Президент жақында үш негізгі және үш қосымша заңға жария түрде қол қойды. Алғашқысы құжаттың бірі – «Конституциялық сот туралы» заң. Конституциялық сот – Конституциялық кеңестің орнына құрылатын құзыретті орган. Оның құрамына 11 адам енеді, төрт судьясын Президент тағайындаса, Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуымен үш судьядан Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Жалпы, халықтың арасында «Конституциялық сот неге керек?» деген сұрақ туындап жатқаны белгілі. Елдің әрбір азаматының құқығын қорғайтын мұндай сот халыққа қажет. Қарапайым жұрт енді заңға қатысты қандай да бір мәселе туындаса Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ азамат өздігінен де осы соттың қызметіне арқа сүйей алады. Егер сотта ісі қаралып, өзіне қатысты қолданылған сот шешімін Конституцияға қайшы келеді деп санаса, бұл іс аудандық, облыстық, Жоғарғы соттан өтіп, түйіні тарқалмаған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өз кезегінде Конституциялық сот өзге соттарға тікелей бұйрық бере алмайды. Себебі бұл сот жүйесіне кірмейді. Судьялардың құзыреті – сегіз жыл, олар бір реттен сайланады. Конституциялық сот пен оның судьялары ешкімге тәуелді болмайды, өз алдарына қызмет етеді.
Қолданыстағы заңдарды халыққа түсіндіру бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыста қолға алған бірде-бір құзырлы мекеме жоқ. Жоғарғы сот та, Конституциялық кеңес те заң нормаларын түсіндіре алмайды, Парламент мұндай құқыққа ие емес. Ал Конституциялық сот заңдарды ресми түрде түсіндіріп береді. Мысалы, Президент, Бас прокуратура, Парламенттен осындай ұсыныс түссе, аталған сот міндетті түрде қай заңды болмасын түсіндіруге міндетті.
Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі Конституция арқылы реттеліп, конституциялық заңмен бекітілді. Яғни омбудсмен де тәуелсіз, ешкімге бағынышты болмайды. Егер адам құқығы тапталып жатқан жағдайлар болса, уәкіл Конституциялық сотқа жүгініп, қажет жағдайда құзырлы органдарға тексеріс те жүргізе алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – конституциялық құқығы бар жоғары тұлға. Оның әр аймақта өкілдері тағайындалады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мұндай құқығы әлем елдерінің тәжірибесінде бұрыннан бар, әрі сәтті жүзеге асырылып келеді. Қол қойылған заңдардың ішінде прокуратураның да құзыреті күшейтілді. Заң бұзылса, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылса, прокурорлар да Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Ал қосымша қабылданған заңдар негізгі үш заңды орындауға бағытталған.
Серік АҚЫЛБАЙ,
Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы