• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Қараша, 2022

Матч созылуына не себеп?

310 рет
көрсетілді

Қазір кез келген футбол жанкүйерінен биылғы әлем біріншілігінің басты ерекшелігі қандай деп сұрай қалсаңыз, ойланбастан доп додасының алғаш рет күз бен қыс мезгілінде өтіп жатқандығында деп жауап берері анық. Бірақ Қатардағы әлем біріншілігінен тағы бір айрықша ерекшелікті байқап отырмыз. Ол – матчтардың әдеттегіден тым ұзаққа созылуы.

Қатардағы теңбіл доп мерекесі­нің бес күні артта қалса да, әр күнгі матч­тарда құрамалар жасыл алаңда 100 минуттан артық ойнайды. Бұл – биылғы әлем біріншілігінің басты ерекшелігі болып тұр. Бір ғана Англия – Иран арасындағы матчты алатын болсақ, әлем чемпионатында ең ұзаққа созылған кездесу ретінде тарихи рекорд орнатты. Яғни матчтың ұзақтығы 117 минутқа созылды. Бас төреші бірінші таймға 14 минут, екінші таймға 10 минут қосты. Ал ойын соңында VAR қарағаны үшін бәсекені тағы 3 минутқа созды. Сондай-ақ ұзаққа созылған матчтар қатарында, Германия – Жапония (106 минут), Франция – Аустралия (105) АҚШ – Уэльс (104), Сенегал – Нидерланд (102) кездесулері бар. Осыдан кейін жанкүйерлер тарапынан әлем чемпионатының ойындары неге ұзаққа созылады деген заңды сауал туындайтыны анық.

Бесінші төрешінің «былығы»

Матчтардың ұзаққа созылуына ФИФА-ның төрешілер құрамына ен­гізген өзгерісі себеп болатын тәріз­ді. Яғни биылғы додадан бастап ойын­дардағы үзілістерді бақылайтын бе­сінші төреші жұмыс істейді. Осы күнге дейін футбол матчтарында тек бір ғана қосалқы төреші қызмет еткен болса, енді олардың саны екеуге көбейді. Сөйтіп, бірінші қосалқы төрешінің қызмет аясы кеңейіп, енді ол төрешілер бригадасының толыққанды мүшесіне айналды. Ал екінші қосалқы төрешінің міндеті – ойын уақытын бақылау. Бұған дейін төрешілер футболшы жарақат алса – бір минут, футболшыларды алмастырғанына 30 секунд деп есептеп, қосымша уақыттың орташа есебін шығаратын еді. Ал жаңа ереже бойынша, қосалқы төреші футболшылардың голды тойлауына, бас қазының VAR қосымшасын қарағанына, пенальти тепкеніне, футболшыларды алмастыруына, сары немесе қызыл қағаз көрсетілуіне, жара­қат алған футболшыға медициналық көмек көрсетілгеніне кеткен уақытты бақылап отырады. Бесінші төреші осының бәрін секундына дейін есептеп, қанша уақыттың «ысырап» болғанын төрешілер бригадасына хабарлайды. Сөйтіп, бас төреші сол уақыттың орнын толтыру үшін қосымша уақытты белгілейді. Қазірше айып добы мен бұрыштама добын орындау мен допты ауттан қосуға кеткен уақытты есепке алып жатқан жоқ. Бірақ алдағы уақытта бұлар да есепке алынуы мүмкін.

Жанкүйерлерге Англия мен Иран арасындағы бірінші таймда қосылған 14 минут тым көп болуы мүмкін, бірақ Иран құрамасының қақпашысына 9 минутқа жуық медициналық көмек көрсетілгенін, оған бір футболшының алмастырылуын, бір сары қағаз көрсе­тілгенін және ағылшындардың үш гол соққанын ескерер болсақ, қосымша уақыттың әділетті түрде қосылғанын аңғарамыз.

Футбол енді 90 минут болмайды

Футбол әлемінде «матч 90 минутқа емес, төрешінің соңғы ысқырығына дейін жалғасады» деген сөз бар еді. ФИФА осы тәмсілді шындыққа айнал­дырып жатыр. Жалпы, әлем чем­пио­­натындағы матчтардың ұзаққа созыл­ғаны ең бірінші, жанкүйерлерге қуа­ныш сыйлайды. Әр ойыны тартыс­ты өте­тін мундиалдағы матчтардың ұзақ­қа созылғанын кім қаламайды дей­сіз. ФИФА енгізген жаңа ереженің де мақ­саты – футболдың шырайын келтіру. Дегенмен жаңашылдыққа үнемі уәж айтып, қарсылық танытатын екінші тараптың болатыны анық. Қазірше ол тарапта телеарналар тұр. Себебі 90 минутқа деп жоспарланған матч үшін (тайм арасындағы 15 минуттық үзіліс пен әр таймға қосылатын қосымша 3-4 минутпен бірге) ТВ арналарға осы күнге дейін эфирден 2 сағат (120 минут) уақыт бөлініп келді. Бұл уақыт оларға артығымен жететін.

Қатардағы әлем чемпионатының ойындарына қарайтын болсақ, теле­арналарға бөлінетін 120 минут аздық етеді. Мәселен, Қатар – Эквадор матчы кемінде 116 минутқа (101 ми­нут ойынның негізгі уақыты + 15 ми­нут­тық үзіліс), Германия мен Жапония кез­десуі 121 минутқа, Франция мен Аустралия ойыны 120 минутқа созыл­ғаны белгілі. Ал Англия мен Иран құра­­маларының текетіресі 132 минутқа жал­­ғасты. Осы уақыт пен телеарналар матчқа дейін және матчтан кейін көрсе­тіп, жан бағатын жарнамаларын есеп­ке алсақ, футболға деп бөлінген 120 ми­нут­тық эфир аз болатыны бел­гілі. Теле­арнаның әрбір минуты қы­руар қаржы тұратынын ескерсек, матч­тар­дың ұзаққа созылуы оларға қосым­ша шы­ғын әкеледі. Бұл өз кезегінде теле­арналардың келісім­шартына кері әсерін тигізеді.

Осыдан 28 жыл бұрын (1994) АҚШ-та өткен әлем чемпионатында жергілікті телеарналардың басшылары ФИФА-ға футболдың ұзақтығын 15 минуттан тұратын үш таймға бөлуді ұсынған еді. Телеарналарға 45 минуттық уақыт өте ұзақ және жарнама беру үшін ыңғайсыз болатын. Аталған ұсыныс қайтадан күн тәрбіне шығатын түрі бар. Бірер жыл бұрын футбол мамандары матчтардың ұзақтығын 30 минуттан екі таймға қысқарту туралы ұсыныс білдіргенімен, ФИФА басшылығы әзірге бұған нақты жауап берген жоқ.

Қазірше телеарналар ФИФА-ның сынақтан өткізіп жатқан тың тәжі­рибе­сіне қарсылық білдірген жоқ. Әлем чемпионаты енді басталғанын ескерсек, қызықтың бәрі алда сияқты.