Футболдан әлем чемпионаты Қатардың бес қаласында орналасқан сегіз стадионда өтіп жатыр. Олар – Лусаилдағы «Ұлттық стадион» (80 000 көрерменге есептелген), Әл-Хаурдағы «Әл-Байт» (60 000), Дохадағы «974 стадионы» (40 000) мен «Әл-Тумама» (40 000), Эр-Райяндағы «Халифа» (45 416) мен «Эдьюкейшн сити» (45 350) және Әл-Вакрадағы «Ахмед бин Әли» (44 740) мен Әл-Джануб (40 000). Доп додасының өтуіне орай арнайы салынған алғашқы стадионның іргетасы 2013 жылы қаланып, төрт жылдан кейін құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл нысандардың барлығы да 2021 жылы пайдалануға берілді.
Бұл – Азия құрлығында өтіп жатқан екінші әлемдік доп додасы. Алғаш рет 2002 жылғы жарысты Жапония мен Оңтүстік Корея қабылдаған болатын. Міне, содан кейін араға 20 жыл салып, мундиаль қайта сары құрлықта өтуде. Десек те, бұл – араб мемлекетінде жалауы желбіреген тұңғыш байрақты бәсеке. Оны ұйымдастыру іс-шараларына 200 миллиард АҚШ долларынан аса қаражат жұмсалды. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында дәл осындай мол көлемде қаржы жұмсалмаған еді.
Әлем чемпионаты алғаш рет күз айларының аяғы мен қыста өтіп жатыр. Өйткені жазда Қатарда ауаның температурасы 50 градусқа дейін көтеріледі. Сол себепті ондай аптап ыстықта доп тебу мүлдем мүмкін емес. Ал қараша мен желтоқсан айларында термометр тілі 20,8-25,4 градусты көрсетеді.
Қатарда 32 мемлекеттің ұлттық құрамалары өзара шеберлік байқасуда. Олар төрт-төрттен сегіз топқа бөлінді. Әр топтан үздік шыққан екі команда плей-оффқа жолдама алады. Топтық турнир 20 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтеді. 1/8 финалдық сайыстарды 3-6 желтоқсан аралығында тамашалаймыз. Ширек финалға шыққандар 9-10 желтоқсанда өзара күш сынасады. Жартылай финалдық бәсекелерді 13 және 14 желтоқсанда көреміз. 17 желтоқсанда Дохадағы «Халифа» стадионында қола жүлдегер анықталады. Ал бас жүлде үшін тартыс 18 желтоқсанда Лусиалдағы «Ұлттық стадионда» өтеді.
Биылғы әлем чемпионатының жүлде қоры 440 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Бас жүлдені олжалаған команда 42 миллион алса, финалда ұтылғаны 30 миллионды еншілейді. Қола жүлдегерге 27 миллион табыс етілсе, төртінші орынға тұрақтағанға 25 миллион тиесілі болады. Ширек финалға шыққандар 17 миллионнан алса, плей-оффтың алғашқы кезеңінде сүрінгендердің есепшотына 13 миллион аударылады. Аталған жарысқа қатысқаны үшін ғана командаларға 9 миллионнан берілсе, дайындық жұмыстарына тағы 1,5 миллион бөлінеді. Сонымен қатар ФИФА өз ойыншыларын мундиальға жіберген клубтарға өтемақы ретінде қосымша 209 миллион төлеуді қарастырып отыр. Осы шығынның барлығын қоса есептегенде, бұл сома 1 миллиард доллардан асады.
Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында қатысушыларға мынадай сомада қаражат төленген: 2018 жыл – 791 миллион, 2014 – 576 миллион, 2010 жыл – 420 миллион, 2006 – 282 миллион, 2002 – 156 миллион және 1998 – 103 миллион АҚШ доллары.
Дүниежүзілік доп додасында Мюнхеннің «Бавариясының» 17 ойыншысы жасыл алаңға шығады. Тарқатып айтсақ, Мануэль Нойер, Леон Горецка, Серж Гнабри, Лерой Зане, Джамал Мусиала, Йозуа Киммих және Томас Мюллер Германияның намысын қорғайды. Францияның құрамында мюнхендік клубтың төрт футболшысы ойнайды. Олар – Лукас Эрнандес, Дайо Юпамекано, Бенжамен Павар және Кингли Коман. Ал Эрик Шупо-Мотинг Камерунның, Альфонсо Дэвис Канаданың, Йосип Станишич Хорватияның, Нуссайр Мазрауи Марокконың, Маттейс де Лигт Нидерландтың және Садио Мане Сенегалдың сапында өнер көрсетеді. Сонымен қатар Қатарға «Манчестер Сити» мен «Барселонаның – 16, «Манчестер Юнайтедтің» – 14 және «Реалдың» 13 ойыншысы келді.
Биылғы әлем чемпионатында өнер көрсететін ең үлкен ойыншы – 40 жастағы қақпашы Альфредо Талавера. Ол 1982 жылдың 18 қыркүйегінде Мексиканың Халиско штатындағы Ла-Барка қаласында дүниеге келді. «Гвадалахара» академиясының түлегі 2011 жылы өз елінің ұлттық құрама командасының сапына қабылданды. Сол кезден бері 33 рет жасыл алаңға шығып, 18 доп жіберіп алды. Сондай-ақ «қарт» ойыншылардың қатарында 39 жастағы канадалық Атиба Хатчинсон (08.02.1983), португалиялық Пепе (26.08.1983), жапониялық Кавасима (20.03.1983) және бразилиялық Дани Алвес (06.05.1983) сынды саңлақтар бар.
Қатардағы ең жас ойыншылардың көшін 20 қарашада 18 жасқа толған Юссуфа Мукоко бастап тұр. Ол Камерунда дүниеге келгенімен, балалық шағы Германияда өтті. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдаған шабуылшы бұл күндері Дортмундтың «Боруссиясы» сапында өнер көрсетеді. Бұл жігітке бундеслигадағы көптеген рекорд тиесілі. Үстіміздегі жылдың 16 қарашасында Оманға қарсы жолдастық кездесуде Мукока алғаш рет Германияның ұлттық құрамасы сапында алаңға шықты. Сондай-ақ ең жас ойыншылардың тізіміне 18 жастағы аустралиялық Гаранг Куол (15.09.2004), испаниялық Гави (6.08. 2004), костарикалық Джевисон Беннетт (15.06.2004) және марокколық Біләл Әл-Ганнус (10.05.2004) сынды сайыпқырандар еніп отыр.