• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2022

Этнос өкілдерінің байқауы

181 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне өзге ұлыс өкілдерінің қызығушылығын арттырып, еліміздегі рухани бірлікті қуаттау мақсатында көркемсөз оқу шеберлерінің «Абай оқулары» облыстық байқауы ұйымдастырылды.

Байқау үш кезеңнен тұрды: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты кезеңде Абайдың бір өлеңі жатқа оқылды. Ал екінші кезеңде Абайдың бір қарасөзі жатқа оқылды. «Көңілім әнді ұғады» атты шешуші кезеңде Абайдың бір әні орындалды.

Мықтының мықтысын анықтайтын бұл байқауға Орал қаласындағы түрлі оқу орындарында оқитын студенттер қатысып, тартысты бәсеке тудыра алды. Ал сайыстың қорытындысына келсек, «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Анна Лапкина, «Поэзия жанашыры» аталымы бойынша Бөкей ордасы колледжінің студенті Валентина Березина, «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша Шыңғырлау колледжінің студенті Диана Чернозубова, «Жас дарын» аталымы бойынша Батыс Қазақстан индустриялық колледжінің студенті Дмитрий Краснобаев марапатталды.

ІІІ орынды Бөрлі колледжінің студенті Мария Овсиенко, Оралдағы «Мақсат» жоғары медициналық колледжінің студенті Зара Бадаева, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті Роман Соколов иеленсе, ІІ орынға Оралдағы «Сервис» технологиялық колледжінің студенті Надежда Минулина, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Виктория Бакаушина лайықты деп танылды. Бәрінен оза шапқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Татьяна Шерстянкина жүлделі І орынды жеңіп алды. Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды тану – адамның өзін өзі тануы» деп данышпан ақынды әлі де зерделеу керектігін алға тартқан болатын. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты да Мемлекет басшысының пікірімен ұштасып жатты.

 

Ғалымжан ЕЛЖАН,

М.Өтемісұлы атындағы БҚУ-дің 4 курс студенті

 

ОРАЛ