Ұлы суретші Марк Китли Американы сүйді, топырағына табынды, табиғатына сыйынды. Көркем өнердің конституциясын жазған Париж заңына бағынбады. Ол туған жеріне қасқырдай адал болды. Мұны тіпті бояумен де әдіптеді. Алғашқы картинасы – мәңгілік сағынышының мекені болды.
Адалдық деген ұғымды естігенде ит пен қасқырды мысалға алуға асығамыз. Неге? Себебі ит иесіне, бөрі Тәңірісіне бас иеді. Табиғаттың заңы солай. Мұны суретшінің шығармасынан аңғаруға болады. Ол бес жасында қолына қылқалам ұстады. Таңғаларлығы сол, туғаннан сурет салып жүрген жандай әрбір бейнені айнытпай көшірді. Ол бір аңызға бергісіз әңгіме.
Балалармен аулада ойнап жүрген кішкентай Марк үйдің қасындағы ферманың шатырына шығуға бекінеді. Ондағы ойы ата-анасының назарын өзіне аудару еді. Осылайша, ол шатыр ішіндегі үйшіктен әртүрлі бояу құралдарын тауып алады. Қылқаламды қолына алғанда іздеген затын тапқан жандай аласұрады. Қабырғаны шимақтаған баладай ақ қағаздың бетін қан-жоса етеді.
Жеті жылдан кейін, яки он екі жасында бірінші толыққанды картинасын өмірге әкелді. Бұл шебердің өзі айтқандай, пейзаж болатын. Әйтсе де алғашқы бастамалар пейзаж үшін тым жасыл болып көрінді. Тағы үш жыл шеберхана ішінде ойын пісірді. Сөйтіп, 15 жастағы болашақ атақты суретші акрил бояуларының жиынтығын ұсынды. Бұл – «Қасқыр» картинасы еді.
Ол бейнелеген пейзаж журналдың мұқабасынан табылды. Бұл оқиға оны шабыттандыра түсті. Тіпті сол күннен бастап, күніне 14 сағат шеберханада тапжылмай сурет салды. Кейін суреткер Оңтүстік Африкадағы туыстарымен бірге тұруға мәжбүр болады. Әйтсе де жаңа қоныс оған сұрапыл шабыт сыйлады. Картиналары сатылды, нағыз кәсіби суретші мәртебесіне ие болды. Бірақ туған жерге деген махаббаты көкейіне мұң ұялата берді.
Кенептегі қасқыр – бұл суретшінің өзі. Оны қоршап тұрған пейзаж Америка! Әйткенмен, қылқалам шебері бұл көріністі ойдан құраған. Тек бала күнінде әкесі айтқан әңгіме себеп болса керек. Ол – қасқырдың жабайы табиғаттың жаршысы екендігі.