• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2022

Тұңғыш әскери журналист

1099 рет
көрсетілді

Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығына сәйкес, Қарулы Күштерде 7 қараша Әскери журналист күні кәсіби мереке болып бекітілді. Біз мұны ақпарат майданында сертте тұрған семсер сөз иелеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әскери журналистикасының жылнамасы 1992 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы 16 желтоқсанда Қорғаныс министрлігінің Орталық органы «Қа­зақстан сарбазы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ақпарат саласына айрықша мән беріп, тұңғыш әскери газет пен телефотостудияның ашылуына тікелей өзі мұрындық бол­ды. Сол тұста газеттің жауапты редак­то­ры болып подполковник Виль Рах­манқұлов тағайындалды. Кейіннен 1993 жылы басшылыққа келген полковник Сапарғали Жағыпаров жеті жылдан астам уақыт шығармашылық ортаның шырайын келтірді. Бұл есім Қазақстан Қарулы Күштеріндегі қалам ұстаған әріптестерім үшін аңызға айналған. Ол – адалдықтың эталоны. Ол – үлкен жүректі ұстаз. Ол – қамыққанға қамқор, жабыққанға жанашыр бола білетін кәдімгі Сапар аға.

Сапарғали Жағыпаров 1976 жылы Львов жоғары саяси әскери училищесінің журналистика факультетін бітірген тұң­ғыш қазақ офицері. Кәсіби журналист. Бұл Кеңес заманында әскери журналистер даярлайтын бірден бір әскери оқу орны болатын. Осы журналистика факультетін әр жылдары полковник Анатолий Ладин, подполковниктер Александр Бавтуто, Марат Нұрсейітов және полковник Серік Қанапиянов секілді қазақстандық офицерлер бітіріп шыққан. Бүгінде әскери журналистика саласындағы саусақпен санарлық бұл офицерлердің бәрі – құрметті демалыста.

Сапарғали Нұрдәулетұлының ал­ғаш­қы офицерлік қызметі Тынық мұ­хит флоты Приморье флотилиясының «Боевой призыв» газетінде басталды. Бұл жерде жауапты хатшы, редактор болып бес жылдан астам уақыт қызмет етті. Сапар ағаның «Адмирал Сенявин» крейсеріндегі мұхит жорықтарында туған жазбалары әскери басылыммен шектелмей, «Лениншіл жас» газетінде де жарық көріп тұратын. Теңізшілер өмірі, оның ішінде мерзімді қызметін өтеп жүрген қазақ балалары жайлы суреттеме, очерктері жастар газеті арқылы қалың оқырманға жетіп жататын.

1984 жылы В.И. Ленин атындағы Әскери-саяси академияның редакторлық бөлімін бітірген Сапарғали Жағыпаров Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетінде тілші, бөлім басшысы болып қызмет етті.

1989-1993 жылдары Германиядағы кеңес әскерлері тобының «Советская Армия» газетінде бөлім басшысы болып қызмет атқарды. Кейіннен бұл басылым «Наследники Победы» деген атпен жарық көріп тұрды.

Сапарғали Нұрдәулетұлы 1993 жылы «Елге де әскери журналист керек» деп, туған жерге оралады. Қорғаныс ми­нистрі Сағадат Нұрмағамбетовтің қабылдауында болып, жаңадан ашыл­­ған газеттің редакторлығына тағайын­далады. Ол жайында өзі былай еске алады:

«Көп жылдық әскери қызметімде талай бастықты көрдім. Алайда Сағадат Нұрмағамбетовтей сыпайы, қарапайым, кішіпейіл адам некен-саяқ. Орта Азия әскери округінде қызмет етіп жүр­генімде Сағадат Қожахметұлымен бірге Қырғызстандағы әскери бөлімдерде қыз­меттік іссапарда болғаным бар. Ұмыт­папты. Құшақ жая қарсы алды. Алғашқы күннен әкелік қамқорлығын көрсетті. «Өз елің, өз әскерің. Соған жан аямай қызмет ете біл!» деп батасын беріп еді».

Келесі жылы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы мемле­кеттік деңгейде аталып өтілетініне се­німді. Әні-міне дегенше бұл жыл да аяқталуға жақын. Сол себепті батырдың ғасырлық тойына дайындықты алдағы жылдың басында бастап кетуіміз керек. Өз тарапымнан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын» дейді.

Сапар ағаның 1996 жылы күз айларында тәжік-ауған шекарасында қызметтік іссапарда болып, бір жарым ай уақытын «Қазбат» жауынгерлерімен бірге өткізгені бар. Сол сапарда кейіп­керіміздің қаламын қаруға айырбастап, сарбаздармен бір окопта тізе қосып, қарулы қақтығысқа қатысқанын көп адам біле бермейді.

