Кеңестік кезең көжесі
Раушан дей-тұғын қарындасыңыз жетпісінші жылдардың ортасында оқу бітірді. Алматыңызда. Қазақ мемлекеттік университеті ғой. ҚазГУ. Бұрымдары тірсегін қағатын құрбысының ғана қамымен жүріп, өзін мұқым-мүлде ұмыт қалдырған қызыңыз осы. Ақеділ, адал дос болды. Құрбысының ғана ғашықтығын гүлдей баптады. Хаттарын тасыды. Табыстарына тасып қуанды. Театрлары мен киноларына бірге барды. Құрбысының шашын өретін. Киімін жөндейтін. Жазба сабақтарын жайбағыстайтын. Өз ауылына бармаса-дағы, құрбысының ауылына бірге сапарлайтын.
«Сөйтіп жүріп, өзімнің шашым жоқтай, өзімнің басым жоқтай, кешігіп жүріп тапқаным мына ініңіз ғой, – дейді Раушан. – Есімі Есіркеп екен. Есіркедім. Мүсіркедім. Махаббат болды деп өтірік айтқым жоқ. Кейде кісінің жынын келтіреді. Мына заманға икемделе алмады. Жасы алпыстан асты. Кеңестік кезең деп күрсінеді де отырады...».
Осы жақында ғана қызық бопты. Ұлдары мен қыздарының бірі Алматыға, екіншісі Таразға дегендей, өздерінің өтендеріне аттанып, Раушаныңыз Есіркеп екеуі ғана ауылдағы қарашаңырақта қалады. Кезекті гөй-гөйін бастап, кеңестік кезеңді мақтап, зайыбының зықысын шығарады. Әдеттегідей әдейі үндемейді. Раушаныңыз.
Әлден уақытта: «Сәбет-сәбетіңді қашан қоясың осы. Сол сәбетіңнің тұсында «супнабор» үшін сегіз сағат кезекте қақталғаның есіңнен шықты ма?» – дейді. Есіркептің есі кірер емес. «Бір сиыр мен бес қойдан артық ұстамайсыңдар деп, әкеңнің биесін айғырымен алып кеткенін өзің айтқансың», – дейді. Раушаныңыз. Есіркепте ес жоқ. «Кілемнің өзін кәсіподақтың кезегіне тұрып, төрт жарым жылда алғанымыз есіңде ме?!» – деп айқайлайды-ай әйелі. Есіркеп нәніпәтір есінейді, нәумез мырсылдайды.
Раушаныңыз ызаланыпты. Төтенше жағдай жариялапты. Іштей. Есіркеп кешкі тамақты күтеді. Жоқ. Таңертеңгі тамақтан үміттенеді. Жоқ. Тоңазытқышты қарағыштайды. Тып-типыл. Асүйдегі анау-мынауларды ақтарады. Қаңырап тұрыпты. Түсте де сол. Кешке қарай Ескеңнің есі ауардай боп, басы шыркөбелек айналыпты.
– Р-ыр-ыр, – дейді. Раушанды құрауға тілі келмейді. – Ау-ау-ау-қат қай-да-а?
Раушаныңыз терезеден теректерге қарапты:
– Кеңестік кезеңіңе кет. Көжесін ішіп кел, – дейді мізбақпастан. «Супнаборды» сылпылдат.
– Кеш-кеш-ке-шірші! – депті Есіркеп жыларман күй кешіп. – Кеш-шір, жа-ным. Кеңестік кезеңнің көжесі құрысын. Қ-қой-дым. Айт-пай-мын бұдан бы-лай...
– Егемендікті енді мойындадың ба? – депті Раушаныңыз.
Есіркептің есі осылай кіріпті.
Мәдени деңгей мәнісі
Алаш ардақтылары, Алашорда асылдары, арғы-бергі замандардағы аймүйіз ата-бабаларымыз аманат еткендей, көркемниетті қазақ баласына көркем мінез ғана жарасар.
Қазіргі қазаққа, мейлі ол басшы болсын, мейлі ол қосшы болсын, мейлі ол бай-бағлан болсын, мейлі ол орташа болсын, мейлі ол кедей болсын, мейлі ол діндар болсын, – бәріне де көп реттерде мәдени деңгей жетіспейтін секілді. Мәдени деңгей және ішкі мәдениет сапасы.
Қай тірлікте де, қандай істе де, нендей әрекетте де мәдени деңгейіміздің түбі көрініп қала беретіні неліктен екен?! Ішкі мәдениетіміздің іріп кететінінде не гәп бар?!
