Екібастұзда жағдай тұрақталды. Шаһарда сенбіден жексенбіге қараған түні орын алған апаттың салдары жойылып, жылу магистралындағы үлкен ақаулар толығымен реттелді. Қала бойынша кеше кешкі сағат 22.00-де қалпына келтіру жұмыстары мәреге таяп, жылудан толық ажырап тұрған 17 үйдің құбырларына жылу жіберуге дайындық басталды.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов кеншілер шаһарындағы жағдаймен танысып, ахуалды бағалау үшін сейсенбі күні кешкілік Екібастұзға жетті. Үкімет мүшелері және Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Сқақов «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ акционерлері, «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС құрылтайшыларының қатысуымен жедел штабтың отырысын өткізіп, түнде жөндеу жүріп жатқан учаскелерді аралады. Аязда тоңып отырған тұрғындардың жағдайымен танысып, арыз-шағымдарын тыңдады. Серік Мақашұлы халықты сабырлыққа шақырып, кеше, яғни 30 қараша күні кешкілік ажыратылған үйлердің барлығы толығымен жылу желісіне қосылатынын жеткізді.
30 қараша күні сағат 8.00-де Екібастұздағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың отырысында қаланың жылу желілеріндегі жағдай мен температуралық режімді қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Жылу магистраліндегі жарылған екі негізгі жерді қалпына келтіру және Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 көппәтерлі үйді жылыту жүйелеріне қосу жоспарланып отырғаны айтылды. Сағат 9.00-ден қаланың әлеуметтік нысандары тексеріле бастады. Үкімет пен жедел штаб мүшелері Екібастұз қалалық ауруханасында, оның қабылдау бөлімінде, перзентханада болды. Медициналық мекемелердегі температура 24 градус жылылықты көрсетті.
Ал күндізгі сағат он бірлер шамасында Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Сқақов журналистер алдына шығып, бүгін кешке дейін жағдай толық тұрақталатынына сендірді.
– Бұған дейін Екібастұз жылу-энерго орталығы нормадан тыс көп су жоғалтып жатқанын айтқан болатынбыз. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 үй сол үшін желіден ажыратылған-ды. Біз бұл магистральдағы құбырлардан екі саңылауды таптық. Су сол жерден кетіп жатыр. Оны бірден аңғармағанымыз, ыстық су жердің бетіне шықпаған. Қазір ол жерде апат салдарын жою бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде. Сағат 15.00-ге дейін жұмыстар аяқталып, кешке дейін жылусыз тұрған үйлер жүйеге қосылады. Енді жүйе мен жылу орталығының жұмысын үйлестіру ғана тұр. Кешке дейін барлық мәселе шешілуге тиіс, – деді облыс әкімі.
Серік Жұманғарин Екібастұз қаласының ахуалы жөнінде оқиға орнынан бейнеконференция өткізді.
– Апат салдарынан алғашқы күндері шаһар бойынша жалпы саны 149 көппәтерлі және 114 жер үй, 15 әлеуметтік нысан ажыратылғаны белгілі. Қазір қалып тұрғаны – 17 үй. Бүгін таңертең шаһарда жағдай тұрақталғанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта барлық жұмыс Мәшһүр Жүсіп көшесінде жүріп жатыр, ол үшін 39 бригада, оның ішінде 214 адам басқа қалалардан да жиналды. Кеше түнде пәтер иелері өз күштерімен құбырларды жібітіп, жөндеушілерге көмектесіп жатқанын көрдім. Жылудан ажыратылған үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысанды араладық. 1 мыңнан астам азаматтан шағым түскен екен. Жылумен қамтушы компания барлық шығынды өз есебінен өтейді, оған күмәндарыңыз болмасын. Қазірге дейін пәтер ішіндегі жылу радиаторларын ауыстыру бойынша 7 шағым түсіп отыр. Апатты ауыздықтау жұмыстарының 99 пайызы аяқталды. Пәтер иелеріне 5 мыңнан астам жылытқыш таратылған екен. Оларды қайтарып берудің қажеті жоқ, – деді Серік Жұманғарин.
Серік Мақашұлы мұндай апаттық жағдай Павлодар облысында ғана емес, бұған дейін Петропавл қаласы мен Шығыс Қазақстанда тіркелгенін, түптеп келгенде еліміздегі жылу беру кәсіпорындарының барлығында жабдықтарының тозу көрсеткіші байқалғанын атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша жылу энергиясын өндірушілердің инвестициялық бағдарламасы әзірленеді. Онда жабдықтар мен желілерді жаңартуға жұмсалатын шығынның кемі 20 пайызын кәсіпорын көтеруге тиіс деген талап енгізіледі. Инвестициялық бағдарлама тек тариф есебінен құралмауы керек, себебі монополистер тұрғындардың қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Бюджет қандай көмек көрсете алады? Осы мәселелердің барлығы таразыланады. Үкімет бұл бағдарламаны барынша жедел қабылдауға мүдделі. Ал Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов бастаған мамандар жұма күніне дейін Екібастұз жылу-энерго орталығындағы тергеудің қорытындысын шығаруы керек.
«Павлодарэнерго» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Вадим Лесин күннің суықтығы 30 градусқа төмендегенде жылу мекемесі жылу температурасын норма бойынша 92 градуста ұстап тұруға тиіс екенін, алайда апат кезінде бұл көрсеткіш «Екібастұз жылу-энергода» 85-86 градус болғанын жеткізді. Осының салдарынан көптеген үйде қысым төмендеп кеткені белгілі. Апатты жою жұмыстарына қатысқан қызметкерлер мен жұмыскерлердің еңбегі елеусіз қалмайды. Ал апат кезінде жылудан ажыратылған және қалыпты жылу болмаған пәтерлер бойынша жылу ақысы қайта есептелмек.
Қазір мыңдаған пәтер электр жылытқыштар қосып отырғандықтан, осы айдың нәтижесінде жарық үшін төлейтін төлемақылары өсіп шыға келетіні де айқын. Әбілқайыр Сқақов бұл бойынша мәселе жеке қаралатынын айтты. Апат күндері қала бойынша электр қуатын тұтыну бірден 20 мегаватқа өскен. «КЕГОК» компаниясы бұл бойынша қосымша қуаттылықтар бөліп, кемшілік байқалған аудандарда жөндеу жұмыстарын жүргізді. Енді «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ сәуір айына дейін жылу орталығының жұмысына толық жауапты болады. Одан соң кәсіпорынның меншік иесі бойынша мәселесі шешілуі керек.
Қазіргі жағдай дұрысталған соң Екібастұз халқын алдағы қыстан аман-есен алып шығу міндеті тұр. Одан соң мұндай апаттың қайталанбауы үшін мемлекет тарапынан шешімді талаптар мен қадамдар қажет екені түсінікті. Мамандар тығырықтан шығудың екі жолын ұсынып отыр. Біріншісі – «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» миллиардтап қаражат бөліп, өндіріс технологиясы мен желілерді толық жаңартуы керек. Екінші жолы – мемлекет меншігіне қайтару. «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорынның активтерін биыл шілде айында нөлге бағалап, оны тегін бере салуға даяр екенін айтқан. Осы аптада корпорация басшысы Александар Клебанов бұл шешімді тағы бір мәрте растады. Сарапшылар станса мемлекет балансына берілген күннің өзінде де жағдай бірден оңалып кетпейді, дейді. Аяққа тұрғызу үшін кемінде 3 жыл уақыт керек. Ал жаңартуға жұмсалатын қаражатты Екібастұз қаласы түгілі, облыстық бюджет те тауып бере алмайды.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы