• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

РУХАНИ КӨПІРЛЕРІМІЗДІ САҚТАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

514 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен жеке-жеке кездескен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының алдында  сөз сөйледі. Қазақстан халқының ерік-жігерінің өкілі болып табылатын Қазақстан Парламентінің қымбатты мүшелері алдында сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет, деп бастады сөзін А.Гүл. Түрік Республикасы­ның негізін қалаушы ұлы Ататүрік респуб­ли­каның құрылғанына 10 жыл өт­кен­нен кейін, 1933 жылғы 29 қазанда сөз сөйлеген. Біздің де ұранымызға айналған сөздерінде қысқаша былай деген: “Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, одақтасымыз. Алай­­да, ер­тең не боларын бүгін еш­кім кесіп ай­та алмайды. Дүние жаңа тепе-тең­дік­ке ұласуы мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істеу ке­ректігін білуі тиіс. Бұл досымыздың қол ас­тында тілі, діні, тегі бір бауырлары­мыз бар. Олар­ға қолұшын созуға дайын бо­луымыз қажет! Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындал­ған жөн. Халықтар бұған қалай әзір­ле­неді? Рухани көпірлерді сақтай отырып әзірленеді. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Тарих – бір кө­пір. Тамыр-тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген та­ри­хымызда түгенделуге тиіспіз”. Көсеміміз Ататүріктің осы ма­ғы­налы сөздері – бізге қалды­рыл­ған өсиет, деді Түркия басшысы. Ол түрік және қазақ халық­та­ры бір-бірінен ажырап қалған ұзақ жыл­дар­ға қарамастан, тілдері мен өткені­нің, мәдениетінің бір екенін әрдайым жадында сақтап, әрқашан арман-тілектері бір бол­ған екенін айтып өтті. Қазақстанның тәуелсіздігін алған алғаш күннен бастап, барлық салада алға басқан шешімді қадам­дарын үлкен мақтанышпен бақы­лау­дамыз, деп жалғады сөзін Түр­кия Президенті. Осы шешімді қа­дам­дардың арғы жағында Қазақ­станның тарихи тәжірибесі, түрлі мәдениеттің басын қосып отырған толеранттылық қасиет, көреген көшбасшы мен басшылықтың адами және табиғи байлықтарды саналы және тиімді пайдалануы жатыр. Осы байсалды ұстаным Қазақстанның сыртқы саясатында да көрінісін тапты, деп атап өтті Абдулла Гүл. Осының нәти­жесінде екі елдің қарым-қатынасы Қазақ­стан Пре­зидентінің 2009 жылғы қа­занда Түркияға сапары кезінде қол қойылған Стратегиялық әріптестік шартымен өз шыңына жетті. Түркия Президенті Астана қаласын Қа­зақстанның серпінділігі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың көре­ген­ділігін бейнелейтін ең үлкен туын­ды деп атап өтті. Астананың құрылыс жұ­мыс­­тарына түрік фирмалары мен жұ­­мысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз, деді Абдулла Гүл. Қазақстанның жаһандық дағ­да­рыс­пен өз ресурстарымен күресуі,  экономикалық көрсет­кіш­тер, жүзеге асырып жатқан ма­ңызды жобалар еліңіздің экономи­ка­лық дамуы бағытындағы күші мен шешімділігін көрсетеді. Түркия қазіргі таңда 72 мил­лион жас халқы, серпінді эконо­ми­касы, бәсекеге қабілетті индустрия­сы және білікті жұмыс күшімен әлемнің 16-шы, Еуропаның 6-шы экономикалық күші болып табы­лады, деді түрік басшысы. Азия мен Еуропаны, Батыс пен Шығысты бір-біріне жақындата­тын, өңірдегі елдердің экономи­ка­лық дамуы мен өркендеуіне үлес қо­сатын жаңа көлік, байланыс және энергетика дәліздерін жетіл­діруде, яғни жаңа Жібек жолдарын салуда Түркия мен Қазақстанға маңызды рөлдер мен тарихи жауапкершіліктер жүктеледі, деп ой сабақтады А.Гүл. Қытай және Қиыр Шығыс пен Еуропа рыноктарын жылдам және қауіпсіз түрде бір-біріне байланыстыратын Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісі Қа­зақстанның да қолдауымен жүзеге асырылған кезде тарихи Жібек жолы қайтадан жаңғыртылуы ар­қы­лы қойылған мақсатымыз шең­берінде маңызды қадам жасалатын болады. Қазақ мұнайының 2008 жылғы қараша айынан бастап Баку-Тбилиси-Жейхан шикі мұнай құбыр желісі арқылы қара алтын­ның әлемдік рынокқа тасымал­да­нуы энергетикалық ынтымақ­тас­ты­ғымыз үшін маңызды бетбұрыс болды. Әлемнің көптеген жерлерінде болып жатқан түйткілдер мен жа­һандық қауіптердің бірқатарына мә­дениеттер мен өркениеттер ара­сында ұзақ уақыт байланыстың бол­мауы, төзімсіздік және басқа мә­дениеттер мен діндерді қате тү­сіну­шілік себеп болуда. Мәдениет­аралық үйлесімге ынталандыру және адамдардың бір-бірін сыйлауын ны­ғайту мақсатында Түркия мен Испа­ния Өркениеттер альянсы баста­масына мұрындық болды. Аумағында 130-ға жуық этностар тобын толе­рант­тылық және келісімде өмір сүр­гізіп жатқан Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының шаңырағында құрылған Өркениеттер альянсының Достық тобына белсенді қатысуы біз үшін ерекше маңызды болып табы­лады, деді А.Гүл. Түркияның БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіне уақытша мүшелігі, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – халықаралық қоғамдастықтың елдеріміздің өңірлік тұрақтылық пен ынтымақтастыққа үлкен үлес қоса алатынына білдірген сенімінің белгісі. Батыстан тыс жерде орна­ласқан мемлекеттің ЕҚЫҰ тари­хын­да бірінші рет төрағалық етуі Қазақстанға жүктелген міндеттің маңыздылығын айқын көрсетеді. Қазақстан осы күнге дейін ұстанған әсерлі де сындарлы саясаты, өңір­дегі елдермен жақын байланысы және тарихи мұралары арқылы ЕҚЫҰ аумағындағы шешілмей келе жатқан келіспеушіліктерді еңсеруге де үлес қосады деп шын көңілден сенеміз. Осы шеңберде Қырғыз елінде сәуір айында болған және бізді алаңдатқан оқиғалардың одан әрі өршімей тұрып шешу жөнінде ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақ­стан­ның көмегін жоғары бағалайтынын жеткізді Түркия басшысы. Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет және басқа да білім орындарында оқып жатқан түрік жастары елдеріміз ара­сында қалыптасқан бауырлас­тық қатынастарды келешекке жет­кізетін көпірлердің негізін қалайды және құрметті елшілеріміз болады, деді сөзінің қорытындысында Түркия Президенті. Осыған байланысты парламенттерімізге де зор міндеттер жүктеледі. Ұлттық тәуелсіздігіміздің нақты өкілі болып табылатын пар­ламенттеріміз, заң шығару саласын­дағы тәжірибе­ле­рін, өңірлік және жаһандық тақы­рыптарға байланысты ой-пікірлерін бір-бірімен бөлісуі, ортақ тұғыр қалыптастыруы стратегиялық серік­тестігімізге ерекше дәреже беретін болады. Халықтарымыз арасындағы мәң­гі достық пен ықпалдастық жар­қын келешегімізде жаңа көк­жиектер ашады деген сеніммен бар­шаңызға ең ізгі ниеттерімді жол­даймын, деді Түркия Прези­денті Абдолла Гүл сөзінің соңында. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.