Сайлаушының сенімі – халықтың сенімі. Сайлау нәтижесін өз халқының бағасы әрі батасы деп қабылдай отырып, барлық азаматтың шынайы қолдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылдық мерзімдегі президенттік қызметіне кірісті.
Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында 2022 жылдың 26 қарашасында өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма батасы деп қабылдаймын!» деген бір ауыз сөзімен өз қадамын халықтың сенімінен артық, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін еместігін алға тарта отырып, өзі де сенімді және халқын да сендіре отырып, болашаққа қадам жасадық.
Алда – жеті жыл. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ еліне Президент ретінде қызмет көрсетуінің мерзімі. Сайлау алдында, нақтылап айтсақ, 2022 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді», деген еді. Мемлекет басшысының осы бір айтқанында терең мән бар екендігіне ой жүгіртсек екен.
Халқының, тарихтың және өзінің ар-ұжданының алдындағы жауапкершілікті бір сезінген адам болса, ол Қасым-Жомарт Тоқаевтай болса етті. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде басын бәйгеге тіккені және де Тәуелсіздік тағдыры үшін батыл шешім қабылдай отырып, елдікті сақтап қалғандығы бөлек әңгіме. Ал енді Қазақстан қоғамын шын ниетімен демократияландыру, әділ де адал қоғам орнату, президенттік билікті монополияландырмау, заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бүгінгі күннің аңсарлы мүддесін жүзеге асыруға батыл қадам жасауын халық пен тарих алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алғаны деп түсінеміз.
Ұлықтау рәсіміндегі сөзінде Президентіміз заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстан құру біздің ортақ мақсатымыз екендігін атап көрсетті. Біздің қоғам заң мен тәртіптің үстемдік құруына шөлдеп отырғаны анық. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз бастамасымен, ұсынысымен жалпыхалықтық референдум арқылы конституциялық өзгерістердің жасалуы жаңа да әділетті Қазақстан құрудың басы болса керек.
Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болмақшы. Демек қоғам алдында ең әуелі білім беруді жетілдіру және сол білімді осы заманғы озық үлгіде ұйымдастыра білуге ұмтылу міндеті тұр. Қазіргі уақытта Қазақстанда техникалық білім беру бағытына басымдық берілуде. Біраз жоғары оқу орындары базасында өзге мемлекеттердің техникалық мамандарын даярлау басталып та кетті. Және де Президенттің пәрменімен жаңа мектептер салу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне де үлкен мән беріліп отырғанын ескерсек, біз білімді ұрпақ өсіру арқылы білімді ұлт қалыптастыруды басты нысана етуіміз керек.
Білімді ұлт қалыптастыра отырып, еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі арқылы дамыту жөніндегі Президент алға қойып отырған міндеттің елімізді өркендетудің шешуші тетігі екендігін терең пайымдау арқылы біз ендігі арада еңбекқор ұлт болып қалыптасуға зор ынтамен ұмтылуға тиістіміз ғой деп ойлаймыз.
Елдің өз болашағына деген сенімі де берік болғаны жөн. Біз мұны неге айтып отырмыз. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің Ұлықтау рәсімінде: «Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты», деп атап көрсетуі мемлекетіміздің басты ұстанымы екендігіне иланамыз.
Ұлықтаудан кейін Президент бірден ауылды өркендету және шетелдерге заңсыз шығарылған активтер мен қаржыларды қайтару жөніндегі жарлықтарға қол қойды. Бұлар ұзақ жылдардан бері халқымыз айтып келе жатқанымен, ешкімге құлақ асыра алмаған өзекті де толғақты мәселелер болатын. Ауылды өркендету еңбек етуді қажет етеді. Ауылды өркендету жаңа технологияны қажет етеді. Еңбек пен технологияны ұштастыра білсек, сөз жоқ, шаруамыздың ілгері басары анық.
Қазіргі уақытта әлемде азық-түліктің жетіспеушілігі жыл сайын айқын байқалып отыр. Бұл мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясының да мінберінен сөз болып жүр. Сондықтан да Президент еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жиі қозғап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор көңіл бөлуі және де ауылды дамытуды заңмен бекітуі бұл салада үлкен бетбұрыс жасалатынына сендіреді.
«Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық және де біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құруға міндеттіміз. Мұның маңызды тарихи міндет екендігін терең түсіне білуімізді еліміздің бүгіні мен болашағы алдындағы парызымыз деп санаймыз.
«Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттілігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қызметті – уақытша, ал халықты – мәңгі» деп түсінуі және сол ойын ашық мәлімдеуі адал да әділетті қоғам орнатуға бастайтын маңызды әрі басты қағидат болса керек. Және де «Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!» деген президенттік те перзенттік ой-мүддесі әманда халқымызды жақсы да жарқын күндерге бастай берсін.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