Болмысы биязы, әдепті, инабатты Роза Айтматова сөз арасында тоқтап, ойланып сөйлеп отырды. Әкесі, анасы жайлы айтқанда көз жиегіне көлкіген жас төгілуге шақ тұрды. Бейне бір жазушының кейіпкерлері секілді сезімтал, артық сөзден ада. Атақты Шыңғыс Айтматовтың қадірлі қарындасымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Қазақстанға қош келдіңіз, Роза Төреқұлқызы! Шыңғыс ағамыздың ерте кезде Жамбылда оқығанынан хабардармыз. Бірақ бұл жайлы деректер көп ұшыраса бермейді.
–1956 жылы Шыңғыс Төреқұлұлы Мәскеудегі жоғары әдеби курсқа қабылдануға өтініш хат жазады. Хатта өзі жайлы мынадай жолдар бар: «Мен Екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта алтыншы сыныпты бітірдім. Ал соғыс уақытында оқуды доғарып, колхозда жұмыс істедім. Тракторшының көмекшісі, комбайншы секілді әртүрлі жұмыс атқардым. Майдан аяқталған соң оқуымды жалғастырып, 8-сыныпқа қабылдандым. 8-сыныпты бітірген соң, Жамбыл қаласындағы техникумға оқуға түстім». Жамбыл – қазіргі Тараз. Осы қалада зоотехникалық-мал дәрігерлік техникум болатын. Онда Орталық Азия, Ресей, Кавказдың оқу мекемелерінен келген мамандар сабақ беретін. Осыған орай бауырыма қатысты техникумда болған бір қызық жайт есіме түсіп отыр. Оқу орнында бір профессор есектану дейтін тақырыпта дәріс өтіпті. Ол есектің қандай жануар екенін, оны қалай бағып-күту керектігі жайлы баяндайды. Алайда техникумда тәжірибе көрсететін дәрісханалар жоқ екен. Сондықтан профессор студенттерге базарға баруды тапсырады. Жамбылда сол кезде Ұлы Жібек жолынан қалған үлкен базар болған. Айналадағы халық мұнда сауда жасауға, тіпті алыс түкпірлерден де ағылып келетін. Соғыстан соңғы кезеңде бәрі атпен, есекпен, өгізге арба жегіп жүретін. Бір жерге тоқтайды да, көлігін байлап, базарға еніп кете береді. Міне, студенттер әлдебір есек байлаулы тұрған жерге келеді. Профессор: «Студент Айтматов, міне, есек, қане жақын тұрыңыз, оның қандай пайдасы бар, айта беріңіз», дейді. Шыңғыс ұстазына жауап беріп тұрғанда, есектің иесі келіп қалады. Ал иесі Шекерден, біздің айылдан болып шығады. Әлгі кісі жақындап: «Шыңғыс, сен мұнда не істеп жүрсің?» дейді, ол: «Мен тәжірибеден өтіп жатырмын. Осында оқудамын ғой» дейді. Біздің Қарағыз деген апамыз болды, сол кісі туыстарының арасында Шыңғысты айтып сыртынан мақтанып жүретін болса керек. Ол уақытта оқу оқитындар саусақпен санарлық еді. Ал әпкеміз «жиенім Жамбылда оқиды, болашақта үлкен білімді адам болады» деп мақтанады екен. Сөйтіп жүргенде жаңағы кісі ауылға келіп: «Қарағыз босқа даурығады, жиені есектің оқуында екен» деп, жоғарыдағы күлкілілеу оқиғаны жұртқа жаяды. Қарағыз апа бұған қатты ренжіп, Шыңғыс демалысқа келгенде онымен сөйлеспей қояды. Шыңғыс болса, «Сізге не болды?» деп сұрайды. Сонда Қарағыз апа: «Неге есектің оқуын оқу үшін шекара асып әуреленіп жүрсің, өзіміздің ауылымызда да бар емес пе?» деп ренжіп.
