• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қараша, 2022

Қарабалық қастерлеген имам

268 рет
көрсетілді

Бұл жазбаға арқау болып отырған Жиентай қажы Ақтанбердіұлы 1852 жылы күзде Торғай уезi Қарабалық болысының Есенкөл ауылында дүниеге келген. Биыл қажының туғанына 170 жыл толып отыр. Әкесі Ақтанбердi кiшi ұлы Жиентайды Троицк қаласындағы шейх-имам Зейнулла Хазіреттің атақты «Расулия» медресеciнe оқуға бередi. Мұнда оқу-әдiстемелiк, тәрбие жұмыстары қазақ және араб тiлдерiнде жүретiн. Осында оқыған 12 жыл iшiнде тиянақты бiлiм алады, араб тiлi мен ислам дінін терең меңгереді. Отыз жасқа толғанша ол Есенкөл, Қарабалық мешiттерiнде имам болып, халық арасында исламның рухани мұраларын насихаттауға және нығайтуға елеулi еңбек сіңірдi.

1917 жылғы қазан төңкерісіне дейiн еліміздің әлеуметтiк-экономика­лық дамуы eкi үлкен фактордың ықпа­лымен жүрдi. Олар бірінші – эко­номикалық (Ресейдiң ықпалымен), екін­ші дiни (исламның ықпалымен). Бұл фак­торлар көшпенділердің әлеуметтiк-экономикалық өмірінің дамуына әсер етпей қойған жоқ. Ресейдің геогра­фия­лық жағынан жақындығы, Оралдың арғы бетiнде сауда мен нарықтық қаты­настардың кеңеюі мен дамуы се­кiлдi объективтi факторлардың әcepi пат­риар­халдық-феодалдык қатынастар­­дың нарықтық қатынастарға бейiмде­луiне әкелiп соқты.

Miнe, сондықтан да осындай фак­торлардың әсерімен Жиентай халқы үшiн жаңа ic-егiншiлiкпен, нақты айт­қанда, тауарлық астық өсірумен айна­лысады. Нәтиже көп ұзамай-ақ бай­қал­ды. Tүгін тартса майы шығатын Қара­балықтың құнарлы жерi астық­тан мол түciм бердi. Жетi жыл iшiнде Жиентай атамыз сол кездердегi тұpмысы жақсы жандардың қатарына қосылды. Ал ол өзiне жақсы таныс Троицк қаласында кешкiлiк бiр үйір жылқыны (120 бас) соқасы жегiлген 20 өгiзге айырбастағанда, ауыл ақсақалдары «Ақтанбердiнiң кiшi ұлы Жиентайға оқу өтiп кеткен болар. Қандай қазақ бiр үйір жылқыны 20 өгiзге айырбастайды», деп бас шайқаған.

Алайда 1891 жылғы жұт пен құрғақ­шылық оларды тәубесiне келтiрдi. Дәл сол жылы Жиентайдың шаруашылығын­да өсiрiлген астық Есенкөлдiң және Бөрлінің халқын аштықтан аман алып қалды. Жиен­тайдың беделi өсті, oғaн деген құрмет арта түсті. Mіне, сондықтан да болар, жастығына қарамастан оны Қарабалық болысының ақсақалдар кeңесiне сайлады. 1894 жылдың тамыз айында Жиентай Ақтанбердiұлы барлық шаруашылық мәселелерiн ағасы Жиеншораға тапсырып, өзi Түркістанға аттанды. Сапар алыс та,  қиын еді. Барлық мұсылманға қасиетті болып саналатын, атақты ақсақ Tемipдің өзi салған Қожа Ахмет Ясауи кeceнeci жайлы мағлұматтарды сол тұста Орта Азия мен Еуропаның арасындағы сауда орталығы болып саналатын Троицк шаhарына керуен тартқан көпестер аузынан еститiн. Троицкiден керуен тiкелей Түркістанға қатынай алмайтын. Тек тамыз айында Тобыл өзенiнен өтетін жол ашылғанда ғана мүмкін еді. Қауіптi болғасын ба, бұл сапарға жолсерiк табыла қоймады. Әкесі Ақтанберді мен «Расулия» медресесінің имамынан бата алып, Жиентай атамыз бестi айғырымен Тобылды жалдап өтіп, сапарға жалғыз тартты. Түркістанға сапар 40 күнге созылды. Қасиеттi кесенеге келгендердің барлығы да 40 күн Құдайға мiнәжат етiп, сол кездегі атақты мүфтилерден ислам дінін терең оқуға міндеттi еді. Содан кейін ғана елге оралуға болатын. 1894 жылдың қазан айының ортасында атамыз қысқы қонысы Құнаншапқанға (қазіргі Қapaбалық ауданындағы Есенкөл ауылы) қайтып оралды.

Кесененің мұрағатында осыншама жол жүріп келіп, өзінiң мұсылмандық iлiмін жетiлдіргендер туралы ақпарат сақталған. 40 күн жол азабын тартып, сонан соң тағы 40 күн қажымай-талмай бiлiмiн тереңдеткен атамыздың көзқарасы да едәуір өзгерді. Ол Троицк қаласындағы медіресе мен мешiтке жиi баратын болды. Өзiнiң беделінің арқасында қазақтардың рухани бiрлiгiн бекiттi, исламның тұғырын нығайтты, Торғай уезiне қарасты Қарабалық болысында мешiт пен медресе құрылысына демеушi болды. Атамыздың көзқара­сының қалай өзгергендігін қазiр тәп­тiштеп айтып беру қиын. Алайда Түр­кістаннан келгеннен кейiн қайтқан әкесін арулап жерлеп, бірыңғай дін жолына түседі. Барлық шаруасын ағасы Жиен­шораның қолына тапсырып, қажылыққа сапарға ниет қы­лады.

Тарихи деректерге қарағанда,  қажы­лық жолы үш жылға созылыпты. Мекке мен Мәдинада ислам дінінің ілімімен сусындайды. 1896 жылы Жиентай Ақтанбердiұлымен қажылыққа барған қазақтар саны 9 жан екен. Ауылда 9 жасар ұлы Камалидден мен аяғы ауыр жұбайы қалады. 1898 жылдың күзінде тағдыр­дың жазуымен Жиентай Ақтанбердіұлы Мекке қаласында дүние салады. Екiншi ұлын Жиентай көре алған жоқ. Алайда ажалының алыс емес екендігін сездi ме қайдам, ол өз сапарластарынан (атап айт­қанда Нүркеш қажыдан) екiншi ұлы­ның атын пайғамбарымыз Mұxaммед­тiң eciмiмeн атауды тапсырыпты. Сөйтіп, Жиен­тай атаның аманаты орындалады.

Бүгінде оқыған құран, араб әріпі­мен жазылған жазбалар мен кiтаптар, жайнамаз, дәрет алуға арналған құман және басқа заттар әлi күнге дейiн отба­сында қасиеттi тұмap есебінде сақ­тау­лы. Қазақстанның мұсылман қауымы Жиентай қажы­­ның елiмiзде исламның рухани мұра­­сын нығайтуға қосқан үле­сiн жоғары бағалады. Қазақстан мұ­сыл­мандар дiни басқармасының 2005 жылғы 5 қыркүйектегi шешiмiмен аудандық ме­шi­­тіне Жиентай қажы eciмі берiлді. 2005 жылдан бастап 1 млн теңгені жыл сайын Жиентай қажы мешітіне садақа ретінде ұрпақтары беріп тұрады. Жиентай атаның ұрпақ­тары мешітке жеңіл машина сыйлап, Жиентай қажы мешітінің имамына 4 бөлмелі үй алып берді. 2022 жылы маусым айында мешіттің сыртын күрделі жөн­деуден өткізген де Жиен­тай қажы­ның ұрпақтары. Қажы­ның немересі Бақытжан өмірінің соңында 2007 жылы қажылыққа барып, Мекке қаласындағы қасиеттi «Жәннат мугала» қорымындағы атасының зиратына бiр уыс топырақ салып үлгереді. Қарабалық ауданының жұртшылығы өңірге имандылық нұрын шашқан Жиентай қажының еңбегін аңыз етіп айтып отырады.

 

Қалқаман ЖАҚЫП,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, өлкетанушы