• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Қараша, 2022

Бәріне кінәлі – бәтеңке

630 рет
көрсетілді

Мына жарық әлемге алғаш адам аяғы тиіп, тіршілік басталғалы бері айтылатын жалғыз ақиқат бар: өмір – күрес. Сонда жұлдыз аққандай бір сырғып өте шығатын ғұмырда адам не үшін, кім үшін күреседі дейсің. Жаны үшін бе, малы үшін бе, атақ-абырой, жақсы сөз үшін бе, әлде ел мен жер, тіл үшін бе? Бәлки, шындық үшін, әділдік үшін, арынан аттатпас көзқарасы үшін күресер? Ал мәңгілікке созылардай жан дүниеңнің парша-паршасы шығып, өзіңмен өзің күресудің ауырлығы тіпті сұмдық. Алашапқын өмірдің соңғы минуттары түгесілгенше бітпейтін әйтеуір бір күрес.

Шерхан Мұртазаның «Сол бір күз» атты әңгімесіндегі Ноян да, міне, дәл осындай қоңыр күздің қарашасында торы тайдың үстінде күн шуақтап отырған. Кенет сонау биікте шу-шу еткен құрқылтайға қарап, көңілі нілдей бұзылды. Ендігі құстардың да бұл мекенді тастап, жылы жаққа ұшары мезет есіне түсіп, алдағы қысты ойлады. Тобан аяқ болып мектептен қалған былтырғы қысы ұмытылсын ба?! Тимофей шал көтерем өлген өгіздің терісінен шикі шоқай тігіп беріп аман қалған. «Биыл қыста өгіздің терісі табыла ма, табылса, оны Тимо­фей тағы тігіп беруге келісе қоя ма?..» Жалаңаяқ Ноянның дәл сол сәттегі бар уа­йымы осы. Деген­мен дәл сол сәтте өзінің сұм за­манның, қу тір­шіліктің басқа салғанымен іштей күресіп отыр­ғанын аса сезіне қоймайды – бала ғой.

Ноянның торы тайының да көзінде мұң бар. Оның да жаны жаралы. Тай бұл күнде жуасып қалған – оттамастан мүлгіп тұра береді. Ол да бір ойдың шырмауында сияқты. Әрине, әскерге алған енесін іздейді. «Торы тай енді енесін сағынатын болу керек, анда-санда адамша күрсінеді».

Жылқышы баланың жалаң аяқтығын кезекті рет есіне тау түсірді. Тауға таяуда белуарына дейін түскен қарды көріп, Ноян тағы да жалаңаяғын ойлады. Айтқандай, ол әскердегі аға­сына хат жазып қойған, бірақ қалтасында жүріп тозды. Хаттың соңынан ағасынан бір бәтеңке ала келуін өтінген. Ал хатты қайда жіберерін білмейді. Ағасы соңғы хабарында әзір хат жазбай қоя тұрыңдар, белгі өзімнен болады, жаңа адресімді айтып жазамын деп еді, жарты жыл өтті, содан бері дерек жоқ. Бәтеңкені ойлап отырып, хат-хабарсыз кеткен ағасын да сағынады. Соның бәрін астындағы торы тай да сезетіндей ішін тарта демалады.

Біресе құсқа, біресе тауға қарап алдағы қыстың уайымын жеп отырған бала Ноян сонда скрипканың сызылған үнін алғаш рет естіді. Аяқасты ауылдың үс­тінен түскен көшпелілер таборымен келген бұл әуез оған тылсым бір күштей әсер етті. Шашы өрілмей иығына сусып төгілген, алабажақ көнетөз көйлек киген он үш-он төрт жастағы бота көз қыз ойнаған скрипканың үні Ноянға бәрін ұмыттырды.

«Бала бәрін ұмытты. Өткен қысты да, келер қысты да, жа­лаңаяғын да, апасының іңір қараң­ғысында қызылшадан ти­тықтап әрең жетіп, үні бітіп, таң­дайы кеуіп, бір жұтым шалап сұрайтынын да, бригадирдің: «Ай­налайын Ноян, бүгін мекте­біңе бармай-ақ, жылқы бақ», деп жалынатынын да – бәрін-бәрін ұмытқан».

Осы жалаң аяғымен-ақ нәзік музыканың соңынан түу алысқа еріп кете бергісі келді. «Бірақ кешке үйге қызылшадан ерні кезеріп келетін апасын, оған ша­лаптық айран қалдырмай ішіп қоятын інілерін ойлады». Демек, көшке ілесе алмайды.

Ноян табордағы дударбас кісіге таңғалды. Бәрін қайдан бі­леді: әкесі жоқ, ағасы әскерде еке­нін, тіпті астындағы торы тай­дың өзінікі емес, колхоздікі екенін де айтып тұр. «Мұндай тайы бар адам жалаңаяқ жүрмейді ғой» дейді.

Жалпы, сол кезеңдегі бар­лық балалардың тағдыры бір – көке­лері жоқ, ағалары әскерде, жалғыз шеше, жоқшылық, бы­ламық көже, жамау киім, жалаңаяқ, қара жұмыс, хат жазады, хат күтеді, аш қарынға көк алма жеп өскен ұрпақ. Қоғамның бет-бедерінде ап-анық көрініп тұрған осы шындықты қу сау­дагер қайдан білмесін?! Біл­мейтін тек торы тай мен Ноян ғана. Тай енесін сағынады. Ал Ноянға қыстан бір іліп киер бә­теңкемен шықса болды һәм апа­сы қызылшадан шар­шамай қайтса, келгенде үйде шалаптық айран қалса дейді. Басқасы басқа әлемдегі бақыт сияқты көрінеді. Тіпті ойына да алмайды. Ал мына кішкентай қыздың иығындағы «қобыздан» шыққан музыка Ноянды сол бақыты көп басқа әлемге алып кет­кендей болды. «Ақырзаман деген осы шығар...».

Жоқшылықтан, аяққа кірген тікеннен, әр күзде қыстан қор­қып, Тимофей шалдың көңілін аңдау­дан жалыққан Ноян Дударбастың жабық арбаның ішінен алып шыққан «рабочий» бәтеңкесін қалай алғанын да білмей қалды. Саудагер тегіннен-тегін бір тал жусан бере ме?

«Арбакештер жапырақ астына жасырып кеткен қамыттардың бір ілінгенін Ноян тай үстінен көкпарша жұлып алып, постром­кесін салаңдатқан күйі салпылдап кері шапты. Тұяқ астында қызылшаның жапырағы қар­шылдады. Соғыс жылдарының соры қалың аттарының тері сіңіп, қолқаны атқан қамытты жылқышы бала дударбас кісінің алдына шиырып ұрды».

Бәріне кінәлі – бәтеңке. Бә­ріне кінәлі – қытымыр қыс. Бә­ріне кінәлі – қыстан хабар берген құрқылтай. Бәріне кінәлі – басына қар жамылған тау. Тек енесін сағынған торы тай мен жырым балақ, жалаңаяқ Ноян ғана кінәсіз. Содан болар, бала Ноянға қамыт ұрлап беріп алған осы бәтеңкемен енді бәрі өзгеретіндей көрінді. Дегенмен бір бәтеңке, бір қамытпен бәрі оңала қоя ма? Жылы мекенге ұшқан құстар қайтып келе ме? Тау басындағы қар еріп кете ме? Ал жалғыз шешенің «біреудің сабақты инесін алушы болма» деген ақ адал сөзі Ноянның санасынан қалай өшті?.. Әрине, өшпесе керек-ті. Арсыздыққа бару да мұншалықты оңай болмаса керек-ті. Мұның бәрін Ноян­­ның бала жүрегі біледі. Иесінің осыншалықты жаман емес екенін торы тай да сезеді. Көш­тің соңынан шоқырақтап шауып отырып, Дударбас отырған алдыңғы арбаға теңесе бере әлгі «кінәлі» бәтеңкені шатырдың ішіне атып ұрды. Бұл да күрес. Әрине, сасық бәтеңке үшін емес. Адалдығы үшін.

Сөйтіп, бақыты көп басқа әлем де, скрипканың мұңды әуені де, оны ойнаған шашы өрілмей иығына сусып түскен қыз да көз алдынан сағым болып ұшты. Енесін сағынған торы тай мен жалаңаяқ Ноян арбакештердің шаңына көміліп қала берді. Б­әтеңкесіз.

«Биыл қыста өгіздің терісі табыла ма, табылса, оны Тимофей тағы тігіп беруге келісе қоя ма?..».