Шыңғыс осыны айтып күлген еді. Мен апама ешнәрсе түсіндіре алмадым дейді. Міне, 8-сыныпты бітіргеннен кейін оқуға тапсырды дедім ғой. Ол кезде, шынында, оқығысы келетіндер аз болатын. Шыңғыс техникумда бірден екінші курсқа түсіп, үздік бітіріп шықты. Оған анатомияны, биологияны жақсы біледі екенсіз, екінші курста оқуға толық мүмкіндігіңіз бар деген екен. Жамбылда 1946-1948 жылдар аралығында оқыды.
– Жазушы өміріне «халық жауының ұлы» деген айып қалай әсер етті?
– Біздің отбасымыздың тағдырында әкеміздің қасіреті басты рөл ойнады. «Халық жауының отбасы» атану бәрімізге сор боп жабысты. 1937 жылы әкеміз қамауға алынған соң, КСРО-ның Ішкі істер комиссары Ежовтың үкімі шықты, онда «халық жауының отбасы» кеңес билігі үшін қауіпті, сондықтан халық жауының әйелдерін 8-10 жылға алыс лагерьлерге, ал балаларын колонияға жіберу керек» деген жолдар бар. Біз ол кезде Мәскеуде тұратынбыз (менің туғаныма 5 ай ғана болатын). Әкеміз әлгі құжаттың құқайынан қорқып, бізді Қырғызстанға, астанадан алыс, өз айылы Шекерге аттандыруға мәжбүр болды. Шекер – Қазақстанмен шекаралас Талас жерінде орналасқан. Анамыз оны жалғыз қалдырғысы келмеді. Әкеміз отбасын аттандырып жатып жан жары Нағимаға: «Ең бастысы, балаларды құтқару керек. Негізгі ісіміз – оларды аман алып қалу. Әйтпесе, балалар үйіне немесе колонияларға жібереді, бір-бірін танымай өсетін болады», дейді.
Анамыз сондықтан төрт баласын алып Мәскеуден Шекерге келді. Маймақ бекетінен (Маймақтан Шекерге дейін жиырма километр) туыстарымыз арбамен келіп, бізді айылға жеткізді. Әкеміз болса НКВД мекенжайымызды біліп қояр деп қорқып, тіпті телеграмма да жолдай алмады. Сондықтан анамыз Шекерден көшіп, біздің фамилиямыз көпке беймәлімдеу бір ауылда өмір сүруге шешім қабылдады. Әкеміз Қырғыз АССР-і жетекшілерінің бірі болғандықтан, фамилиямыз жалпақ жұртқа мәлім еді.
– Шыңғыс Төреқұлұлының балалық шағынан бір үзік сыр айтсаңыз.
– Қазіргі Бішкектегі Киевская мен Раззакова көшелерінің қиылысында оның мүсіні қойылды. Міне, осы арада ертеректе балабақша бар-тұғын. Ескерткіш шамамен сол балабақшаның ауласында тұр. Мұны маған анам көрсеткен болатын, ол тұста балабақша жұмыс жасап тұрған. Ал қазір бұл маңда үлкен үйлер қаптап кетті. 1934 жылы (бұл қырғыздар мен қазақтардың отырықшы өмірге бейімделіп жатқан кезеңі еді) болса керек. Сол уақытта бізде «Лениншіл жас» атты жастар газеті шыға бастады, ол жерде Райхан Шукурбеков (кейіннен ол кеңінен танымал ақын-сатирикке айналды) деген журналист қызмет жасайды. Редакциядан оған балалардың мектепке даярлығы туралы мақала әзірлеу жөнінде тапсырма беріледі. Журналист жаңағы балабақшаға келіп, ересектер тобындағы балалармен кездеседі. Айнала қоршай отырғызып, оларды әңгімеге тартады. «Балабақшада өздеріңді қалай сезінесіңдер, үйлеріңде қандай іспен шұғылданасыңдар? Туыстарың сендерге ертегі оқып бере ме?» Осы секілді сұрақтар қояды. Міне, сонда топ баланың ішінен біреуі қысылып-қымтырылмай, емін-еркін сұрақтарға жауап береді. Райхан Шукурбеков әлгі баланы ғана қалдырып, қалғандарын тобына қайтарады. Ал бұл бала Шыңғыс Айтматов еді. Ол: «Менің үйімде өзімнің арнайы бұрышым бар, ол бұрышты жасауға маған папам көмектесті. Ол жерде менің ойыншықтарым, ертегі кітаптарым, альбом, түрлі-түсті қаламдарым бар. Мен қазірдің өзінде әріптерді білемін, оқи аламын, сонымен бірге жазуды үйреніп жүрмін», дейді.