Мәдени деңгей дегеніңіздің не зат, қандайлық қасиет екенін екшемек емеспіз. Мәдени деңгейдің дүр-дүрия дүниесі, өрнекті өзгешеліктері, пәлсапасы мен психологиясы, сапасы мен сипаттамасы хақында айту үшін том-томдап кітаптар жазбақ ләзім.
Біз бұл жолғы бағамымызда бір ғана байқаған жағдайымызға аз-кем аялдап өтпекпіз.
Өткен жылғы мамыр айының соңғы күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында, шырайлы Шымкентіңізде орасан зор оқиға болды. «Бекжан» базарының жанынан ОҚО Орталық мешіті бірнеше жылдан бермен қарата салынып жатқанын жұртшылық жақсы білетін. «Неге базардың қасынан салады?» дегендер де, «Неліктен басқа орын таппағандай-ақ, ойпаң жерден, айнала-төңірегі тар тұстан таңдаған?» дегендер де аз емес-ті. Көптің аузына қақпақ қою қиын. Қазекемнің өзге жұрттан сөзі ұзын екенін данышпан Абай да айтудайын айтқан.
Мешіт – Алланың үйі. Ал енді Алланың үйі көптік етпейді. Ешқашан. Биіктеу, кеңірек, көрнекілеу жерлерден де салына берер. Барша керегімізді базардан ала тұра, базардан таба тұра сол базарды жамандайтынымыз да – мәдени деңгейіміздің, ішкі мәдениетіміздің сапасын аңғартады. Базар мәдениеті де, сайып келгенде, сатарманның һәм аларманның мәдениетіне, ниетіне тікелей тәуелді.
Сонымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті, әлемге әйгілі әйдік тұлға, дүние жүзіндегі ең-ең ерекше байлардың бірегейі Шейх Әл-Нахайанның қамқорлығымен салынған ОҚО Орталық мешіті ардақты есігін айқара ашты.
Алла үйінің алдындамыз. Отырмыз. Отырғандардың басым көпшілігі имамдар, молдалар, өзге де діндар кісілер, ардагерлер, ғалымдар, тағы басқалар. Біріккен Араб Әмірліктерінен жеткен жоғары мәртебелі меймандар. Астана мен Алматыдан шақырылған лауазымдылар. Облысымыз бен Шымкент шаһарының басшылары.
Басшылар, шетелдерден шақырылған меймандар сөйледі. Орнықты ойлар, парасатты пікірлер айтылды. Құттықтаулар оқылды. Сөздердің, құттықтаулардың ара-арасында алаңда отырғандардың көпшілігі, қоршау сыртындағы қалың қауым – мыңдаған адам қол шапалақтады. Кенет әр жерден ашулы да зілді дауыстар естілді: «Аллаһу акбар деңдер! Қол шапалақтамаңдар!» дейді аса ызалы кісілер. Бір емес, екі емес, әлгілер қайта-қайта: «Қол шапалақтамаңдар дедік қой! Аллаһу акбар деңдер!» деп айқайлайды. Ашулы түрде. Міне, мәдени деңгейіңіз. Ішкі мәдениетіңіз... Сондай жерде, Алланың үйі ашылып жатқанда солай зілденуге, ашулануға, айқай салуға бола ма?! Қол шапалақтауға, дәл сол мезетте, бірден тыйым салу мүмкін бе?! Әр тойда асабаларыңыз: «Қошемет! Қошемет! Қол шапалақ қайда, қол шапалақ!» деп, жүз мәртелеп қайталайтын заманда емеспіз бе? Жалпы, мәдениетті түрде қол шапалақтау соншалықты айып па?
Бір қарасақ, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген мәртебелі меймандар мен діндарлар мәдениетті ғана қол шапалақтап отырыпты...
Оқымағанға обал-ақ...
Өз басымыз осы «Оқымағанға обал-ақ...» дегенді айтыңқыраймыз. Жазыңқыраймыз. Алғаш рет, сірә, ғажайып шайырдың ғажап өлеңін оқығанда осылай дедік-ау. Шынында да, адамзат баласы арғы-бергі замандарда небір-небір нағыздарды дүниеге келтірді. Адами затыңыздан шыққан небір-небір жауһар жыршылар, ойшылдар, ақын-жазушылар айтудайын айтты. Жазудайын жазды. Жазып та жатыр. Небір гауһар сөздер, асыл ойлар, парасатты пікірлер тұнып-ақ тұрыпты. Газеттерде. Журналдарда. Кітаптарда. Интернетіңізде...
