• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Қараша, 2022

Әр мүсінге үлкен ізденіс керек

202 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына сапары аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқаны баршаға белгілі. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінен кейін Президент бізді қасына шақырып, қолымызды алып, ризашылығын білдірді.

Біздің қайда оқығанымызды, бұған дейін қандай жұмыстар жасағанымызды сұрады. Әріптесім Тимур Ермұхаметов екеуміз мүмкіндігінше бұған дейін жасаған жұмыстарымыз туралы қысқаша айтып бердік. Мемлекет басшысы бізден «Жеке шеберханаларың бар ма?» деп сұрады. Біз бар екендігін айттық. «Бұл жұмыс маған қатты ұнады, әрбір деталына мұқият көңіл бөліп жасаған екенсіңдер. Қаншама жұмыстарды көріп жүрмін, кейбір мүсіндерге көңілім толмайтыны рас. Ал сіздерге көп рахмет, жұмыстарың табысты болсын!» деді. Мемлекет басшысының бұл бағасы біздің шабытымызға қанат бітіргендей болды. Бұйырса алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыстар істеуге тырысамыз.

Әрине, әр тұлғаға арналған ескерткіш сол тұлғаның кел­бетімен қоса, ішкі жан-дүниесін де ашуы тиіс. Ал ол үшін үлкен ізденіс керек.

Ұлт ұстазына қойылған ескерт­кішке келер болсақ, мүсін қоладан құйылған, тұғыры гранит тастан жасалған. Биіктігі – 3,5 метр, тұғыры – 1,5 метр, жал­пы биіктігі 5 метр болады. Алаш арысы Ахмет атамызды білмейтін кісі жоқ шығар. Ұлт ұстазының бейнесін жасау­да ол кісінің мұрағаттардағы су­рет­терін қарадық, жас кезіндегі, қар­тайған шағындағы бейнелерін іздедік. Өмір жолы туралы қай­талап оқып шықтық. Бұл салада 10 жылдан бері жұмыс істеп ке­ле жатырмыз. Бұған дейін де көп­теген тұлғаның ескерткішін жасауға атсалыстық. Бәрі де жұрт­тың көңілінен шыққан туын­дылар.

Мәселен, бұған дейін Алма­тыда ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің бейнесін жасадық. Астана қаласына қо­йылған Әбу Насыр әл-Фараби, Алматыда Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқовтың ескерт­кіштері – біздің туындылар. Жақында Тараз қаласында қо­йылған Шерхан Мұртаза ата­мыздың ескерткіші де біздің еңбек. Тұлғаларға арналған туын­дының сәтті шығуы, оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан-дүниесіне терең үңіл­гендігімізден болар. Өйткені біз өзіміз кірісіп, жасайтын тұлғаның өмірімен толық танысамыз, оқып зерттейміз, суреттерін, бейнематериалдарын ақтарамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырысамыз.

 

Айдос БҮРКІТБАЕВ,

мүсінші