– Ал ең сүйікті ойыншығың қандай? дегенде, ол: «Машина» дейді. Ол кезде қазіргідей көп ойыншық болған жоқ, машина жаңа ойыншығы болған шығар.
– Өскенде кім боласың? дегенде, – Шопыр боламын, – дейді. Бірақ ол өздеріңіз білетіндей, шопыр болған жоқ.
Бірде онымен Бішкектен Ыстықкөлге бардым. Ол көлікке отырды да, бірден ұйықтап кетті. Көлік тоқтаған кезде: «Оһ, көлікке отырмай жатып бірден ұйқыға кетемін де әртүрлі түстер көремін, қажыдым осыдан», деді. Меніңше, ол көп ойланатын, ойша елестетіп бейнелерді сомдайтын, осының бәрі оның түсі болып көрініс табатын, үнемі түс көріп жүруші еді.
– Жазушы өзіне айтылған сынды қалай қабылдайтын?
– Алғашында оны Тоқомбаев, Байтемиров, Уметалиев сынды аға буын жазушылар онша қабылдаған жоқ. Өйткені олар секілді емес, басқаша жазды. Шығармалары кеңестік идеологиямен сәйкеспейді деп және кінә тақты. Оған, әрине, ауыр тиді. Әр сөйлеміне шүйлігіп, жиналысқа да салды «қырағы» әріптестері. Алайда Кенеш Асаналиев, Камбаралы Боболов, Сабиржан Жигитов сынды жас сыншылар оған керісінше қолдау білдірді. Үлкендер жағы сыпыра сынап жатты. Одақтық «Новый мир» журналына «Жәмила» жарияланып, француз жазушысы Луи Арагонның назарын аударар тұста, басылымның редакторы Александр Твардовский болатын. Повесть жарық көрген соң сыни пікірлер сап тыйылды, өйткені олар Мәскеуге қарсы шыға алмайтын еді. Твардовский: «Алдымен біз орыс тілінде Мәскеуде жариялаймыз, сосын Қырғызстанда қырғыз тілінде жариялана берсін. Сонда олар сені сынай алмайды», деген кеңес айтыпты. 1963 жылы «Тау мен дала хикаялары» үшін ол Лениндік сыйлыққа ие болды. Барлық ұлы жазушы секілді оны да орынды-орынсыз әрдайым сынап отырды. Бірақ кейіннен ол сынап-мінеушілерді назарға алмады. Оларға көңіл аудармайтын, жауап беруді қажет етпейтін рухани биікке шықты. Мен кейде: – Кеше газетке былай деп жазыпты, – деп ашынғанымда, салқын ғана: – жарайды, жаза берсін, – дейтін.
– Қазақ жазушыларынан кімдерді жақын тұтты?
– Жастау кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамеджанов сынды жазушылармен достық қатынаста болды. Бір қызығы, ол қандай да бір дүние жазған кезде қазақтар қырғыздардан бұрын шығарма бойынша спетакль қойып жүрді. Алматыға «Ана – Жер-Ананың» премьерасына келгеніміз есімде. Сол шақта әртүрлі жазушылармен аралас-құраласып тұрды. Шыңғыс Төреқұлұлы мен Қалтай Мұхамеджанов бірлесіп «Көктөбедегі кездесуді» жазды. Соңғы жылдары Мұхтар Шахановпен жақын достық қарым-қатынаста болды. Шаханов Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болғанда, отбасымызбен араласып тұрдық. Олар бірігіп «Құз басындағы аңшының зарын» жазды. Әрине, ең үлкен қолдауды әуелгіде ұлы Мұхтар Әуезовтен көргені айтпасақ та белгілі.
– Ағаңызбен соңғы кездесуіңіз есіңізде ме?
– Соңғы жылдарда ол шетелде, Бельгияда тұрды. Бірақ елге жиі келіп тұратын. Бірде Бішкекке келіп, біз сонда кездестік. Сосын Алматыға кетіп, сол жақтан маған хабарласты. Мәскеуге кететінін, одан әрі Қазанға баратынын айтты. Мен оның өтініші бойынша Бішкектегі мектеп оқушыларымен кездесуге тиіс болдым. Мектеп директорына оқушылармен кездесуге келетіні жайлы уәде беріпті. Көп оқу орындары онымен кездесуді қалайтын. Бұл мектеп те солардың бірі екен. Маған кездесуге келе алмайтынын айтты. «Сен кездесуге бар, олардың сұрақтарына жауап беретініңе сенемін», деді. Мен келісім бердім. Өзі Мәскеуге аттанып кетті. Ал Мәскеуде өзін жайсыз сезіне бастапты. Қырғызстанның Ресейдегі елшілігіндегі қызметкер маған «ол өзін нашар сезініп, дәрі әкеліп беруімді сұрады. Мен әкеліп беріп, осында қалып емделуді ұсындым. Мұндай ауыр жағдаймен Қазанға баруға болмайтынын айттым. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы «Қазанда кино түсіретін топ келуімді қалайды, сондықтан сапардан бас тарта алмаймын. Мына дәріні ішемін де барамын» деді», – деп болған жайтты елші айтып берді. Сонымен ол дәріні ішіп, Мәскеуден Қазанға баратын ұшаққа отырады. Кенет жағдайы нашарлай бастайды. Татарстан президенті Минтемир Шаймиевтің өзі келіп, Германияға аттандыруға шешім қабылдайды, өйткені қаламгер ақыл-есін жоғалтып алған еді. Германияда жақсы мамандар қарады. Соңғы рет телефон арқылы сөйлестік. Ол Алматыдан қоңырау шалған болатын.
– Жәмиланың прототипі бар ма?
– Біздің ауылда көптеген әйел «Жәмила менмін» деп жатады. Бірақ олардың қайсысы шын Жәмила екенін мен білмеймін. Ауылда ол кезде тағдыры Жәмилаға ұқсас әйелдер жетерлік еді ғой. Мүмкін солардың бірін кейіпкер етіп алған шығар.
– «Құс жолы» повесіндегі кейіпкерлер сізге таныс па?
– Толғанай, шынында, өмірде болды, Жейде деген ауылда тұрды. Оның Субанбек деген ұлы болатын. Соған соғысқа шақырту келеді. Субанбек майданнан оралып келгенше өз орнына колхоз басына білімді және ұқыпты адамды қойғысы келеді. Оған біреулер есепші ретінде адал, жақсы адам деп менің шешемді, Нағима Айтматованы жұмысқа алуды ұсынады. Сонымен біз Жейде ауылына барып, Толғанайдың үйінде тұрдық. Толғанай апаның Әсел атты келіні болатын.
– Анаңыз қандай адам еді?
– Соғыстан кейінгі ауыр кезеңді бастан өткердік, анамыз Нағима біздің отбасымызға тағылған айыптан соң адам өміріндегі білімнің қандай маңызды рөл ойнайтынын жақсы түсінді. Өте білімді, медреседе мұсылманша хат таныған діншіл адам еді. Сол кезеңдегі ақыл-білімі озық жандардың сапында болды. Ол біздің жоғары білім алуымыз үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Шыңғыс әлемге әйгілі жазушыға айналды. Одан кейінгі ұлы Ильгиз геолог-ғалым. Люция болса энергетик еді, бірақ денсаулығына байланысты еңбекке ұзақ араласа алмады. Ал өзім өмір бойы физикадан сабақ бердім. Анамыз адамгершілігі мол, өз бойында бардың бәрін балаларына арнап, олар үшін үлкен жақсылықты жасай білді. Ол өте өнегелі, парасатты жан еді.
– Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсіз?
– Бізде 8 қараша – тарихты, ата-бабалаларды еске алу күні деп аталады. Осы күні біз «Ата-бейітке» барамыз. «Атабейіт» деген батыр бабаларымыз қуғын-сүргінге ұшырап, қаза болған жер. Өткен жолы сонда барып конференция өткізіп, есіл ерлерді еске алдық. Жақында Асан Ахматов екеуміз «Атабейіт» атты кітап жаздық. Сол жерде «Атабейітте» көмілген аталар жөнінде көп дерек бар. Осы кітапты шығарып, қазір тұсаукесерін өткізіп жүрміз. Бабаларымызды 1937-1938 жылдары қамап, ату жазасына кесіп, ешкімге білдірмей сүйектерін шұңқырға тастап, жасырып қойған. Бұл туралы ешкім білген емес. 1953 жылдан кейін қазба жұмыстары нәтижесінде «Атабейіттен» аталарымыздың құжаттары табылды. Соның арқасында ол жерге кімдер көмілгені анықталды. Бұл – қасиетті жер. Көп жыл атамызды іздеп жүріп таппай, ақыры тапқан кезде осы мемориалдық музейді Шыңғыс Төреқұлұлы «Атабейіт» деп атаған болатын. Шыңғыстың сүйегі де «Атабейітке» қойылды.
Мен шыңғыстанушы емес, төреқұлтанушымын дегенді жиі айтып жүремін. Әкем Төреқұл Қырғызстанның көрнекті мемлекет қайраткері болды. Республикада басшылық қызметтерде істеді. Қырғыз АССР-і жаңа құрылған уақыт. Экономикасы, басқасы әлі жөнді қалыпқа келмеген, бірақ осыған қарамастан Мәскеуден бірінші бесжылдық жоспар жасап, сол бойынша көл-көсір жұмыстарды атқаруға күш салған. Республикада әлі ешқандай техника жоқ, құрал-жабдық жоқ кезде еңбек еткен. Кейін әкеміз қамауға алынғанда тергеушілер «Министр болып тұрғанда не істедің?» дейді. Сонда Төреқұл: «Дәйім жолда жүрдім, республиканың барлық жерін зерттедім. Тау-кенді, аққан суларды зерттедім, гидроэнергетикаға қолдану үшін тасып аққан сулардың энергиясын зерттеп, гидроэлектрстанция салдырдым», депті. Темір жол салдырып, сонымен бірге алғашқылардың бірі болып қант зауытының бой көтеруіне мұрындық болады. Біздің бір облыста қызылша жақсы өседі, сол үшін Мәскеуге хат жазып, қызылша бізде жақсы өседі, қант зауытын ашуымыз керек дейді. Қызылшаны қант зауытына жеткізу үшін темір жол салуымыз керек деп мәселелер қояды. Кітапқа осы жөніндегі барлық құжатты кіргізіп, үш жылда атқарған ісін көрсеттік. Бірінші бесжылдықта табанды шаралар атқарылған соң еліміз Қырғыз Республикасы атанады. Міне, отызыншы жылдардағы әкеміздің үзеңгілестері Абдрахманов, Рустамов және басқалар экономиканы көтеріп, денсаулық сақтау саласын дамытып, биік деңгейге шығарысқан кісілер. Маңызды деректердің бәрі «Атабейіт» кітабында көрсетілген. Қазіргі уақытта зейнетте үйде отырмын, осындай мемуарлар жазып, немерелерімді тәрбиелеймін.
Әңгімелескен
Батырхан Сәрсенхан,
«Egemen Qazaqstan»