Оқымағанға обал-ақ...
Бәрін игеру, толайым-тұтас тұтыну, оқып үлгеру мұқым-мүлде мүмкін емес, әрине. Дегенмен, оқу керек. Оқу туралы айтпаған, жазбаған шешен де, көсем де, ойшыл да, данышпан да, көркемсөз қаламгері де жоқ.
Біз бұл жолы басқашалау бір мәністі қозғамақпыз. Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығы алдында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы жарияланды. Екінші жыл, бүкіл байтағымызда жаңаша Стратегия жан-жақты насихатталуда. Талқылануда. Түсіндірілуде. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары топ-топ болып, кең көсілген еліміздің барлық облыстарында, қалалары мен аудан-ауылдарында, ұжым-ұйымдарында, мекемелерінде, оқу орындарында кездесулер, басқосулар, жиын-жиналыстар, «дөңгелек үстел» мәжілістерін, пікір алмасу кештерін, тағысын-тағы іс-шаралар өткізуде. Тек биік буындағы депутаттар ғана емес, облыс, қала, аудандарда да насихатшылар жаппай жұмыс жүргізуде, ақпараттық-үгіт топтары тыным таппауда.
Осылай болуға тиіс. Бәрі жақсы. Бәрі де дұрыс-ақ. Бірақ бәзбір кездесулерден, кейбір талқылаулардан сәл-пәл біртүрлі боп шығасыз. Қанағаттаныңқырамай қайтасыз. Неге олай? Көңіл шіркін неліктен көншімейді? Гәп пен кеп қайда?
Ойға салыңызшы. Сіз сол Стратегияны, «Қазақстан-2050» атты Жолдауын оқыдыңыз ба? Өзіңіз. Мәселенің мәнісі тап осында.
Шыныңызды мойындаңызшы. Оқып шықтыңыз ба? Бастан-аяқ.
Насихат керек. Ақпараттық топтар өте-мөте қажет. Депутаттарға, ғалымдарға, БАҚ-тарға, әкімқараларға, түрлі ұйымдарға, партияларға, т.т. және т.б. насихатшыларға мың да бір рахмет. Бірақ талқылаулардың, кездесулердің, жиналыстардың бірталайы біртүрлі өтетіні рас. Кейбір депутаттарыңыз, басқа да насихаттаушыларыңыздың бәзбіреулері үстірт түсіндіреді. Үйлесімді бұзып баян етеді. Жолдау маңызы мен мазмұнын өздерінің ой жұтаңдығы, сөз қиюсыздығы, пікір қисынсыздығы арқылы қолдан жүдететін «шешендер» мен «көсемдер» аз емес. Интеллектілік жағынан тайыздық, білім-біліктің аздығы, ұлттық мүддеге деген пейіл-пиғылдың ала-құлалығы аңғарылып қала беретін жағдайлар жиірек. Міне, кейде көңіліңіз көншімей, кездесулерден күрсініп қайтатыныңыздың диагнозы, шамамен, осындай-осындайлардан.
Отбасында, мектепте, колледжде, институтта, университетте, ұжым мен ұйымда, мекемеде, ЖШС, АҚ, ЖАҚ, банкте, басқа да жерлерде «Қазақстан - 2050» Стратегиясын оқыған жөн. Бар ындын-ықыласпен, зейін-зердеңізбен, бастан-аяқ, қолға қалам алып, астын сызып, ұғынып оқу керек.
Мына біз де жолдауларды насихаттаймыз. Жақында бір жерде қырықшақты адаммен жүздеспекке бардық. Жиналыс басталмай тұрып: «Стратегия мәтінін оқып шықтыңыздар ма?» – деп сұрадық. Үш-төрт кісі ғана қол көтерді. «Айтып жатыр ғой», – деді бір-екеуі сүлесоқ күйде. Жоғарыдағы бағамымызды жазуға осы оқиға да себеп болды. Баршаның оқып шықпағына қол жеткізейік, ағайын. Біле білсек, Стратегияда түсінбейтін ештеңе жоқ. Тек оқу керек.
Оқымағанға обал-ақ...
