Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ағайындардың қай-қайсысының да түп тарихы, өнері мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті қазақ елімен тереңнен тамырласып жатыр. Бауырлас халықтардың түрлі тараптағы бекем байланысы бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Мәселен, күні кеше ғана ел астанасында басталған ауқымды іс-шаралар өзбек халқының өнеріне арналды. Өзбекстан Республикасының Мәдениет күндері аясында өтіп жатқан рухани жиын екі күнге жалғасады.
Өзбек мәдениеті күндерінің делегациясын Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Бахадыр Ахмедов бастап келді. Онда Өзбекстаннан 100-ге тарта адамнан тұратын Мәдениет министрлігінің, Өнер академиясының және Қолөнершілер одағының шығармашылық ұжымдары бар. Атап айтсақ, делегация құрамында Өзбекстан батыры һәм халық әртісі Муножат Юлчиев, Өзбекстанның халық әртістері Жеңісбек Пиязов, Мансұр Ташматов, Махмұд Намазов, сондай-ақ Мемлекеттік филармония, Юнус Раджаби атындағы «Маком» ансамблі, «Наурыз» би ансамблі және басқа да танымал музыкалық орындаушылар бар.
Өзбек мәдениетінің алғашқы күнінде Астана қаласының ОКЖ-ге қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында екі елдің арнайы кітапханаларының бірлесіп жасаған тұңғыш жобасы Шокир Холиковтің «Шай» қысқаметражды фильмінің көрсетілімі өтті. Айта кетейік, бұл – Канн кинофестивалінде мүмкіндігі шектеулі жандар туралы қысқаметражды фильмдер арасынан бас жүлдені иеленген дыбыссыз туынды. Астана қаласының арнайы кітапханасының атсалысуымен фильм зағип жандарға арналып дыбысталды.
Жиынға Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Республикалық Орталық зағиптар кітапханасының директоры Фарход Джураев, Андижан облыстық зағиптар кітапханасының директоры Урман Нурматов, Навой облыстық зағиптар кітапханасының директоры Бахтиёр Абдуллаев, Қарақалпақстан Республикасы Республикалық зағиптар кітапханасының директоры Алима Ахетова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов қатысты.
Ұйымдастырушылар аталған іс-шара екі ел ынтымақтастығы мен бірлестігін нығайта түсу жұмыстарын молайтып, екі ел кітапханаларының оқырмандар үшін бірлесе жұмыс атқаруының бастамасы болу, сондай-ақ ерекше жандар туралы фильмді көпшілік қауымға, Қазақстан жұртшылығына кеңінен насихаттау, жастардың үлкенге деген, қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен мейірімін арттыра түсуге шамалы болса да түрткі болуды мақсат етіп отыр деді.
Көрсетілім барысында елордадағы Өзбек мәдени орталығының өнерпаздары һәм арнайы мәдени кітапхананың зағип оқырмандары өнер көрсетіп, екі тараптан көрме ұсынылды. Сонымен қатар «Көру қабілеті нашар адамдар үшін қолжетімді орта құру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Одан бөлек Қазақ ұлттық өнер университетінде Өзбекстан Республикасының халық және еңбек сіңірген әртістерінің қатысуымен шеберлік сыныптары өтті.
Өзбек мәдениетінің Қазақстандағы екінші күнінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында шығармашылық ұжымдардың, Өзбекстанның мәдениет және өнер өкілдерінің қатысуымен мерекелік Гала-концерт өтеді. Оған қоса театр фойесінде Өзбекстанның ұлттық қолөнер және бейнелеу өнері үлгілерінің композициялық көрмесі қойылады. Айта кетейік, бұл іс-шараның екіжақты маңызы үлкен. Өйткені 23 қарашада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.