих дабыра қызыл сөз емес, нақты-нақты фактілер, дерек көздері сөйлейді.
* * *
Қазан айының бас жағында еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» Әнес Сарайдың «Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш» атты көлемді мақаласын екі нөмірге жариялады. Мұны тек мақала емес, зерттеу еңбек десе де болар еді. Оқыған адамды толғандыратын, адам мен адамның ара-қатынасын өлшеп-пішетін, сенімі мен сергелдеңі мол өмірдің бір сарынды болмайтынын, ұлы мен кішінің, бар мен жоқтың айырмасын таразылап, саралап, тепе-теңдіктің қандай мазмұнда өрбитініне көз жеткізеді. Таралымы мол, ауқымы кең басылымды жаздырып алмайтын оқырман болса, іздеп, тауып оқуға кеңес берер едім.
* * *
Адам өмірі – уақытпен өлшенеді. Ал уақытқа бәрі сыйымды. Біз шама-шарқымызша сөз еткен қаламгердің зерттеу еңбектері – ұшы-қиыры жоқ дастанға ұқсайды. Осыншама тарихи шежірені жазып, көнені көз алдымызға көлбеңдеткен, әрі аса көрнекті жазушы, әрі аса көрнекті зерттеуші-ғұлама Әнес Сарай ағама тіземді бүгіп, басымды иемін...
Әттең, осы материалдың өнбойында сөз болған екі дарын иесінің самаладай жарқырап, ортамызда жүрмегені – көңілімізге қаяу түсіріп, еріксіз күрсіндіре береді. Бірақ қолдан келер шара қайсы? Осы арада талантты ақын Мағжан Жұмабаевтың бір шумақ өлеңі ойға оралады:
... Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім-патша, өзім-қазы, өзім-би,
Қандай ессіз не қылдың деп
тергейді?!
Марат МӘЖИТОВ,
жазушы