• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2022

Хақың бар, жаңа Қазақстан!

766 рет
көрсетілді

Еліміз шын мәнінде тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мемлекет мүддесі ойдағыдай орындалуына тілектестікпен кейбір жайттарға пікір білдіргіміз келді.

Біздің жұртта жиі байқалып қалатын бір қасиет бар: қандай тақырып туралы әңгіме болса да, ортасындағы алтын жіпті ұстап, тоқтай қалуымыз қиын. Не максимализм, не минимализм жеңіп кетіп жатады. Мұндай ұстаным әсіресе қоғамдық, елдік істерге келгенде қатер тудыруы әбден мүмкін. Әсіре ұраншылдық ұшқалақтыққа ұрын­­дырмаса екен дейсің. Абайламаса, кез келген фанатизм қауіпті! Мәселен, қара­пайым ғана жайт: баланы шектен тыс еркелетудің де екінші жағы болуы мүмкін.

Өз басым моральдық құндылығы жоғары ұғымдардың саяси құбы­лыс­тарда белсенді қолданылғанын қалай­тын едім. Алайда тым жақсы бастамалар күн сайын ерінбеген ауыздың бәрі қайталай бергеннен кейін, табиғи бояуынан айырылуы алаңдатады. Айтыла-айтыла ақжем болып, пафос кеулеген кезекті бір келеңсіз сөзге айналуы ойландырады.

Президент «Әділетті Қазақстан» құруға белсене кірісті. Әділет – жарық дүниедегі тепе-теңдікті қамтамасыз ететін негіздемелік түсініктің бірі. Оның ел саясатының өзегі болуы бізді қуантуы керек әрі халық тарапынан қуатталуы айрықша маңызды. Мейлінше мән беруге тұрады: әділет үстемдігі, әділдік орнату – ортақ жауапкершілік. Ол бір тұлғаның немесе Президенттің жанындағы қызметкерлердің ғана міндеті емес. Теледидардан сүйкімді көріну үшін айтыла салатын лебіз де емес. Көше плакатындағы жалаң лозунг те емес. Көңіліңіз кейде көншіп, кейде көншімейтін жиналыстарды көбейте түсу үшін ойлап табылған ақыл да емес. Қыртысы көп, мән-мағынасы тым терең дүние. Оны әркім-ақ өз жұмысында қолдануға міндетті, жемісін әркім-ақ өзіндік өмірінде сезінуге лайық. Түсініктірек айтқанда, әділдік дегеніміз – жанашырлық, сезімталдық. Жанашырлық болмаған жердегі нәтиже қашанда күмәнді.

Әрине, әділеттейін айтулы жауап­кер­шіліктің вакцинасы болмайды. Оны санаға сіңіру үшін тәнге екпе сала ал­майсың. Бұл ретте идеология, білім беру институттарының, механизмдерінің қажеттігі анық сезіледі. Отбасынан, балабақшадан, мектептен берілетін саналы тәрбие өмір шындығымен ұштасуы аса маңызды. Әдетте теория мен практиканың сәйкесе бермейтіні туралы мәселе жиі көтеріледі. Бұл да со­ның баламасындай. Өспірімге беріл­ген тәрбие мен білім шынайы қолда­нылуымен қымбат.

Жазушылар одағының төрағасы, классик-ақын Ұлықбек Есдәулет күштік құрылым қызметкерлерімен кездесулер өткізіп жүргенінен хабардармыз. Міне, осы секілді жиындардың «әділет» ұғымын орнықтыра түсуде берері көбірек болатындай көрінеді. Байыпты байламы бар, орнықты ұғындыра алатын тұлғалардың сала-сала мамандарымен, шағын топтармен жүздесулерінен келер пайда көп.

Ендігі әрі шығарыпсалма жауап, сөзбұйдалық, жауапкершілігін айқын сезінбеу, ашкөздік, парақорлық секілді көптеген келеңсіз ұғымды көрмеген көшесіне шығарып салуымыз керек. Әділетті Қазақстан дегеніміз – осы.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәр­те­белі жиынында Президент Тоқаев тоқ­талған, БҰҰ туралы бір цитата есімізде қалыпты: «Бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған ұйым» деген. Бұл да сол – әділет сынды қоңторы ұғымды адам баласының әлемдік деңгейде де қаншалықты сұңғыла сезінетінін білдіретін көзқарас.

2011 жылы БҰҰ Бас хатшысының орын­басары болып аттанып бара жатқа­нында Қасым-Жомарт Кемелұлына арнайы «Хақың бар, Қазақ баласы!» деп сөз арнағанбыз. Сол күнгі «Астана ақ­шамы» газетінің бас мақаласы. Бүгін ту­ған еліне қызмет етуге алған жаңа мүм­кін­дігіне тілеулеспіз. Сөзден – іске сәтті сапар болсын!

Қоса айтпауға болмайтын тұс: бұл кезең – еліміздің тарихи тағдыршешті кезеңі. Жұртымыздың жолы айқын, мұраты айдынды бола беруі әркімнің пейіліне байланысты. «Асатпай тұрып, «құлдық» деме» деген қисын бар. Кері­сінше алсақ, «болғызамын» деп тұрған ер­ге сенбеуге жөніміз жоқ. Сенген ләзім.

Әлбетте, бір күйген қанат күлбірегіш келетін шығар. Бір күйген ауыз үрлегіш келетін шығар. Әділетті Қазақстанымыз алтын ортаны сәтімен ұстап, жыл он екі айымыз жасампаз жолдан таймауына зор тілектеміз.

 

Ерболат ҚАМЕН,

журналист