• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қараша, 2022

Еуропамен сауда қатынасы жақсарады

310 рет
көрсетілді

Қазір экономикалық стратегияны түрлі бағытта өрбітудің маңызы мен пайдасын түсінетін кезеңге келіп жеттік. Еліміздің экономикалық қатынасын тар шеңберге байлап қойған келісімдер мейлі, бүгін, ертең бұзылмаса да, түбі оның да аяғына жем түсерін болжалдаймыз. Бұл ретте біз үшін Еуропамен алыс-беріс аясын кеңейтудің мәні орасан.

Ұлттық экономика минис­тр­лігінің мәліметі бойынша, соңғы бір жыл бедерінде Еуро­одақ елдерімен тауар айналы­мын 43 пайызға өсіріппіз. 2022 жылдың қаңтар-тамызы ара­лығындағы жалпы сауда көлемі 26,3 млрд доллар болған. 2021 жыл­дың дәл сондай кезеңінде көрсеткіш 18,4 млрд долларды құраған екен. Қазақстаннан ЕО-ға экспорт биылғы 8 айда 50,7 пайызға өсіп, 22,1 млрд долларға жеткен. ЕО-ға қатысты экспорттық әлеуетімізді байытып тұрған бірегей тауар – мұнай. Былтырмен салыстырғанда биыл мұнай жеткізуді 47,5 пайызға көбейткенбіз. Одан бөлек, тас көмір, ферроқорытпалар, өңделмеген мырыш таситынымыз тағы бар. Еуропадағы басты тұтынушымыз – Италия, биыл 8 айда Аппенин түбегіне 9,96 млрд доллардың та­уарын экспорттадық.

Сонымен қатар Қазақстан тауа­рын көп тұтынатын елдер қа­та­рында Нидерланд (3,6 млрд доллар), Франция (1,8 млрд доллар), Испания (1,7 млрд доллар), Румыния (1,3 млрд доллар) және Грекия (1,2 млрд доллар) бар.

Ал Еуроодақ елдерінен Қазақ­станға 4,2 млрд доллардың өні­мі сатылған. Импорт тұрғы­сы­нан да өсім бар, былтырмен салыстырғанда биыл ЕО-дан тауар сатып алу 12,4 пайызға артқан. Біз ЕО-дан негізінен дәрі-дәрмек (524,5 млн доллар), вакцина, қан сарысуы және қан (157,9 млн доллар), ұшу аппараттары (118,1 млн доллар), турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар, газ турбиналары (65,4 млн доллар), жеңіл автомобиль (72,4 млн доллар), ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер (109,9 млн доллар) және есептегіш машиналар (88,0 млн доллар) импорттағанбыз.

Жақында ғана Еуропалық кеңес президенті Шарль Ми­шель елімізге келіп кетті. Ол Қазақстанның ЕО үшін маңызды серіктес екенін айрықша атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, 30 жылда ЕО Қазақстан экономикасына 160 млрд доллардан астам инвестиция салған. Кездесуде ерекше атап өтілген келісім – жаһандық тауар жеткізу тізбегін қамтамасыз етуде маңызы зор халықаралық транспорт маршруттарын дамыту жайы. Биыл күрт күрделенген геосаяси ахуал жағдайында Қазақстанның бұрын ескерусіз қалған дәліздер­ді қайта жаңғыртуға, кейінге қал­дырылып келген кейбір жо­баларға жаңа тыныс беруге белсене кіріскені белгілі. Бұл орайда бізге Еуропаның да бере­рі көп. Сондықтан Шарль Мишель­мен кездесуде Президент Транс­каспий халықаралық көлік бағытын да сөз етті. Ресейге қар­­ша бораған санкциялар зала­лы­ның Қазақстанға тимеу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бұл ретте Қазақстан бірқатар Еуропа елдерімен экономикалық қатынас стратегиясын қайта қа­рап жатыр десе де болғандай. Со­ның бірі – Солтүстік Ма­ке­­дония. Ұлттық экономика ми­­нис­трі Әлібек Қуантыровтың ай­туынша, Солтүстік Македония – Қа­зақстанның сенімді және ұзақ­мерзімді сыртқы экономикалық серіктесі.

«Біз үкіметаралық комис­сияның қызметін бастай отырып, екіжақты қатынастар тари­хының жаңа кезеңін аштық. Елдеріміз арасында нормативтік-құқықтық база құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы, қосарланған салық салуды болдырмау туралы негізгі экономикалық келісімдер жасалды. Тауар айналымының көлемін ұлғайту және жеткізілетін өнім тізімін кеңейту бойынша жұ­мысты одан әрі жалғастыру қа­жет. Қазіргі уақытта біздің алдымызда инвестициялар мен бірлескен өндірістер саласын­дағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша маңызды міндет тұр», деді министр Скопье қаласында өткен сауда-эко­номикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комис­сияның бірінші отырысында.

Министр сөзінен ұққанымыз, Қазақстан, әсіресе Солтүстік Маке­донияның көлік инфра­құрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге мүдделі.

