• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Ғылым 10 Қараша, 2022

Дара тұлға асқақтаған жыл

331 рет
көрсетілді

Аумалы-төкпелі қазіргі кезеңде қазақ қоғамы үлкен рухани серпіліске ден қойып отыр. Атап айтқанда, мемлекетіміз ұлы тұлғаларын ұлықтап, мерейін асыру жолында барлық шараны жүзеге асырып жатыр. Сондай дара тұлғалардың көш басында қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Әуезовтің тұратыны даусыз.

Биыл 28 қыркүйекте Алматы қала­сында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы қаласының әкiмдiгi, TURKSOY ұйымы, Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған «М.О.Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Әзербайжан, Татарстан, Грузия, Түркия, Мажарстан, Нидерланд және басқа елдердiң жетекшi ғалымдары қатыс­ты. Сонымен қатар бұл жиынға ұлы жазушының перзенті Мұрат Мұхтарұлы Әуезов пен Нидерландыдан немересі профессор Зифа-Алуа Әуезова арнайы келіп қатысты.

Шырайлы Шымкент қаласындағы 80 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің атынан зиялы қауымды ұлы жазушының 125 жылдығымен құттықтап, тарихшы ретінде университет ғалымдарының соңғы жылда ашқан Абай ұрпақтарының М.Әуезовпен байланысы туралы арнайы баяндама жасадым. Сондай-ақ конференцияда университетіміздің жанындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталы­ғының ғалымдары жарыққа шығарған «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» кітабының тұсауы кесілді.

Биыл ірі бетбұрыстарға жол ашатын кезең болып отыр. Күнтізбеміздің тарихи даталармен толысуы да бекер емес. Неге десеңіз, биыл қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне – 150 жыл, қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. М.Әуезов өзінің рухани ұстазы А.Байтұрсынұлы туралы «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласында: «Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ақаңның 50 жылдық тойы. Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді» деген болатын. Осындай даналықпен ұрпаққа үлгі болған ерен істердің болмысына айналған қос заңғардың мерейтойының қатар келуі – тарих пен руханият дәуірінің іргелі бетбұрысы іспеттес.

Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов Ұлы Абайдың жарқын бейнесін өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы өшпестей етіп уақыт жадына жазып кетті. Сонымен бірге Мұхтар Омарханұлы Абайтану ғылымының іргетасын тозбастай етіп қалады. Соның арқасында қазіргі таңда абайтану, мұхтартану атты ғылым салалары бүгінгі қазақ әдебиеті мен әдебиеттанудың шамшырағы іспеттес зор рухани-мәдени локомотивке айналған. Абайтану, мұхтартану салаларын кеңейтіп, рухани қазыналарын молайту мақсатында 2018 жылдың қарашасында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 75 жылдығы аясында университет тарихында алғаш рет «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Содан бері біраз ғылыми жаңалық­тардың куәсі болып отырмыз. Профессор М.Мырзахметұлының 2020 жылдың мау­сым айында «Абайдың «Толық адам» ілімі» монографиясы жарық көрді. «Толық адам» ілімінің шығу тарихы, даму төркіні өте тереңде екені даусыз. Аталған еңбекте: «Тұран жеріндегі б.з.д. VII ғасыр басында «Алып ер Тоңа» (Афрасиаб) туралы жырланған дастанның үзіктері (600 өлең жолы, яғни 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің ХІ ғасырда күллі әлемге танылып «Түрік сөздігі» еңбегі арқылы бізге жетті. Түрік халықтары «Алып ер Тоңа» десе, парсылар «Афрасиаб» дейді. Бұл атаулар мағынасын алғаш рет саралап, мағынасын ашып берген Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни болатын. Афрасиабты бас кейіпкер ретінде танытқан Фердаусидің «Шахнама» дастанын шұқшия зерделесе, ізгілік, жомарттық жайлы ойлар желісінен көптеген тума ой ұшырасады. Алып Ер Тоңаны парсы патшасы Кейқауыс алдап тойға шақырып, қонақ еткенде, шарапқа у қосып өлтіргені б.з.д. 626 жыл болатын. Алып Ер Тоңа туралы ол уланып қайтыс болған соң, кейінгі жылдарда халық аузында жырланған дастан өзінің түркі сөзі арқылы асыл мұра ретіндегі өлең үзіктері бізге жетіп отыр. Алып Ер Тоңа жау қолынан уланып өлерін білген соң, жұртына арнап қалдырған өсиет сөзі бар: «Қойғын маған мәрттікті, болсын менің лақабым», деп айтқан ақырғы өсиет сөзі бізге жетіп отыр. Осы сөзінде ол өзін «ақи» деп атайды, ол сөз оның лақап аты ретінде келер ұрпаққа қалатынын ескертетіні бар. Бұл сөздің терең «жауанмәртілік» ілімінің тұңғыш рухани көрінісі екені байқалады», дейді.

Бұған қоса тағы бір үлкен ғылыми жаңалық – университет ғалымдары тұң­ғыш рет хакім Абайдың «Китаб тас­диқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Әрине, бұл ғылыми жаңа­лықтарымызды мен еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттері арқылы бөліскен едім. Мүрсейіт – Мұхтар Әуезовтің ұстазы. Мүрсейітті жарыққа шығару Мұхтар Омарханұлының арманы болатын. Бұл туралы естелікте: «...осы арада тағы бір ой келеді. Әсіресе, кеңес дәуірінде Абай жинақтары аз басылған жоқ, тираждары да мол болды. Енді 150 жылдық тойға дейін Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі сонда жарқырап шығар еді. Бір әңгімесінде Турағұлдың қызы Ақила (1990 ж. қайтыс болған): – Мұқаңмен бір кездесіп әңгімелескенімде сөзден-сөз шығып, Мүрсейіт туралы айтқанда: «Мүрсейіт қолжазбасы бойынша бөлек Абайдың жинағын құрастыру ой­да болып еді, оның моллалығы кедергі бол­ды ғой деп айтқаны есімде» деген екен».

Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйе­ніп жасалды. Енді осы жаңалық толық­қанды барша оқырманға жетуі үшін біз Абай жылы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының құрметіне орай «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монографияны жарыққа шығардық. Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасына жасаған ғылыми-текстологиялық жаңа­лы­ғымызды Зифа-Алуа Мұратқызы жоғары бағалаған еді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен мәртебе. Хакімнің терең ойлары, философиялық құндылықтары туралы А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, м­ағы­насы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағ­дыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», деген еді.

Абай ұрпақтарына қатысты тағы бір соны жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Бұл – 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Турағұл Ибраһимұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандығы. «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдарының ғылы­ми ізденісінің нәтижесінде Абай Құнанбайұлы ұрпақтарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғанын зор қуанышпен айтқым келеді. Бұл мәрмәртаста Абайдың:

«Жас қартаймақ, жоқ тумақ,

туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір

қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық

артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек»,

деген өлеңімен қоса: «Абай Құнан­баевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы:» орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте:» деп, оған қоса 4 адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Олар:

«Турағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы.

Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.

Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты.

Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай.

Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ.

Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.

Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска.

Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г.Коксай»

