• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2014

Аудандық газет көшіп-қонып жүр...

337 рет
көрсетілді

Облыстағы Май ауданы ке­зін­де Семей полигоны зардабын көрді. Әлі сызы кете қойған жоқ. Әнші Байғабыл Жылқыбаев, әртіс Шахан Мусин, ғалымдар Мейірхан, Жабайхан Әбділдиндер туған жер. Ауыл-ауылдары ән мен күйдің ортасы, ақын-жазушы, жыршылары аз емес. Сырын бүгіп, Қалмақ қырылған, Ақшиман таулы-дала­ құпиясы жатыр. Малайсары ауы­лында кіл көкпаршы жігіттер тұрады. Осы ауылдарда тұратын орыс-немісіңнің өзі қазақшадан жаңылдырады. Ал аудандық «Шамшырақ» газетінің 70 жылдық тарихы бар. Әкімдік көңіл аудара қоймаған ба, қазақ газетінің ғұмырлы тарихы былтыр атаусыз қалды. Тіпті, редакцияның тұрақ­ты ғимараты да жоқ, анда-мын­да көшіп қонып жүреді. Қазір аудан орталығындағы мәдениет үйі­нің бір бөлмесіне келіп, пана тауыпты. Жолсапарға барғанда әріп­тестеріміздің «көшпелі редакция­ларын» көргенбіз. Апатты жағ­дай­да тұрған ғимаратта еріксіз «заң­сыз» түрде жұмыс жасайды. Облыстық ішкі саясат басқар­масы, аудандық газеттердің жағ­дайын жақсартамыз деген аты дүр­кіреген «Ертіс» холдингі, аудан­ басшылығы «Шамшырақ» газе­тінің жабылуға шақ қалғанын, редакцияға ғимарат, техникалық құралдар, көлік қажет екенін біл­мей­ ме? Көріп-біле отыра, аудандық газеттің тағдырына бей-жай қарап отыр. Редакцияда жұмыс жасайтын айналдырған үш-төрт адам. Екі тілші бар. Тілші жігіт Мейрамбек Қызыр бауырымыздың айтуынша, «Шамшырақтың» басында қандай қиындық болса да, редакция жүктерін көтеріп көшіп-қонып жүрсе де газет шықпай қалған бірде-бір күн болмапты. Жоғарыда аты аталған жергілікті билік орындарына бұл сын, ұят. Аудан әкімі Асхат Жармағанбетов ауданға келген күні-ақ, аудан әкімдігінің тыныс-тіршілігін жазатын газет ұжымына жағдай жасауы керек еді. Өзге тілде білім алған, өзге тілде сөйлейтін Бауыржан Қапенов, Руслан Биляловтар аудандық газетке қамқорлық жасағандары мемлекеттік тіл – мәртебелі ана тілімізді құрметтегеніміз екенін әлі түсінбей жүр ме сонда?.. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Май ауданы.