Осыдан бірер күн бұрын Мексиканың Акапулько қаласында өткен Бүкіләлемдік боксшылар кеңесінің (WBC) конгресінде екінші орта салмақта күш сынасып жүрген қазақстандық Әли Ахмедов пен франциялық Кристиан М’Билли арасында жекпе-жектің өтетіні жайында ресми түрде мәлімделген болатын. Егер осы бәсекеде жерлесіміз жеңіске жетсе, онда алдағы уақытта Әлидің аталған нұсқаның чемпиондық атағы үшін таласуы әбден мүмкін.
Жоғарыда айтылған жаңалықты қазақ елінің жанкүйерлері жылы қабылдады. Өйткені олар Әли Ахмедовтің қарулы боксшы екенін жақсы біледі. Сағатбек Мұсахановтай мықты бапкерден тәлім-тәрбие алған Алматы облысының тумасы әуесқой рингте бірқатар халықаралық турнирде топ жарды. 81 кило салмақ дәрежесінде студенттер арасында әлем және Азия чемпионы атанды. Қазақстан біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Рио Олимпиадасына барудан үміті де болды. Бірақ төртжылдықтың басты додасына оның жолы түспеді. Содан Ахмедов кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Тұсаукесер кездесуін 2016 жылы Астанада белоруссиялық Сергей Крапшилаға қарсы өткізіп, оны бірінші раундта ұрып жықты. Одан кейін қатарынан 15 кездесуде жеңіске жетіп, 12 қарсыласын нокаутқа жіберді.
2020 жылдың аяғында Әли WBC-тың алтын белбеуі үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. АҚШ-тың Флорида штатындағы Холливуд қаласында ол әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген эквадорлық Карлос Гангоромен (18-0, 13 КО) жұдырықтасты. Бастапқыда біздің боксшы басым көрінген еді. Өкінішке қарай, бұл жекпе-жектің 12 раундында жерлесіміз нокаутпен ұтылды. Десек те одан кейін перулық Давид Зегарра, мексикалық Гуеста Паул және америкалық Габриел Росадодан басым түсіп, жағдайын қайта жақсартты. Қазіргі кезде Ахмедов әлемдегі ең белді нұсқалар бойынша мынадай орындарға жайғасты: WBС – 10, IBF – 6, WBO – 13 орын.
27 жастағы Әли Ахмедовтің кәсіпқой рингтегі жиған мол тәжірибесін ескере отырып, WBC-тың басшылығы оған тағы бір мүмкіндік беруді кұп көріп отыр. Егер Сағатбек Мұсахановтың шәкірті франциялық Кристиан М’Биллиді жеңсе, онда АҚШ-тың қос дүлдүлі – Дэвид Бенавидес (26-0, 23 КО) пен Калеб Плант (22-1, 13 КО) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады. Ал осы тартыста бағы жанған боксшы осы салмақта үстемдік құрып, барлық нұсқаның чемпиондық белбеуін иеленіп отырған Мексиканың марқасқасы Сауль «Канело» Альвареспен (58-2-2, 39 КО) айқасады.
Қазіргі кезде Мейірім Нұрсұлтанов пен Қамшыбек Қоңқабаевтың да жағдайлары жақсы. Орта салмақта бақ сынап жүрген 29 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов WBO-ның рейтингінде 4 орында тұр. 31 жастағы Қамшыбек Қоңқабаев WBA тізімінде дәл сол межеден көрінді. Екеуі де әзірге жеңіліссіз келеді. Мейірім 18 рет жеңіске жетіп, 10 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Сондай-ақ ол WBC мен IBF-тің рейтингінде сегізінші орындарды иеленуде. Қамшыбек бес бәсекенің барлығында басымдық танытты. Ауыр салмақта айқасып жүрген ол төрт қарсыласын есінен тандырды.
