Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында елімізде білім беру ісін жетілдіруді ең бірінші әрі маңызды міндеттердің қатарында атады. Президентіміз бизнес өкілдерімен кездесуінде елдегі білім беру жүйесін толықтай өзгертіп, техникалық кәсіпті игеруге көңіл бөлу керек екенін тапсырды. Мұхамед-Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқыту, білім беру үрдісі Президент тапсырмасы мен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.
Бізде техникалық кәсіпті игеруде басым бағыт ұстану бұрыннан қалыптасқан. Қазір ол одан әрі жетілдіріліп, заманауи тұрғыда даму үстінде. Бұл үшін жан-жақты материалдық-техникалық жарақтандыру жолға қойылған. Оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігі де жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн.
Университетте білім беру ісін өндіріспен ұштастыра жүргізу, теория мен тәжірибені үйлестіру – бірінші кезектегі іс. Бұл ретте барлық резерв көздері қарастырылып, мүмкіндіктер толық пайдаланылуда. Білім беру ісі сөз болғанда біз мектептен айналып өте алмаймыз. Бала бойында білім негізі мектепте қаланады. Осы жерде мектепке мұғалім кадрларын даярлау мәселесіне тоқтала кеткім келіп отыр. Халқымызда «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Ендеше, сол ұстаздарды жан-жақты білімді, кәсіби біліктілігі жоғары етіп даярлау – маңызды іс, мерейлі міндет. Бұл ретте оқу орнының «Ұстаздар институтында» үлгілі жұмыс үрдісі қалыптасқанын айту керек. Бұрындары педагог мамандығын алуға құштар жастар көп болғанын, сол мамандықты игергендерге құрмет жоғары болғанын әке-шешемізден, аға буын өкілдерінен еститінбіз.
Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері мұғалімдік оқуға әйтеуір диплом алу үшін түсетіндер көбейіп кетті. Ұлы мамандықтың қадірін жете түсінбегендер бұл ұстаздықтың беделін де түсіріп жібергенін айтпасақ, жауырды жаба тоқығанымыз. Сапасыз даярланған кадрдың зардабын мектептер тартып жатыр.
Жоғарыда айтқан «Ұстаздар институтындағы» үлгілі үрдіс кейінгі кездері жалғасын тауып жатыр. Бізде білімгерлерге мұғалім мамандығының маңызы мен міндеттері жете түсіндіріледі. Болашақ ұстаздар Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген ұранға бергісіз қағидасын жүректеріне ұялатып, терең түсінуі керек. Сонда ғана мәртебелі мамандыққа деген махаббаты артпақ.
Биыл 150 жылдығы атап өтіліп жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір ұлағатты сөзімен мақаламды «тұздықтай» кетсем, артықтығы болмас. «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрмыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші», деп жазған екен ол 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайында» атты мақаласында.
Бұл жерде «өнерлі» сөзі «білімді» дегеннің баламасы ретінде айтылып отыр. Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын не деген көрегендікпен айтылған сөз. Біз соған куә болып отырған жоқпыз ба?!
Мен университетте педагог кадрларды даярлау мәселесін ғана мысалға келтірдім. Әйтпесе, оқу орнының 7 факультетінде студенттер білім алып жатыр. Біздің мақсат – қоғамға пайдалы мамандар даярлап шығару. Олардың заман талабына сай маман болуы – басты назарда. Мысалы, осыған дейін заңгер, экономист мамандықтарына қызығушылық басым болған. Құқықтық мемлекет қалыптастыруда, экономикалық дәлдіктермен әрекет жасауда бұл екі мамандық та керек. Бірақ экономиканың негізін қалайтын, әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерді шешуге қатысы бар мамандықтар олардың тасасында қалмауға тиіс.
Ғылыми дәлелді деректерге жүгінсек, алдағы онжылдықтарда Орталық Азияда су ресурстарының салдарынан қақтығыстар жиі болуы мүмкін. Әлемдік климаттың өзгеруі, халық санының өсімі, урбанизация мен ауыл шаруашылығының, өндірістің дамуы, экологияның ушығуы және табиғи апаттар (су тасқыны мен құрғақшылық) осындай проблемаға алып келуі ықтимал. Бұл жаһандық даму мен тұрақтылыққа ең үлкен қауіп-қатер болатыны және келешектегі шиеленістердің мұнай мен газ, кен орындары емес, таза ауызсу үшін болатыны анық. Әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттердің өзара және көршілес елдермен су ресурстары тығыз байланысып жатқандықтан, бұл мәселе мемлекетаралық масштабта өзекті бола түсетіні сөзсіз.
Бүгінде көптеген елде бұрын-соңды болмаған су тапшылығы орын алуда. Жер шары халқының саны тез өсіп келеді. Зерттеулерге сәйкес қазіргідей даму қарқынымен 2030 жылға қарай әлемдік су қорында 40% тапшылық болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша 2050 жылға қарай 9 млрд халықты асырау үшін ауыл шаруашылығы өндірісін 60%-ға арттыру және су қорын 15%-ға ұлғайту қажет. Бүгіннің өзінде ауыл шаруашылығы саласы әлемдік су ресурстарының 70%-ын тұтынып отыр. Жоғарыда мен атаған мерейлі міндет осы мәселеден туындап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің «Су саласы үшін кадрлар даярлау бойынша базалық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын анықтау туралы» бұйрығына сәйкес «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы су саласы үшін кадрлар даярлау бойынша базалық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы ретінде анықталсын», деп нақты көрсетті. Бұл – үлкен сенім, үлкен жауапкершілік.
Су саласы үшін кадр даярлауға біздің университеттің таңдалып алынуы негізсіз емес. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 2020 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты және Жамбыл педагогикалық институты базасында құрылғаны белгілі. Қазір университетте «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты бар. Онда болашақ су саласының мамандары даярлануда. Ендігі жерде ел Президентінің тапсырмасын жүзеге асыруға біздің оқу орнында материалдық-техникалық база, жақсы жарақтандырылған зертханалар бар. Кезінде сала мамандарын даярлауға өз үлесін қосқан Ә.Әбдіраманов, Ж.Сүлейменов, С.Қойбақов, Ә.Жұмабеков, С.Мырзашев, А.Сағындықов сынды ғалымдар ортамызда жүр. Олар жас ғалымдарға көмектесуге дайын.
Қазір факультетте ұстаздық қызмет атқарып жүрген Кенжеғали Шилібеков, Адеубай Сейтқазиев сынды профессор-оқытушылар да бұл іске хал-қадерінше үлес қосатыны сөзсіз. Экология әлемдік мәселеге айналып тұрған қазіргі кезеңде университет өз тарапынан мәселені шешуге үлкен үлес қосатынына сенім зор.
Экономикалық игіліктер өндіруде біліктілік пен кәсіби шеберліктің орны бөлек. Ал әділетті қоғамның көсегесін білім мен ғылым көгертетіні ешқашан естен шықпауға тиіс. Біздің білім ордамыз осы мерейлі міндетті жүзеге асыруға барлық мүмкіндік деңгейінде үлес қосып жатыр, қоса да бермек.
Серік СӘЛЕМОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры
Тараз