Жабыққан жаңғақ
Кеңестік кезеңіңіз. Сексенінші жылдардың соңы. Газеттерде еркіндік пайда болыңқырап, батылдау жазып, батырлау сөйлей бастағанбыз. Шерхан Мұртаза ағамыздың шарықтап, шығандап тұрған шағы. «Байқоңыр – бағың ба, сорың ба?!» деген дүниесі жарияланды. Беделді басылымның бетінде. Мына біз-дағы, әлімізге қарамай, әйдік қаламгердің қаһарлы мақаласына үн қосқанбыз. Басқа уақыт құрып қалғандай, Байқоңырыңыздан тұп-тура сәуір айының басында бірнеше мәрте зымырандар ұшырылады. Ауа райының астаң-кестеңі шығып, егінжайлар тақырға айналады. Қуаңшылық жыл сайын қайталанады. Басқа жақты қайдам-ау, осы Оңтүстіктің алмасы мен өрігі де өзгерді. Тіпті, салмайтынға айналып барады. Маусымның соңына таман тағы да ұшырыла ма, қайран қауын іріп кетеді. Әсіресе, биік қыратты, таулы аудандарда баяғы басыбалды, торлама және кемпір қауындар біржолата бітпеске кетіп барады. Деп жазғанбыз. Жарияланған. Амал нешік, бәрібір, пайда жоқ. Шерағаңшалап шер тарқату ғана ғой.
Тәуелсіздік қолда. Семей полигоны жабылды. Шүкіршілік. Әлемдік деңгейде аталып өтетін болды. Қуанасыз. Алайда, әлі де кеудені күрсін кернейтін жағдаяттар жетіп-артылады. 2007 жылғы 7 мамыр күні Жамбыл облысының Жуалы ауданында жүрдік. Ауылдарды аралап. Қарапайым тұрғындармен кездесіп. Әңгімелесіп. Кенет Кеңес ауылында мамыражай мамыр табан астынан тұлданып, долы жел тұрып, суытып сала берді. Жиырма бес градус жылылық нөл градустан да төмендеп кетті. Кеңес (қазіргі Ертай) ауылының тұрғындары: «Кеше Байқоңырдан бірден екі зымыран ұшырылды ғой. Бірден біздің Жуалының жотасына соғады ылаңы», – десті. Шынында да, желкілдеген жасыл көк қарақоңыр тартып, селеу шөпке дейін қарауытып сала берді. Гүлдеген алма қалтырап, үлпілдектері солғын тартқанын байқадық. Ертеңіне марқұм Ермекбай ағамыздан қалған баудың алма ағаштары түгел дерлік гүлінен жұрдайланғанын көрдік. Қоңырайған діңдер қар кешіп тұрғандай. Бірақ ол қар емес, төгілген гүлдер еді.
Мінекиіңіз, бір жыл бұрын байтағыңыздың Байқоңырынан ұшырылған «Протон» құлады. Қираған тұсындағы жер де аман, көк те аман. Бәрі тап-таза. Зиян-залалы да, зардап-зарары да жоқ. Деп мәлімделді... Мағлұм болды: Содан бірер күн кейін жауған жаңбыр әкелді ме, жоқ әлде, таулы-қыратты өңірлерге ауа ағысы, жел желісі жеткізді ме, кім білсін-ай, кім білсін, «Протонның» пір атқыр гептил деген бәлесі ме, басқа дүние ме, әйтеуір, жаңағы Жуалыңызға, Көсегенің көк жонына, Оңтүстік Қазақстанның таулы аудандарына талай-талай зарарын шашты. Жеміс-жидегіңізге. Көкөнісіңізге. Тағысын-тағыларыңызға. Биологиялық құрамында не боп жатқанын кім білсін, тек сырттай қарағандағы зияндарының өзі шаш-етектен.
«Алма, тағы басқа жеміс-жидектің бір жағы сарғайып, ағарып кетті», десті жуалылықтар. «Жарықтық жаңғақ баулары тұтас бүлінді. Жапырақтары бірден қурап, жемістері қаудырап құрғап қалды», – дейді төлебилік ғалым, профессор Бегман Ысқақ мырзаңыз. – Жылы жақтың жаңғағы жабығулы.
Биылғы сәуірде де зымырандар жиі ұшырылды. Жел қатты тимейтін Шымкентіңізде жеті күн дауыл соқты. Сұрапыл дауыл көп нәрсені қиратып кетті. Жаңғақ тағы жабықты.
Әлбетте, ғарышқа ұшу керек, ұшыру қажет. Алайда, бірден екі-үш зымыран ұшпаса, әсіресе, сәуір-мамырда ұшырмаса. Дейміз дә.
Саябақтағы сүйістер
Шырайлы Шымкент шаһары. Орталық саябақ.
Еменнің түбіндегі орындықта сұлу қыз бен көркем жігіт сүйісіп отыр. Оң жақта – арша ағашының астындағы орындықта да уыздай қызбала мен жап-жас бозбала аймаласады-ай. Сол жақ тамандағы терезеден қарасаңыз-дағы сондай көрініс. Талдырмаш аққайыңның арғы жағында да – қос ғашық.
Былтырғы, яғни 2013 жылғы мамыражай мамырыңызда Шымкентіңіздің Орталық саябағында «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілген. Өзіндік өзгешелігі, өрнегі бар ғимаратыңызға облыстық және қалалық ардагерлер кеңестері орналасқан. Бір бөлме облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшылығына бұйырған. Алтыншы мамырыңызда «Ардагерлер үйі» аса салтанатты жағдайда ашылған.
Ғимаратыңыз қыстың қысталаңдау, лайсаңдау айларында салынған еді. Асты саздау ғой. Қабырғалары мен едендері кеппестен, сыз бүркіп, қыркүйектің соңына қарай ғана көшіп кіргенбіз.
Қалай болғанда да, «Ардагерлер үйінің» ғажайып жақтары жетіп-артылады. Қайбір жылдары қалай болса солай салынған кафелер мен ұсақ-түйек нәрселерге толып кеткен саябақ көріктеніп, көркейген. Жекешелену қаупінен құтылған. Тап-таза. Тап-тұйнақтай.
Саябаққа келіп, сейіл құратын, серуендеп демалатын қариялар да, орта жастағылар да, әсіресе, жастар көп-ақ.
Ғашықтар жиі жолығады. Жеті-сегіз орындықта құптасқан қарлығаштардай, жұптасқан көгершіндердей сырласып, сыбырласып, сүйісіп отырады. Қыста, қар жапалақтап жауып тұрғанда да сөйте-тін. Көктемде, әлбетте, көбейеді. Көбейе берсін. Дейміз. Біз.
Жас жігіттер мен уыздай қыздардың әлгіндейін әдемі қылықтарына қатты ашуланып, айқай шығаратын, ардагерлер кеңестерінің, «Ырыс алды – ынтымақтың» бөлмелеріне кіріп: «Мынау не масқара?!» Не қарап, не тындырып отырсыңдар?! Тыйым салмайсыңдар ма?! Қуып шықпайсыңдар ма парктен?!» – деп долданатын қарт ағалар мен әжелер де аз емес. Күні кеше ғана бет-аузы ашудан тырысып, еріндері көгереңдеген көкеміз де сөйтті.
– Көке, бұлардың бәрі – ғашықтар. Өзіңіз ғашық боп көрмеп пе едіңіз? Саябақта сүйіспеп пе едіңіз? – дейміз біз.
– Жоқ-жоқ-жоқ! Сен өйтіп мәймөңкелеме! Білдің бе?!
– Қазекем сонау он жетінші ғасырда: «Сілекейі бал татыр сүйген жардың» деп әнге қосқан. Сіздің кемпіріңіздің сілекейі тотияйын татып кетсе, ғашықтықты, сүйісті ұмытсаңыз, оған жастар кінәлі емес. Мен де кінәлі емеспін...
Көкеміздің көзі аларып, артынша жыпылықтап кетті. «Мынаның шыны ма, өтірігі ме» дейтіндей.
Шынымыз да, әзіліміз де солай еді. Біздің ойымызша, саябақтарда ғашықтар сүйіседі. Сезімтал, романтикасы қалың болған ата-аналардың ұл-қыздары серуендейді, сырласады. Саябақта сырласып, сүйісіп болып, кітапханаға, театрларға барады. Елдік ескерткіштерді көреді. Түсіністікпен, жас дәуреніңізге деген тәтті сағынышпен, жеңіл ғана күрсініспен, күлімсіреп қараңызшы.
Жеңіл ойлылар, жеңіл жүрістілер әнебір әйгілі көшелердің бойында, белгілі шағын аудандардағы пәтерлерде шығар.
«Ардагерлер үйін» Орталық саябақтан салып берген облыс пен қала басшыларына рахмет жаусын. Дейміз. Біз. Жастарға жақсылық тілей білейік. Ырыс алды – ынтымақ.
Мархабат БАЙҒҰТ,
«Егемен Қазақстан».
Шымкент.