Міне, мәрмәртастағы мәтін осылай өрілген. Мемориалды тақта 30 жылға жуық «Химфарм» зауытының арнайы бөлімінде өте ұқыпты сақталып келген. Жәдігер бүгінде университетіміздің «Мұх­тартану» ғылыми-зерттеу орталы­ғындағы құнды экспонаттың біріне айналған. Бұл мемориалды тақтаның тарихы тым тереңде жатыр. Алаш зиялысы Турағұл Ибраһимұлы 1934 жылы Шымкентте тұратын қызы Мәкеннің қолында дүние салған. Кей деректерге сүйенсек Турағұлдың сүйегі сол кезде мұсылмандар зиратына жерленіп, кейіннен ол жерге «Химфарм» зауыты салынып, ақыры мәйіті сол мекеменің астында қалып қойған деген пікірлер айтылып келді. Ал шындық мүлде басқа болып шықты. Фармацевтикалық кәсіпорын 1882 жылдары салынған. Яғни мәйіттің дәрі-дәрмек сақтайтын мекеменің астында қалып қоюы шындыққа жанаспайды. Бұл мәрмәртасты Абайдың немересі Мәкен Турағұлқызының айтуымен «Химфарм» зауыты жасатқан. Тағы бір жаңалығымыз, осы мәрмәртаста аталған Абайдың келіні – Камалия тура­лы. Камалия апамыз жер­ленген зиратты тауып, М.Әуезов атындағы университетінің атынан Абайдың келініне арнайы ескерткіш тақта орнатқанымызды сүйіншілеп айтқым келеді. Өйткені Камалия Абай келіні – хакім Абайдың қызындай көрген ең жақын келіндерінің бірі, әрі Абайды ақтық сапарға шығарып салған да осы апамыз болатын (1962 жылы Шымкентте қайтыс болды).

Сонымен қатар Мұхтар Омархан­ұлының туғанына 125 жыл толуына орай біздің университет ұжымы биыл маусым айында Абай еліне танымдық саяхат ұйымдастырды. Баc-аяғы 50 студент 9 күннің ішінде 5 облыс, 10 елді мекен, 30-дан аса тарихи-мәдени нысанды аралап, 4 мыңнан аса шақырым жерді еңсерді. Танымдық сапарға шыққан студенттер қоғамдық жұмыста белсенді (GPA ұпайы жоғары) 50 студент іріктелді. Сапардың мақсаты – қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің шығармашылығы мен өміріне деген қызығушылықты арттыру, қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау, студенттердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, студенттерді Қазақстанның киелі жерлерімен таныс­тыру, жыл бойы жақсы нәтижеге қол жеткізген студенттерді ынталандыру.

Тағы бір елең еткізер жаңалық­тарымыз­дың бірі университетіміздегі «Мұхтар­тану» ғылыми-зерттеу орта­лығының ғалымдары Ақжол Қалшабек пен Әзім­­хан Исабек, сонымен қатар «Бо­лон процесі және академиялық ұт­қыр­­лық орталығының жетекшісі Лау­ра Хасенова қазан айының 24-28 ара­лығында Нидерланд корольдігінің Лейден университеті мен Қазақстанның Нидерланд корольдігіндегі елшілігінің ұйымдастыруымен өткен М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған Еуропа төрінде өткен халықаралық конференцияға қатысып қайтты. Конференцияда баяндама жасаған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары универ­ситеттің соңғы жылдардағы жұмысымен, ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Мұх­тартанушы ғалым А.Қал­шабектің «М.Әуезов және «Шолпан» журналы», абайтанушы Ә.Исабектің «Әуезовтің ұстазы – Мүрсейіт Бікіұлы» тақырыбында жасаған баяндамалары шетел ғалымдарының ерекше қызы­ғушылығын тудырды.

Мұхтар Әуезов туралы конфе­рен­ция­ның Нидерланд жеріндегі Лейден қаласында өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Себебі жазушының атақты «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші томындағы «Асуда» атты тарауында осы Лейден қаласы туралы айтылады.

Қазақстанның Нидерланд Корольді­гін­дегі Төтенше және Өкілетті Ел­шісі Асқар Жұмағалиев Лейден универ­ситетінің ғалымдары Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызына, Роберт Эрмерске Абай Құнанбайұлының қарасөздері мен Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліне аударылған кітаптарын сыйға тартты.

М.Әуезов кезінде «Рахымды күннің шуағына қызып бір аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық», деп жар салып еді. Біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары алдағы уақытта да өткен тарих мұрасын қастерлей отырып, оны келешек ұрпаққа жеткізу жолында өз ізденістерін жалғастыра бермек. Қорыта айтқанда, бабалар аманатына адалдық танытатын уақыт келді!

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.О.Әуезов университеті басқарма төрағасы-ректор, ҰҒА академигі