• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қараша, 2022

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

109 рет
көрсетілді

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының еліміздегі сайлауға берген бағасына қатысты пікір білдірді.

Естеріңізге салсақ, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адам құқығы және демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссия­сы «Қазақстанда 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті» деп мәлімдеме жасаған болатын.

«Іс басындағы президент барлық парламенттік партиялар атынан ортақ кандидат тәрізді сайлауға түсті, бірақ оған шын мәнінде бәсекелес болған жоқ. Байқаушылардың сө­зін­ше, негізгі бостандықтары мен құқықтарының шектелуіне байла­нысты азаматтардың саяси үдеріске толық мәнде қатысуы бұрын­ғыша айтарлықтай шектеліп отыр», дейді ЕҚЫҰ арнайы бақылау миссиясының мәлімдемесінде.

ЕҚЫҰ байқаушылары «сайлау науқаны туралы БАҚ-та мардымсыз жазылуы және сараптамалық репор­таждардың жоқтығы, соның ішінде онлайн хабардың болмағаны да сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігін шектеген. Тәуелсіз кандидаттардың прези­денттікке түсуіне рұқсат етілмейтіні, олардың білімі, туған жері, мем­лекеттік қызметте немесе сайлан­балы органда жұмыс істеген тәжі­рибесі туралы талаптар Қазақстан­ның ЕҚЫҰ алдындағы міндетте­мелері мен өзге де халықаралық стан­дарт­тарға сай келмейді», дейді миссия.

Миссия ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның бұған дейінгі ұсыныстары орын­далмағанын, нормативтік-құықтық база халықаралық стандарттарға сай еместігін айтқан. Мәлімдеме қоры­тындысында «алдағы парламент сайлауында бүгін айтылған мәсе­лелерді шешуге мүмкіндігі бар екенін» құлаққағыс еткен.

Бұл мәлімдемеге Сыртқы істер министрлігі былай деп жауап берді:

«ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың 2022 жылғы Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының алдын ала нәти­желері мен тұжырымдары туралы мәлімдемеде объективтіліктің жоқ­тығы байқалады және осы уақытқа дейін республикамыздың қолдауына ие болған ұйым маңызды институт ретінде ДИАҚБ тиімділігіне күмән туғызады.

Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің олардың қызметінде «адам құқықтары мен негізгі бос­тан­дықтарын толық сақтауды қамта­масыз етуге, заң үстемдігі негізін­де әрекет етуге және демократия қағидаттарын жүзеге асыруға» ба­ғытталған қызметіне көмек көрсету мандаты бар екені мәлім (1992 жылғы Хельсинки құжаты).

Мәлімдеме ЕҚЫҰ/ДИАҚБ үшін дәстүрге айналған бейтарап тұжырымдардың трафаретті және біржақты қорытындыларды қамтиды және еліміздегі ішкі жағдайды толық түсінбейтінін көрсетеді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар тобы мен оның басшылығының қызметі Қазақстан Президентінің елімізді трансформациялауға, оны құқықтық дамыған озық қоғамға айналдыруға бағытталған реформаларына қарсы достық емес көзқарасты айқын көрсетті.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының дәлелсіз және фактілермен рас­талмаған айыптау мәлімдемесі сай­лауды бақылаған барлық беделді халықаралық ұйымдардың қорытындысына сәйкес келмейді, бұл оның біржақтылығын тағы да көрсетеді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мәлім­де­месінің мазмұны Қазақстан билі­гімен ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстың жоқтығын көрсетеді және бұл міндетті түрде біздің тарапымыздан ескеріледі», делінген Сыртқы істер министрлігі жауабында.