1995 жылы сәуірде содырлармен болған шайқастардың бірінде 17 жігіт қаза болып, 30-дан аса сарбаздың жа­рақат алғаны белгілі. Сапар аға­ның осы шайқас туралы бірқатар рес­пуб­ликалық басылымдарда жарық көрген мақалалары елорданың «Отан қорғаушылар» алаңында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған аллеяның ашылуына қозғау салғанын естен шығармаған абзал.

Сапар ағаның азаматтық келбеті мен адами болмысы жайында көп айтуға болады. Ол кісі – ізденістің адамы. Үнемі тарихи деректерді жинастырып жүреді. Көбіне көпшілік жұрт біле қоймайтын, есімі ұмытылған ерекше адамдар жайлы тың мәліметтерді тауып жария етіп келеді. Оның ішінде ұлтымыз ұмыта бас­таған Кеңес Одағының Батыры, ұш­қыш Біліс  Нұрпейісов жайында алғашқылардың бірі болып қалам тарт­қанын айта кету керек. Әскерге Өзбек­станнан шақырылып, сол елдің батыры атанып келген Біліс Нұрпейісов 1919 жылы Қызылорда облысының Қа­за­лы ауданында дүниеге келген екен. Біліс бір жасқа толмай әке-ше­ше­сі Қара­қал­пақстанның Петро-Алексан­дровск қала­сына қоныс аударған. Осын­дай ізде­ніс­тер­дің арқасында кейінгі жылдары Қазақ­станда батырдың есімі атала бастады.

Сапар ағаның үш мәрте Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, атақты ұшқыш Иван Кожедубтің жеке механигі болып қызмет еткен қазақ қызы Мәдина Ысқақова туралы жазған мақаласы да зерттеушілердің назарын бірден өзіне аударды. 1924 жылы Көкшетау облысының Сандықтау ауданында дүниеге келген қайсар қыз 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанған. Кемерово қаласындағы әуе байланысы мектебін бітірген Мәдинаның арманы ұшқыш болу екен. Алайда ол арманы орындалмай ұшақ механигі куәлігіне ғана қол жеткізген қазақ қызы 240-шы жойғыш авиация полкіне қабылданып, майданда Иван Кожедубтің авиамеханигі болып қызмет еткен.

Сапар ағаға Мәскеуде әскери академияда оқып жүрген жылдары үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Александр Покрышкинмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсіпті. Сол жолы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы әріптесінің баға жетпес естеліктерін қағазға түсіріп алған екен. Қырық жылға жуық уақыт жеке архивінде сақталған құнды дүние қазақ батырының биылғы 100 жылдығында «Сарбаз» газетінде жарияланды.

Ардагер ағаны Қазақстандағы әске­ри журналистиканың болашағы алаң­датады. Әр жылдары Мәскеу әскери университетінің журналистика факуль­тетін бітіріп келген бірер жастың басқа салаға ауысып кетуі де ойлантарлық. Отандық әскери баспасөз үшін мамандарды өз елімізде оқыту мақсатында Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы биылдан бастап әскери журналистерді даярлайтын болды.

Сапар аға айтады: «Бұл, әрине, қуан­тар­лық жаңалық. Олар бұл жерден сап дайындығынан бастап, әскери жарғы­ларды жаттап, тактикамен танысып, түрлі атыс қаруларын меңгеріп шығады. Мамандығы бойынша теориялық білім тереңдетіліп оқытылып қана қой­май, олар тәжірибеден өтуі керек. Бола­шақ әскери журналистер БАҚ бетінде мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтеріп, қазіргі заманғы ақпараттық күрес пен оның тәсілдері, қарсы насихат жүр­гізу, арнайы ақпараттық операция ұйым­дастыру, әскери қақтығыстар кезіндегі БАҚ-тың рөлі сияқты басқа да өте маңызды мәселелерді зерттеп, зерделей білуі керек. Ол үшін тәжірибе қажет».

Бар саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған полковник Сапарғали Жағы­паров тәуелсіздік жылдарында әскери журна­лис­тер шоғырын тәрбиелеп шығарды. «Қазақстан сарбазынан» қанат қаққан сол үркердей топ ұстаз сенімін ақтай біл­ген сияқты. Сол топтың ішінде болғаны­мызды біз де әрдайым мақтан тұтамыз.

 

Мұхарбек МАХАМБЕТ,

запастағы подполковник