Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Алдымен Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселелері сөз болды.
Энергетикалық нысандарға техникалық аудит жүргізіледі
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов төтенше жағдайдың хронологиясын ұсынып, қаладағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді, сондай-ақ қазіргі уақытта жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Премьер-Министр апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды. «Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкімдер бұдан қорытынды шығаруға тиіс», деді Ә.Смайылов.
Одан бөлек, өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит және объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізуді, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуді тапсырды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Жалпы әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстауы керек», деді Ә.Смайылов.
400-ге жуық жайлы мектеп салынады
Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленгенін айтты. Оның аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы көзделген. Мәселен, жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталады.
Жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. «Жобаны тиімді іске асыру үшін жан-жақты талдау жасалды. Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 млн-ға жетіп қалды. Бұл тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш», деді министр.
Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп отыр. Проблемаға әсер етіп отырған бес фактор бар. Олар урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілді.
Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мектеп салуға 2,6 трлн теңге қарастырылды. Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
А.Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, жобада мектептерді іске қосудың 3 нақты тетігі ұсынылған – мемлекет-жекешелік серіктестік аясында мектептер салу; мектеп ғимаратын жайлы мектеп талаптарына сәйкес келген жағдайда тауар ретінде сатып алу; бірыңғай оператор арқылы мектептердің нысаналы құрылысы.
Оның айтуынша, жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде болған проблемалар ескерілді. Олар салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық ресімдердің ұзақтығы, құрылыс мерзімінің созылуы, мектеп жобаларының бірыңғай стандартының болмауы және т.б. «Жоғарыда атап өткен бірыңғай операторды тарту да осы мәселелерді шешуге бағытталған. Яғни бұл механизм бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыруға, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да – барлық жерде бірдей жоғары стандарт бойынша салынады», деді А.Аймағамбетов.
Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынатын болады. Оған қоса, онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалады. Сонымен қатар жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде. «Яғни қосымша грант бөліп, артық кадр даярлау қажет емес. Сондықтан бастысы – мұғалім саны емес, сапасы мен біліктілігін арттыру», деді министр.
Бұл бағытта ведомство Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге педагогикалық бағдарламаларды аккредиттеудің стандарттарын және кадрларды даярлау бойынша кешенді жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар мектеп құрылысы басталысымен мектеп директорын тағайындауды қарастырылып отыр. Ол құрылыс барысын бақылап, бас-көз болып, алдын ала педагогтерді жинақтап, менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы курстардан өтеді. Осы шаралардың барлығы жаңа мектептерді жақсы педагогтермен қамтамасыз етуге және білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 842 мыңнан астам жаңа, сапалы, жайлы оқушы орны ашылып, тапшылық жойылады, білім теңсіздігі қысқартылып, сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Әкімдіктермен және мүдделі тараптармен бірге бұл жобаны тиімді іске асырамыз» деді Оқу-ағарту министрі.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ордаларында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады. «Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.
2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді. «Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Көші-қон тұжырымдамасы мақұлданды
Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша, «Ашық Қазақстан 500+» тұжырымдамасы елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» бағытталған.
Атап айтқанда, білім беру иммиграциясы шеңберінде он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу, ал бизнес-иммиграция аясында ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «инвесторлық виза» беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар елімізге тапшы мамандықтар бойынша шетелден үздік мамандарды тарту, елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған. Мәселен, Тұжырымдаманың үшінші бағыты аясында елімізде тапшы болғандықтан сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр. Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады.
«Көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр. Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатын болады», деді Т.Дүйсенова.
Осы тақырып бойынша Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Тұжырымдаманың көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленгенін атап өтті. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі.
Әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі. Сондай-ақ азаматтардың еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын ала пысықталатын болады.
Тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау. «Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, Тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.
Ұсынылған Тұжырымдаманы бекіту бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Ә.Смайылов Тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақтылы бекітуді қамтамасыз етуді және көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі және олардың жұмысына бақылауды күшейтуге тиіс екенін атап өтті.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»