• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 10 Қараша, 2022

Кіші Аралдың қамы

336 рет
көрсетілді

Арал теңізін қалпына келтіру, Кіші Аралдың қазіргі деңгейін сақтап қалу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тығырықтан шығудың түрлі тетіктері де ұсынылып жатыр. Осы өңірдің тұрғыны ретінде мен де аталған мәселеге қатысты өз пікіріммен бөлісуді жөн көріп отырмын.

Кейінгі кезде Аралға қатысты мә­се­­лені шешу үшін «күріш егуге мо­раторий жариялау керек» деген ұсы­ныс айтылып жүр. Меніңше, бұл тығырықтан шығар жол емес. Кері­­сінше, өңірдегі елді мекендердің жағ­дайын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Өңірде қаншама шаруашылық күріш егумен айналысады. Аталған шаруашылықтарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Мораторий жарияланса, олардың жайы не болмақ? Ең алдымен осыны ескеру керек.

Ел аузында айтылып жүрген екін­ші бір ұсыныс – Ертістің суын құ­быр арқылы дарияға құю. Бұл да бола­шағы жоқ жоба. Өйткені Ертіс – трансшекаралық өзен. Бастауын Қытайдан алып, Ресей арқылы бізге жетеді. Трансшекаралық өзен суларын бөліп пайдалану туралы халықаралық конвенция бар. Бұл ұйымға Қытай мүше емес. Демек Қытай өз аумағынан өтетін өзен суын қалай және қанша мөлшерде пайдаланса да, еркі өзінде. Соңғы жылдары Ертіс суы деңгейінің түсуі соның бір дәлелі. Ал Сібір өзендері Ресей Федерациясының меншігінде. Сырдария мен Әмудария бастауын тәжік және қырғыз мұздақтарынан алып, жолындағы үш мемлекеттің қа­жетін өтеп барып, қазақ жеріне же­теді. Онда да судың жартымсыз бөлігі ғана келеді. Сонда Кіші Аралды қандай сумен толықтырмақпыз?

Менің ұсынысым – дарияның Арал ауданымен шектесетін ең жақын тұсынан Арал қаласына, яғни бұрынғы теңіз портына дейін құбыр бойымен су айдау. Бүгінгі халықтың құтылармен ойпатқа қарай төккен тамшы суларын құбыр арқылы келетін мол суға неге айналдырмасқа?! Әрі қарай Қосаман елді мекенінде жер асты тұщы су қоры бар. Бұл су Арал, Қазалы қалаларын және оларға қарасты елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

Арал ауданы негізінен мал шаруа­шылығымен ғана айналысады. Егістік жоқтың қасы. Себебі бізде ағын су жоқ. Ендеше, неге қалаға дейін жеткен дарияның суын құбыр арқылы ауданның елді мекендеріне жеткізбеске. Тартылған құбырдың бойына жағалай ел қонып, егіншілікпен айналысса, мал бақса, тамаша емес пе?!

Бұл ұсынысты айтудың өзіндік себебі бар. Өздеріңіз білетіндей, ауылдық елді мекендерде халық саны аз, есесіне мал саны бірнеше есе көп. Малға су керек. Ал аралдықтардың қа­зір ішіп отырған суына мал ортақ­та­сып отыр. Егер дарияның суы құбыр ар­қылы жетсе, ауылдардың эколо­гиялық мәселесінің реттелуіне, яғни жақын өрістердің тозбауына, қашық өрістердің айналымға түсуіне, егін, бақша шаруашылығының дамуына жол ашылар еді. Ал балықшы қауым ауын кетпенге, қайығын атқа айырбастап мал бағып, егін егер еді. Тартылған теңіздің табанынан босаған жерлерге сексеуіл мен жыңғыл еге берген абзал.

Жоғарыда айтқанымдай, тәжік пен қырғыз ағайындарға дарияның суы мәселе емес. Егер ортақ өзеннің суын келісіп пайдаланатындай мүмкіндік пен ынта болса, Кіші Аралды қазіргі дең­гейінде ұстап тұруға болады. Бар­лығы биліктегілердің келісімі мен ше­шімдеріне тікелей байланысты.

 

Қайрат МЫРЗАТАЙҰЛЫ,

Қосаман ауылының тұрғыны

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы