• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2022

БАҚ туралы заң жобасы: Журналистерге мәртебе беріле ме?

676 рет
көрсетілді

Журналистердің мәртебесін заңдастыру туралы аз айтылып жүрген жоқ. Талай жыл талқыға түскен бұл бағытта сең қозғалып, биыл әзірленіп жатқан БАҚ туралы заң жобасына осы мәселені де енгізу керектігі жиі айтыла бастады. Наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын.

Әлеуметтік мәселесі шешілсе...

Журналистер қауымы жаңа заң жоба­сы­ның қабылдануын асыға күтіп отырғаны рас. Алдағы уақытта қабылда­натын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмауға тиіс екені жиі айтылып жүр. «Журналистерге сот, прокурор, ішкі істер қызметкері, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағи­даттарды анықтап алып, жаңа заңда нақ­ты­лап белгілеу керек. Жур­на­лист деген кім? Заң бойынша мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы мәселе тайға таң­ба басқандай етіп жазылуы қажет». Көп­шіліктің пікірі осыған саяды.

Құқықтық қорғау дегеннен шығады. Журналистердің сөз бостандығы мен шы­ғармашылық еркіндігіне шектеу жоқ деп айтылғанымен, қоғамдағы ащы шындықты ашық жариялайтын тілшілерді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әре­кеттері әлі тыйылмағаны белгілі. Бұл журналистиканың қауіпті мамандық екенін дәлелдейді. Мұндайда мемлекет ел алдындағы кәсіби міндетін адал атқаратын журналистердің еңбегін үнемі назарда ұстап, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда заңды жолмен қорғауға тиіс. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда сөз еркіндігі құқығын бұзу және журналистердің қауіпсіздігін бұзуға қатысты фактілерді тіркеген. Мәселен, қаңтардағы оқиғалар кезінде журналистерге шабуыл жасалғаны жө­­нінде 34 факті тіркеліпті. Соның ішінде, нақты адамға жоспарлы шабуыл фактісі – 1, кәсіби мін­деттерін орындау ба­рысындағы шабуыл – 19 (17-сінде шабуыл журналистер алаңдардан ақпарат тарату ке­зін­де жасалған). Шабуыл кезінде 1 журналист қайтыс болды. Бұдан бөлек, журналистердің тұратын үйіне, жұмыс бөлмесіне басып кіру фактісі 1 рет тір­келген. Журналистерге қоқан-лоқы жасау бойынша 25 оқиға болған. 5 қаңтарда Алма­тыда бұзақылар «Хабар», «Qazaqstan», «Мир», «Еуразия», «КТК» телеарналарының кеңсесіне шабуыл жасағаны мәлім.

Журналистика әлемдегі ең қауіпті 5 мамандықтың қатарына кіреді.

Қоғамда журналистерге әртүрлі қоқан-лоқы, қысым көрсету, соққыға жығу жағдайлары аз кездеспейді. Бұл Қа­зақ­станда журналистерді заң жүзін­де қорғау механизмінің әлсіз екенін көр­сетеді. Бұл ретте, «БАҚ туралы» Заңға «журналистердің өзінің, отбасы мүше­ле­рінің өмірі заңмен қорғалады» деген бап енгізілуі керек деп есептейді сарапшылар. Өйткені журналистер де төтенше жағдай қызметкерлерімен бірдей өте қауіпті жерлерде (шеру, жер сілкінісі, өрт және т.с.с) жүріп, басын қатерге тігеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне, жү­регіне үлкен салмақ түседі. Кешегі пан­демия кезінде өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, қоғамдық орындардан ақпарат таратқан кім? Бірақ олардың міндеттемелері көп те, құқықтары жоқ! Сондықтан құқықтық, қауіпсіздік, әлеу­меттік жағынан кепілдіктер беру керек. Ол үшін журналистерге мәртебе беру қажет.

Журналистерді не алаңдатады?

Жуырда ұйымдастырылған Astana Media Week 2022 медиа апталығында БАҚ мәселесі аз айтылған жоқ. Ардагер журналистер де, қатардағы тілшілер де ортақ проблемалар жайлы ойларын ортаға салды. Журналистер қауымы бәсе­кеге қабілетті медиа пайда болуы үшін мемлекет БАҚ саласындағы ахуал­ға дұрыс көңіл бөлуге тиіс деп есеп­тейді. Еліміздегі БАҚ-тың бар­лы­ғының жағдайы бірдей емес. Сол себептен, мемлекет отандық БАҚ-ты мем­лекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге ықпал етуі керек. Бұл жерде шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн. Еуропа елдерінде пошта тарифтері өте жоғары, алайда олар жазылушыға арналған басы­лымның құнын көтермейді.

Медиа апталықта баспа БАҚ-тағы контент сапасын жақсарту үшін мемлекеттіқ тапсырыс жүйесін өзгерту керек екені де айтылды. Яғни газет-журналдарға жаңалық тарату тәсілінен бас тартып, тек сараптама, журналистік зерттеу сияқ­ты формалар бойынша ғана тапсырыс беру керек. Баспа БАҚ заманауи жаңа фор­маттарға көшуі үшін редакцияларға муль­тимедиялық форматты дамыту талабы қойылса, іс оңға басады.

Жасыратыны жоқ, халық арасында басылымдарға қызығушылықтың төмен деңгейі байқалады. Статистикалық деректерге сүйенсек, күн сайын баспасөзді қазақстандықтардың 13 пайыздан астамы ғана оқыса, 43%-ы сирек және 23%-ы­­­­ мүлдем оқымайды. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде іскерлік баспасөз басылымдарына деген сұраныс тұрақты сақталып отыр. Баспа БАҚ-тардың онлайн форматқа белсенді түрде көшуі байқалады. Бұл ретте, цифрлық форматтың барлық мүмкіндіктері пайдаланылмай, көбінесе баспасөз нұсқаларының материалдары қайталанады.

Жаңа медианың қарқындауына орай бас­па басылымдарына деген сұраныстың төмендеуі – күрделі мәселе. Әрине, бұл бас­­па БАҚ-тың жазылымнан түсетін табысы мен жарнама беру­шілердің азаюы сияқты мәселелерді туындатып отыр. Мұны отандық БАҚ өкілдері де мо­йындайды. Интернеттің жылдам ақпарат таратуына байланысты оқырман жаңалықтарды интернеттен оқитын болды. Бірақ газет оқу – мәдениет, ондай мәдениетті берік ұстанатын адамдар көп. Қазақстанда қазіргі кезде халықтың 50 пайызы телеарна көреді, 25 пайызы интернеттегі ақпараттарды оқиды, 15 пайызы радио тыңдайды, ал бар-жоғы 3 пайызы баспа БАҚ-тардан ақпарат алады. Әрине, мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Баспа БАҚ-та жұмыс істейтін мамандар оқырман санын көбейту үшін әртүрлі әрекеттер жасауға тиіс», дейді ардагер журналистер.

Тағы бір ұсыныстың бірі – қаламақы мәселесі. Дұрыс қаламақы саясаты ұлттық журналистиканы биікке көтереді. Яғни журналистикаға кездейсоқ адамдар емес, нағыз кәсіби шеберлері келеді. «Түрлі деңгейдегі мерзімді және электронды басылымдарға жылма-жыл беріліп келе жатқан мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі тапсырыстары аясында журналистер мен тұрақты авторларға нарық жүйесіндегі талаптарды сақтай отырып, «қаламақы қоры» деген арнайы тармақша енгізу керек», дейді бір топ журналист.

Ұсыныс – назарда

Жуырда Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі БАҚ туралы заңның әзірленуі бойынша аз-кем ақпарат берді.

– Бүгінде министрлік тарапынан Бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Парламентке жол­данғанға дейін талқылаудан өтеді. Заң жобасын әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар тартылды. Онда негізінен журналист мәртебесі, субсидиялау, жарнама ісін реттеу сынды аспектілер қам­тыл­ған. Интернет үшін де арнайы заң қарастырылады. Қазіргі таңда журналистің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды қадамдардың бірі болып тұр. Ақпарат жылдам дамып жатқан уақытта сұраныс хатқа жауап беру мерзімін қысқартуды ойластырып жатырмыз. Тек заңнама емес, оқыту мәселесі де назар­дан тыс қалмау керек. Өйткені ме­диа­сауаттылық бәрімізге қажет. Меtа ком­па­­ниясы өзінің өкілдігін Қазақстанда ашуға келісімін беріп отыр. Tik-tok-ты да қазақша сөйлету жоспарда бар. Осының барлығы отандық медианың дамуына елеулі үлесін қосады. Журналистерге білім керек. Медиаға түрлі шабуыл жасалып жатады. Манипуляцияға өзіміз де түсіп қалмау үшін ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болуымыз керек. Сондықтан қолына қалам ұстаған жандар әрдайым шындықтың жағында жүруі тиіс. Қазіргі уақытта журналистерге арналған басқосулар көбейді. Алдағы кезде Орталық Азия БАҚ өкілдерінің медиа форумын өткізуді ойластырудамыз. Мұның барлығы тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру үшін керек, – деді министр.

 

Заманауи өзгеріс ескерілуі тиіс

БАҚ туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер ен­гізетін уақыт жетті. Қазір қоғамда «Ұстаздар мәртебесі» анық­талды. Дәрігерлерге қатысты да осындай заң жобасын енгізу қарас­ты­ры­лып жатыр. Журналист мәртебесі де заң жүзінде бекітілсе, артық болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та пікірін білдірген болатын.

БАҚ туралы заң жобасында заманауи өзгерістер де еске­рілуі керек. Әлеуметтік желі – Инстаграм, Фейсбук, Телеграмм сияқ­ты көпшілік қолданысындағы ақ­парат тарату, фейк ақпараттарға қарсы тосқауыл, азаматтық жауап­кер­шілік талаптары көптен бері сөз болып келеді.

Пандемия жағдайында журналистер жедел ақпарат тарату тұр­ғысында өмірлік тәуекелдерге ба­рып жүр. Бірқатар әріптесіміз өмір­­ден өтіп те кетті. БАҚ қыз­­­меткерлерінің құқықтық қа­ғи­даттарына қайта назар аудару қа­жеттігі білінеді.

Онлайн форматта жұмыс іс­теу­ге көшкен редакциялар аз емес. Осы және басқа да бірқатар маңызды мәселе заң жобасын әзірлеу барысында назарда бо­луға тиіс. Парламент қарауына енгі­зілгенге дейін заң жобасы жур­налистер қауымдастығында ке­ңінен талқыланғаны дұрыс деп есеп­теймін.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты

 

Блогер журналист емес!

Қоғамда «Неге заңды өзгерте береді?» деген пікір жиі айтылады. Заман құбылған сайын заңдардың жаңа сипат алуы заңдылық. Оның ішінде БАҚ саласында да сәт сайын жаңашылдықтар болып жатыр. Бұл – әлемдік үрдіс. Өзгерістерге біздің заңдардың ілесіп жүруі – өмір талабы. Салада дұрыс заң қабылдайынбайынша жүйелі жұмыс жүргізіледі деу қиын. Қазіргі алмағайып заманда қоғамды жалған емес, нақты ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оның артында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр.

Бүгінде ақпарат тарататын тех­нология да, адамдар да көп. Бұрын журналистердің ғана жұ­мысы сияқты көрінетін, қазір ауылдағы қарапайым етікшінің өзі, тіпті әлемнің бір түкпірінде отырған адам да еліміз жайлы ақпарат тарата беретін болды. Блогерлерді журналистер ре­тін­де қабылдауға болмайды деп есеп­тей­мін. Ақпараттың тасқыны кө­бейген заманда «Ақпарат таратушы кім?» деген сауалға жауап табу үшін заңға сүйенеміз. Арпа мен бидайды аралас­тырмау үшін, журналист кім, блогер кім, мұның бәрін нақтылайтын бап жаңадан қабылданатын заңда көрініс табуы керек.

Ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатқан мәселе – журна­лис­тердің мәртебесі. Бұл тақырып «Бас редакторлар клубы» қоғам­дық бірлестігінде өткен кездесулерде жиі талқыланды. Әдетте мұғалімдер, дәрігерлер баспана алу кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие болады. Ал журналистер ондайға ілікпейді де. Өзге де әлеу­меттік проб­лемаларды шешу үшін жур­налистердің мәртбесі заң жү­зінде реттелуі керек.

Жаңа заңда журналистердің ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтетін жаңа баптар енгізілуі керек деп есептеймін. Ұлттық қауіпсіздік мә­селесіне кері әсер етпейтін ақ­параттар болса, мемлекеттік органдардан шұғыл ақпарат алу мә­селесі оң шешілсе деген ұсы­ныс бар. Бұл – оқырманға жедел ақпарат таратуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті

 

Уақыт талабы

Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңға енгізілетін өзгерістер заман талабынан туындап отырғаны әмбеге аян. Сөз көрінбейтін, бірақ соққысы оңдырмайтын сойылға айналып, адам санасын жаулап алу үшін күрес тоқтаусыз жүріп жатыр. Жер-жаһанда мылтықсыз майданның жойқын түрі – гибридтік соғыс, адамзат ақыл-ойының сан ғасырлық жемісі – ұлттық дәстүр мен мәдениетті жоққа шығару сияқты пенденің жан-дүниесін жалмайтын жегі құрт ашық әрекетке көшті.

Мұндай құбы­лыс­тарға төтеп беру ақпарат құрал­да­рының борышы һәм міндеті. Сол себепті, жаңа заң жобасында БАҚ еліміздегі идеологиялық қызметтің негізгі бағыттарының бірі ретінде орын алуы тиіс. Заңға өзге­рістер енгізу жөніндегі Жұмыс тобының мүшесі ретінде мынадай ұсыныстарымды айтсам деймін.

Соңғы жылдары, әсіресе, пандемия мен карантин кезінде қазақ тілді аудитория ресми жаңалықтармен қатар, әлеуметтік, әсіресе, жұмыспен қамту, азық-түлік, мұнай және алтын өндірісі мен бағасына қатысты талдау дүниелерге ден қоя бастады. Халықаралық тақырыптар көп­теп оқыла бастады. Бұл – жұрттың талғамы өзгере бастады деген сөз. Осы ретте мемлекеттік тапсырыс бойынша жарияланатын материалдар қатарына тақырыпты жан-жақты қамтып, мәселенің проблемалық (жалаң сын емес) жағы да айтылатын аналитикалық және журналистік зерттеу бойынша мақала жазу талабы енгізілсе. Мұндай материалдарға төленетін ақы ресми ақпараттар негізінде жазылған материалға қа­рағанда жоғары болуға тиіс. Бұл бір жағынан сараптамалық дүниелер мен экономика тақырыбына бара бермейтін қазақтілді БАҚ-тың сала­лық журналистика бойынша мамандануына да ықпал етер еді. Екінші жағынан бұл мемлекеттік тапсырыс­ты орындайтын БАҚ-тан сапалы дүниелерді талап етуге мүмкіндік берер еді. Тапсырыстың сапалы орындалуы үшін журналистиканың жанрлары бойынша дайындалатын материалдардың (аналитикалық талдау, сұхбат, мақала, заметка) нақты саны көрсетілсе, жөн болар еді.

Министрліктің өңірлерде мемле­кет­тік ақпараттық тапсырысты қа­зіргі қолданыстағы мемлекеттік сатып алудан конкурстық жүйеге көшіру жөніндегі бастамасын қуана қолдаймыз. Өйткені мұндай сатып алуда ең төменгі бағаны көрсеткен қатысушы жеңімпаз болып танылатыны белгілі. Ал лотты ұтып алған БАҚ сатып алуға қойылған бастапқы бағаға сәйкес көлемді орындауға тиіс. Оның үстіне белгіленген баға әр облыста әртүрлі. Ал тапсырыс көлемі барлық жерде бірдей дерлік. Мұндай талап, әсіресе, өзін-өзі қаржыландыратын «Jas Qazaq» сияқты жекеменшік газеттерге тиім­сіз. Сондай-ақ аймақтарда тап­сы­рыс­ты көбіне бір тақырып бойынша ғана береді. Кейде келесі жылы дәл сол тақырып қайталануы мүмкін. Тапсырысты орындау барысында редакцияға 20 баспа табаққа дейін материал дайындауға тура келеді. Мұндай көлемді материал, біріншіден, оқырманға қызық емес. Екіншіден, қалайда жос­парды орындау үшін сапаға мән берілмейді. Сондықтан аймақтарда тапсырыс жүйесін белгілегенде тақырып аясын кеңейтіп, әсіресе, өңір­дегі экономика, инвестиция, жаңа жұмыс орындары, еңбегімен бейбіт заманның қаһармандары боп жүрген қарапайым жандар туралы тақырыптарды қозғау қажет деп есептеймін.

 

Срайыл СМАЙЫЛ,

«Jas Qazaq» газетінің бас редакторы