Қазақстанда билік басында болған тұлғалардың Алматыға деген ерекше ықыласына тәнтімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға әрбір сапарынан сондай бір жылылық байқаймын. Алматыға деген жып-жылы ықылас билік басында болған азаматтар үшін дәстүр сабақтастығы ретінде қалыптасып қалғаны жанымды жадыратады.
Кешегі өткен Димекең – Дінмұхамед Қонаев ағамыз Алматыны өмірінің бір бөлшегі ретінде қабылдап өткеніне біз куәміз. Алматының Қазақстан үшін, қазақтар үшін орны бөлек. Қазақстан тарихында орны бар саяси оқиғалардың бәріне Алматы куә болды.
Президент Қ.Тоқаев Алматы сапары кезінде қаңтар оқиғаларына айрықша тоқталды, еліміз үшін сынақ болғанын айтты. Елдік тұтастығымызға сыртқы күштердің әр алуан жолмен араласып, экономикалық топтар мен діни ағымдардың «шайқасы» тұтастығымызға сызат түсіре жаздады. Мұндай оқиғаның енді қайталанбайтынына сенім білдірген Мемлекет басшысы «Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ» деп жүрек түкпірінде қордаланып қалған сырын алматылықтармен бөлісті.
Қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет екенін, Алматының еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы болып қала беретіні Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керектігі де айтылды.
Мемлекет басшысының бизнес, қаржы орталығында өмір сүретін алматылықтарды орташа табыс тұзағында деп сипаттауы өзге басшыларға ой салса деймін. Қазақтың бір азаматы ретінде айтарым, облысты немесе аудандарды басқарып отырған әкімдердің қызметінің көрсеткішін тұрғындарының орташа табысы, жұмысқа орналасу көрсеткішімен бағалау жүйесі енгізілгенде ғана қазақстандықтар орташа табыс тұзағынан құтыла алады.
Қала халқының мәдени менталитетін қалыптастыру дамудың маңызды көрсеткіші екенін, БАҚ руханияттың барометрі болып танылған мәдениет тақырыбына басымдық беруі керек дегенді талайдан бері айтып келемін. Ел басына ауыртпалық түскен қиын-қыстау кезеңдер орнаса да, жалпақ жұрттың да, мемлекет басшыларының жанынан ұлттың зиялысы табылады. Халықтың ортасынан сайдың тасындай іріктеліп шыққан азаматтар саяси шешім қабылдар кезде зиялысының алдынан өтіп, батасын алады.
Мемлекет басшысы Алматының еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы екенін, қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беретінін айтты. Сондай-ақ Президент негізгі мәдениет ошақтары қаланың «тарихи орталығында» шоғырланып қалғанына назар аударды, әкімдіктер қаланың жаңа аудандарында заманауи мәдени орта қалыптастыруы керектігін тапсырды.
Қазақстанда президенттік институттың қалыптасқаны көз алдымызда өтті. Биліктің жеке адамның немесе жекелеген топтардың қолына шоғырлануы дамуға кедергі болғаны, айналып келгенде жеке басқа табынушылықтың әсерінің қандай болғанын бәріміз көріп отырмыз. Мемлекет басшысының «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды» деген бірауыз сөзі алдағы уақытта мемлекетті басқару институттарының мүлдем басқа бағытпен дамитынын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халық, тарих және өз ар-ұжданының алдында жауап береді» деген пікірі біраз адамға ой салатын шығар деп үміттенемін.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы