Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Қарасөздің хас шебері» атты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының 80 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Мақсаты – өлкемізден шыққан осынау қарымды қаламгердің өмір жолынан жас буынға ақпараттар ұсыну. Жазған шығармаларын, кітаптарын оқырман қауымға насихаттау.
Аталған іс-шараға жазушының бауырлары Шоқан мен Көбеген Ермұханбетовтер, ақын, «Ақтөбе» телеарнасының ардагері Жақсылық Айжанов, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының төрағасы, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әдеби кеш барысында №60 жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы Әлихан Батырқанов «Ерке сылқым» күйін орындаса, Жанерке Ниязбек, Гүлназ Мұрат, Асанәлі Әшім патриоттық тақырыптағы өлеңдер оқыды. Сонымен қатар жазушы туралы деректерден бейнеролик көрсетілді. Жазушының бауырлары қаламгердің өмір жолы туралы сөз қозғады.
Қажығали Мұханбетқалиұлы Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болды. Алматыдағы «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды.
Әдеби кешке «Кемеңгер елдің көркем жазушысы» атты тақырыптық кітап көрмесі қойылып, оған библиографиялық шолу жасалды.
Лаура ЕРІКҚЫЗЫ,
жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы
АҚТӨБЕ