Белді нұсқалар бойынша ТОП-10-дықтың қатарында Евгений Павлов (WBA-6), Сұлтан Зәуірбек (WBA-8, WBO-10), Сергей Липинец (WBC-8), Жан Кособуцкий (WBA-9, WBC-10) және Бек Нұрмағанбет (WBA-10) бар. Солардың арасынан Кособуцкийдің рекорды өте жақсы. 34 жастағы Арқалықтың тумасы кезінде әуесқойлар арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальды мойнына ілді. Тіпті оның Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азияның үш дүркін чемпионы атанған Василий Левитті ойсырата жеңгенін де көзіміз көрді. Минскіде өткен «А» дәрежелі турнирде Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовтің өзін қапы қалдырды. 2017 жылы Жан кәсіпқой боксқа ауысты. Сол бес жыл уақыт аралығында 19 бәсеке өткізіп, барлығын өз пайдасына шешті. Бір кереметі, ол 18 қарсыласын жұлындай ұшырды. Соңғы рет Кособуцкий әлі де жеңілістің кермек дәмін татпаған германиялық Хуссейн Мухамедті үшінші раундта есінен тандырды. Келесі жылдың басында отандасымыз Арсланбек Махмудовпен жұдырықтасады. Ресейдің Моздок қаласында туып-өскен құмық жігітінің де рекорды өте жақсы. Ол 15 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 14 бәсекелесін нокаутқа жіберді. Егер осы тартыста Жанның мерейі үстем болса, онда ол алтын тұғырға бір табан жақындай түседі.
Ал талай жылдан бері шаршы алаңды шайқап жүрген Жанқош Тұраров, Садриддин Ахмедов, Батыр Жүкенбаев, Руслан Мәдиев, Бекман Сойлыбаев, Иса Ақпербаев және әуесқой рингтен енді ғана ауысқан бір топ қазақ боксшысына өздерін түбегейлі мойындатып, әлемдік тәж үшін таласуға лайық екендерін дәлелдеу үшін әлі біраз еңбектену керек. Сол секілді таяуда ғана алтын белбеу үшін таласып, қарсыласынан оңбай ұтылған Айдос Ербосынұлын да мықтылар тізімінен сызып тастауға болмайды. Алайда ең бірінші кезекте атақ-даңқ емес, адамның денсаулығы маңызды екенін естен шығармаған абзал. Сол себепті де біз қазақтың қайсар ұлының тезірек аяғынан тік тұрып, қатарға қосылуына тілекшіміз.
Бүгінгі таңда Қазақстанның екі боксшысының дәуірі жүріп тұр. Олар – орта салмақтағы Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлы. Жасы 40-тан асқан GGG WBA мен IBF нұсқалары бойынша чемпиондық белбеуді иеленуде. Алғашқысынан тіпті «супер чемпион» деген атағы бар. Жәнібек – WBO-ның теңдессізі. Десек те көпшілік тарапынан 29 жастағы қандасымыздың әлеуеті жоғары бағалануда. Кәсіпқой бокстың «отымен кіріп, күлімен шыққан» майталмандардың өздері келешекте «Қазақ стилі» осы салмақтың абсолютті чемпионы атанатынына еш күмән келтірмейді.
Сол секілді Данияр Елеусінов IBO-ның алтын белбеуін иеленіп отыр. Бұл әлемдегі ең белді нұсқалардың санатында бесінші орында тұр. Яғни толыққанды мойындалған төрт тұжырымның қатарына енбейді. Сондықтан да 31 жастағы Данияр өзін түбегейлі мойындату үшін WBA, IBF, WBO немесе WBC-ның бірінің чемпиондық атағына қол жеткізуге тиіс. Оған қазақ жігітінің күш-жігері жетеді деп ойлаймыз. Кезінде әуесқойлар арасында Олимпиада, әлем және құрлық чемпионы атанып, Азия ойындарында бас жүлдені олжалаған Елеусінов кәсіпқой рингте де өзін жақсы қырынан көрсетіп, 11 жекпе-жектің бәрінде жеңді. Соның жартысынан көбін мерзімінен бұрын аяқтады. Олай болса, Даниярдың жеңісті жолы алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймыз.