Конституциялық тәртіп пен заңдардың әділеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеті. Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңдардың нақты орындалу тетіктерін күшейту айрықша маңызға ие.
Конституция үстемдігін қамтамасыз етудің ең негізгі шарты – мемлекеттік билікті жүзеге асыруға құзыретті әрбір мемлекеттік органның конституциялық міндеттерін мүлтіксіз атқару. Өзін құқықтық мемлекет ретінде жариялаған барша мемлекеттердің заңнамасында Конституция талаптарының сақталуын қадағалау әртүрлі мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне жүктелген. Бұл – олардың негізгі міндеттері. Осы мақсатта егер заңға сәйкес келмесе, жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік ұйымдарға, өздеріне бағынышты ұйымдардың қабылдаған актілерінің күшін жою құқығы берілген.
Дегенмен бұл мәселеде конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бұл оның негізгі функциясы болып саналатын арнайы орган ерекше орын алатынын атап өту керек.
Мұндай органның тарихына үңілетін болсақ, 1787 жылы АҚШ Конституциясы қабылданғаннан кейін Конгрестің Конституцияға сәйкес келетін заңдарды қабылдауды қамтамасыз ету мүмкіндігі кейбір жағдайда шектеулі екені байқалған. Заңдардың Конгресс мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылдануы және олардың барлығының бірдей заңгерлік білімі болмауы – оның мұның басты себебі болған. «Көпшілік дауыс әділеттіліктің өлшемі бола алмайды», деп әйгілі неміс философы Ф.Шиллер айтқандай, мұндай жағдай – жалпы өкілеттік органдарға тән ерекшелік.
Алайда АҚШ Конституциясында заңның Конституцияға сәйкестігіне күмән туған кезде оның шешімін кәсіби түрде табатын тетіктер қарастырылмаған еді. Осыдан кейін 1803 жылы АҚШ Жоғарғы соты заңдардың конституцияға сәйкестігін тексеру функциясын өзіне алған. Конституциялық бақылаудың кейбір белгілері ежелгі неміс мемлекеттерінен байқалған, бірақ АҚШ-тың бұл мәселедегі тәжірибесі жалпы конституциялық құқық тарихындағы алғашқы жағдай ретінде танылады.
Ғалымдар бүгінгі күні арнайы құрылған органдар арқылы әлемде конституциялық бақылауды жүзеге асырудың үш түрлі моделі қалыптасқанын нақтылап отыр. Олар – америкалық және атақты аустриялық заңгер Г.Кельзен ұсынған еуропалық нұсқа, сонымен қатар, осы екеуінің жиынтығы болып табылатын аралас модельдер.
АҚШ Жоғарғы соты америкалық модель бойынша заңның Конституцияға сәйкестігін тек белгілі бір істі қарау барысында ғана тексере алады. Ал еуропалық модель конституциялық бақылауды арнайы құрылған Конституциялық сот немесе квазисоттық орган – Конституциялық кеңес арқылы жүзеге асыруды көздейді. Бұл модельдің негізгі ерекшелігі – заңдарды қабылдау барысында немесе олардың өз күшіне енгеннен кейін Конституцияға сәйкестігін тексере алатындығында. Еуропалық модельдің өзінің германдық және француздық түрлері бар. Аталған модельдердің немесе олардың түрлерінің артықшылығы мен кемшілігі жөнінде біржақты пікір айту өте қиын. Жалпы алғанда, осы модельдердің қайсысын болмасын өзіндік ерекшеліктеріне байланысты пайдаланып отырған мемлекеттер оларды конституциялық бақылаудың тиімді тәсілі ретінде қолданып келеді.
Қазақстанның конституциялық бақылауды қалыптастырудағы алғашқы және маңызды қадамы осы еуропалық модельге негізделген. Алғашында осы модельдің германдық түріне басымдық беріліп, елімізде Конституциялық сот құрылды. Ал 1995 жылғы Конституция бойынша бұл модельдің француздық түріне негізделген квазисоттық орган – Конституциялық кеңес дүниеге келді.
Қазақстанда алғаш құрылған Конституциялық сот үш жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істегеніне қарамастан, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен қатар заңдылықты нығайтуда, сондай-ақ конституциялық бақылауды дамытуда айтарлықтай із қалдырды. Ең әуелі, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарына тікелей әсер ететін мәселелер бойынша осы сотқа жүгінуге құқылы болды. Бұл Конституциялық соттың қызметі конституциялық бақылауды жүзеге асырудың еуропалық моделіне толық сәйкес келетін. Әйтсе де, бұл органның жойылуы құқық теориясынан тыс себептерге байланысты болды деп пайымдауға болады.
Одан кейін құрылған Конституциялық кеңес жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен конституциялық бақылауды дамытуға айтарлықтай үлес қосты.
Биыл 5 маусымда өткен Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумда қоғам еліміздегі конституциялық бақылауды Конституциялық сот жүзеге асыруы қажеттігін қолдады. Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударған Мемлекет басшысы биыл наурыз айындағы Жолдауында Конституциялық сот құру туралы ұсынысты жариялады.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздегі Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін, дербес және тәуелсіз, мемлекеттік орган – Конституциялық соттың мәртебесі мен оның құзыретін белгілейтін арнайы конституциялық заң қабылданды. Сондай-ақ заңда Конституциялық сотқа азаматтармен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жүгіну тәртібі де нақтыланған. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның конституциялық-құқықтық заңнамасындағы тың жаңалық. Заңның конституциялық сот ісін жүргізуді реттейтін баптары 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Конституциялық соттың заңда белгіленген құзыретінің ауқымы мен оны жүзеге асырудың тетіктері Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Қалай дегенмен де, әділетті мемлекет – ең әуелі әділетті заңдар, олардың ережелерін мүлтіксіз орындау, соның нәтижесінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету екені анық.
Әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған, маңызды әрі күрделі және жауапты осындай жұмысты кәсіби деңгейі өте жоғары, шиеленісті мәселелердің оңтайлы шешімін табуға қабілетті, аса тәжірибелі мамандардың жүзеге асыратындығы сөзсіз.
Заңда белгіленген Конституциялық сот судьяларының мәртебесі, олардың қызметінің кепілдіктері және әлеуметтік кепілдіктердің айтарлықтай жоғары деңгейі судьялардың жауапкершілігін арттыра түседі. Сонымен қатар азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қатаң сақталуына, жалпы конституциялық бақылауды қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді деп сенеміз.
«Нашар заңдармен және білікті қызметкерлермен елді толық басқаруға болады. Ал егер қызметкер нашар болса, ешқандай тамаша заң да көмектесе алмайды» деген сөз бар. Бұдан шығатын қорытынды – әрбір қызметкер өз міндеті мен құзыретіне сай жүктелген жауапкершілікті сезінетін, білікті әрі тәрбиелі маман болуға тиіс. Кәсіби деңгейінің өлшемін жақсы білетін маман ғана қадір-қасиетінің құнын түсірмейді. Жаңа заманға бет алған әділетті Қазақстан осыны талап етеді.
Серік СЫДЫҚОВ,
заңгер