• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Қараша, 2022

Ел үшін елеулі оқиға

184 рет
көрсетілді

Бір реттік рақымшылық жасау – еліміз үшін елеулі оқиға. Рақымшылық туралы заңның өзі қаңтар оқиғасынан кейін ұзаққа созылған тергеу-тексеру процестерінің шешуші кезеңі болып саналады.

Әрине, бұл заңның қабылдануы оңайға соққан жоқ. Құжатты да­йындау кезінде қаншама құзырлы мемлекеттік органдардың қызмет­кер­лері тер төкті?! Барлық айғақты, тиісті құжаттарды жинап, саралап, ағы мен қарасын ажырату үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта мемлекетіміз оң шешім шығарып отыр. Заңға сәйкес аса ауыр қыл­мыс жасамағандар бірден бос­­­тандыққа шығады. Ал ауыр қыл­мыс жасағандардың жаза мер­зімі қысқартылады. Бұл жерде мейірімділік актісі зор қызмет ат­қар­ғанын ерекше айтып өткен жөн.

Сондай-ақ гуманизм актісі әділетті қоғам қалыптастыруға үлесін қосады. Әр адам қателік жа­сауға құқылы десек те, дәл қаңтар оқиғасы кезінде көптеген адамның жазықсыз жапа шеккеніне барша қоғам куә болғаны рас. Азаматтарымыздың басым бөлігі арандатушылық топтың жетегінде кетіп, қамауға алынды. Сондықтан мемлекет бұл жағдайды ескере отырып, «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылдау жөнінде шешім шығарды. Бұл шындап келгенде, қаңтар қырғыны кезінде жаза басқандарға берілген зор мүмкіндік.

Рақымшылық әрине толық­қан­ды кешірім жасау дегенді білдірмейді. Мұны қоғам да, жекелеген адамдар да түсінуі керек. Ал рақымшылықтың өзі ұзақ процесс. Заңға қол қойылғаннан кейін рақымшылыққа іліккендер кезең-кезеңмен босатылады. Кейіннен заң талаптарына сәй­кес әлеуметтік мәселелер бо­йынша жұмыстар жүргізіледі. Ұзақ уақыт жұмысынан қол үзіп қалғандар бар, үйсіз жүргендер бар, оларды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа тұрғызу – міне, осының барлығы ауқымды жұмыс.

Қаңтар оқиғасынан кейін әр­бір азамат ойланып, шешім қа­был­дауы қажет. Әрине, таңдау әркімнің өз пайымына қарай жасалады. Мемлекет рақымшылық жасап, түсіністік танытып, қол­дау білдіріп отырған кезде аза­мат­тарымыздың да осы шешімге асқан жауапкершілік қарағаны, қоғамға пайдалы іс қылғаны дұрыс.

 

Аман МӘМБЕТАЛИЕВ,

саясаттанушы