«Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі.
Осы сөздің артында бабалардың аманаты, халықтың ертеңгі күнге деген үкілеген үміті, жалынды жастардың болашағы, аналардың тілегі, әкелердің батасының жемісі жатыр. «Аманат» сөзінің салмағы да ауыр. Ата-бабамыз мал-мүлкін, өмірін аманат деп біліп: «Аманат – адамгершіліктің өлшемі» деген екен. Ендеше, Президентіміз осындай үлкен аманатты мойнына тұмар етіп тақты десек болады.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құрамыз» деген сөздері жауапты, әділ бастамаларды көздейді. Ел мүддесінің бәрінен биік екенін атап көрсеткен Қ.Тоқаев қолынан іс келетін, елге адал қызмет ететін жандарға ғана ортамызда орын бар екендігін қадап айтты. Ондай азаматтарға қоғам қашанда құрметпен қарап, үнемі қолдап отыратынын да ашық мәлімдеді. Қазіргі қоғам әрбір мамандық иесінен шеберлікті, кәсіби біліктілікті талап етеді.
Президент басымдық берген басты құндылықтар – кәсібилік, адалдық, қарапайымдылық. Әділ әрі шынайы заң үстемдік құрмай қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлықты да жоюдың мәні жоқ екенін көрсетті. Еліміз дамуы үшін әр адам өзін дамытуды қолға алып, өзін-өзі қамшылауы керектігін айтты.
Президент сөзі білім саласында еңбек етіп жүрген менің де жігерімді қайрады. Намыс пен әділдікті ту етіп, ұрпақ мүддесіне беріліп жұмыс істеуге күш берді. Мектеп ұстаздары келешек ұрпақ білімді, саналы, тәрбиелі болуы үшін артылған жауапкершілік жүгіне қиянат жасамай адал жұмыс істеп келеді. Мұғалім – құрмет көрсетуге лайықты мамандықтың бірі. Өйткені ерен еңбегі мемлекетіміздің тұтқасы болар ұрпақтың ұмтылысымен еленеді. Президент сенім артқан жастардың білімді, білікті болуы мектепке де байланысты. Білімді шәкірт білікті маман болса, білікті маман елге адал қызмет етері сөзсіз.
Қазіргі көпшілік аманаттың қадірін дұрыс түсінбей, бағаламай жүр. Ал ата-әжелеріміз аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Ендеше, әрқайсымызға бабалардың аманаттап қалдырған ұлан-байтақ жерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету жауапкершілігі жүктелсе, сол аманатты көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның, отбасының, ұстаздың еншісінде. Қоғаммен де, отбасымен де ынтымақты байланыс жасап, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан білім саласының қызметкері де Президент арқалаған аманатты бірге көтереді, сөзін құптайды деп сенемін.
Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Астана қаласындағы №2 «Дарын» лицей-мектеп-интернатының директоры