«Қазақстанда қолайлы инвес­ти­циялық ахуал қалыптасты. Жеңіл­детілген салық режімі қол­да­нылады, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп отырады және инвестициялық преференциялар пакеті кеңейтілуде. Біздің стратегиялық міндетіміз – 2025 жылға қарай шетелдік инвестициялар көлемін жылына 30 млрд долларға дейін ұлғайту», дейді ведомство басшысы.

Қарашаның басында Индус­трия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Қайырбек Өскен­баев Францияның Еуропа жә­не сыртқы істер министрі жа­нын­дағы сыртқы сауда және эко­но­микалық тартымдылық жө­ніндегі министр-делегат, Қа­зақ-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештпен кездескен еді. Кездесуде екі тарап өнеркәсіптік газдар саласындағы және энергетика, жаңартылатын энергия көздері, көлік, авиация өнеркәсібі және ғарыш салаларындағы екіжақты экономикалық ынты­мақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әң­гіме барысында Қайырбек Өс­кен­баев Франция Қазақстанның страте­гиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Биыл екі ел арасындағы дип­ло­матиялық қатынастардың ор­нағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттердің қарым-қатынасы барлық негізгі бағыт бо­йынша қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 8 айын­да тауар айналымы 12,2 пайызға, яғни 2,3 млрд долларға дейін өсті», деді Қ.Өскенбаев.

Өз кезегінде Оливье Бешт те екі ел арасындағы сауда қа­ты­нас­тарын жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екендіктерін жеткізді. Айтпақшы, бұл жиынға бізден Энергетика, Ұлттық эко­номика, Денсаулық сақтау минис­трліктері, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнай­Газ», «Эйр Астана» секілді компаниялар, ал француз тарапынан Total, Alstom, Orano, Air liquide, Airbus, CSFN, EDF және Idemia компаниялары қатысқанын ескерсек, алда екі ел арасындағы президенттер деңгейіндегі іссапарлар болуы және біз үшін өте қызықты әрі пайдалы кәсіпкерлік келісімдер жасалуы мүмкін екенін бағдарлауға болады. Қазақстанның атом электр стансасын салу туралы шешім қа­был­дағаны және соның орайында Франция тәжірибесін де қа­рас­тырып жатқандығы белгілі. Егер атом реакторын салуды Қазақстан Франция тарапына сеніп тапсы­ра қалар болса, бұл да елдер ара­сындағы экономикалық қаты­насты одан әрі жандандырып, етек-­жеңін жината түсетін шешім болмақ.

Қазақстан Еуропаның тағы бір әлеуетті мемлекеті Германиямен де қарым-қатынастарды жетіл­діре түскісі келеді. Жақында Ұлт­тық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров Германия экономика және климатты қорғау Федералды министрлігінің департамент басшысы Доминик Шнихельс бастаған неміс делегациясымен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар көмір­текті бейтараптық стратегиясын іске асыруды талқылады. Атап айтқанда, энергия тасымал­даушыларға бағаның өсуі, болжамдарды өзектендіру және қоршаған ортаны қорғау шең­берінде жобаны жетілдіру мәселесі талқыланды.

Доминик Шнихельс экономиканы декарбонизациялау және көміртегі бейтараптылығына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде Қазақстанға өз қаражатын, технологиялары мен білімін инвестициялауға дайын бірқатар неміс компаниясының бар екенін атап өтті. Әрине, бұл біз үшін қуанышты жаңа­лық. Әлібек Қуантыров та Қа­зақ­­стан­ның осы бағытта ынты­мақта­су­ға дайын екенін хабарлап, жаңа экономикалық саясаттың негізгі тармақтары туралы айтып берді.

Тараптар ортақ уағдаға кел­ген тағы бір тақырып – кәсіп­керлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлт­тық жобасының желісі бойынша ынтымақтастықты кү­шей­ту мәселесі. Қаты­су­­шылар Қазақстан мен Герма­ния­ның инвестициялық жобалар­ды жүзеге асырудағы ынты­мақтастығын жоғары бағалап, одан әрі сауда-экономикалық әріптестікті нығай­туға дайындығын білдіріпті.

Жалпы, биыл Қазақстан Иран, Түркия, Әзербайжан, Гру­зия елдерімен қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруге білек сыба­на кірісті десек жөн болған­дай. Еуропа – біз үшін әлі де ашылмаған арал. Қарап отырсақ, қарт құрлыққа негізінен жерасты қазба байлықтарын жөнел­теміз. Экспорттық көзіріміз, сол – мұнай, көмір, тау-кен байлықтары. Сондықтан ЕО-мен қарым-қатынасымызды жаңарта, түлете отырып, экономикамызды әртараптандыра отырып, келешекте адам капиталын, адам капиталы көмегімен жасалған өнімдерді, ауылшаруашылық өнімдерін, шикізаттық емес дайын тауарларды тасымалдау деңгейіне жете алсақ, онда жоғарыда атап өткен 22 млрд долларды еселеп көбейтуге болады.