• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2014

Маңдайшадағы жазулар ауысқанымен...

417 рет
көрсетілді

Мәртебесі колледждермен теңестірілген лицейлердің материалдық-техникалық базасы, оқушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлі де жақсартуды қажет етеді. Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыған елдердің сапалық деңгейіне жеткізу мәселесі биылғы Елбасы Жолдауында айрықша атап өтілді. Бұл талаптың кәсіптік және техникалық оқыту саласына тікелей қатысы бары айтпаса да түсінікті. Осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің арнайы шешімімен жалпы жұмысшы мамандарын әзірлеумен айналысатын кәсіптік лицейлердің мәртебесі колледждермен теңестіріліп, бәсекелестік жағдайындағы біліктілік сұранысын өтеуге маңыз берілуі сондықтан. Біз жүргізіліп жатқан реформалық қадамдарға байланысты жаңа оқыту жүйесін енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану, басқа да мәселелер төңірегінде сала мамандарымен әңгімелескен едік. – Қазіргі таңда сөз еткелі отырған саладағы жағдай кандай? – Алма ҚҰСАЙЫНОВА, облыстық білім басқармасы кәсіптік білім және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы: Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіне қарасты 30-дан астам оқу орындарында оқитын 15 мыңнан астам оқушы 75 мамандық бойынша 29 кәсіпке баулынады. Бертінге дейін олар лицей және колледж деп екі буынға бөлініп келсе, Үкіметтің 2012 жылғы № 321 қаулысымен 17 кәсіптік лицейге колледж мәртебесі берілді. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құжаттарына сәйкес жаңа оқу стандарттары енгізілді. Кәсіптік лицейлер тас қалаушы, сылақшы, балташы, әрлеуші секілді жалпы жұмысшы мамандықтарына оқытып келсе, енді шебер, техник, технолог секілді орта басшылық кадрларын дайындау құқығы қоса берілді. – Орал ТӨЛЕБАЕВ, құрылыс колледжі­­нің аға шебері: Жасыратыны жоқ, кеңестік кезде СПТУ, ГПТУ-ларға үлгерімі төмен, тәртібі нашар мектеп оқушылары еріксіз жіберілетін. Оған балалар түгіл ата-аналардың өздері қарсылық таныта алмайтын. Осындай солақай саясат салдарынан бұл оқу орындары жөнінде сыңаржақ пікір, жадағай түсінік қалыптасты. Қалай десек те, қалалық және ауылдық кәсіптік-техникалық училищелер елімізде жұмысшы мамандығына деген қажеттілікті өтеген бірегей жүйе болғанын мойындау керек. Кейін заман ағымына орай лицейлерге айналдырылып, бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары келетін болды. Біз жылына 280-300 үміткерді орналастырамыз, көпшілігі ауылдық жерлерден. Негізінен 9-сынып бітіргендерді қабылдап, бюджет есебінен оқытамыз. 11-сынып бітіргендер газбен дәнекерлеуші және жиһаз жасау мамандықтарына қабылданады. Енді бұлардың қатарына басқарушылық қызметін меңгерген мамандықтар қосылып, оқу мерзімі ұзартылды. Кәсіптік-техникалық білім беру саласына іргелі өзгерістердің енгізіліп жат­қаны қуантады. Әйтсе де, материалдық-техни­калық база түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Кәсіптік құралдармен толықтыру 40-45 пайызды ғана құрайды. Бізде әлі күнге дейін жатақхана, акт, спорт залдары жоқ. Оқушылардың басым көпшілігі елді мекендерден келіп оқитынын ескерсек, пәтер жалдауға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Сондықтан түйткілді проблемаларды шешудің кешенді шараларын республикалық құзырлы ведомостволар жедел қарастырса деген тілегіміз бар. – Роза БІРІМЖАНОВА, Петропавл құрылыс-экономика колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: Мектепті жақсы аяқтаған түлектер жоғары білім алуға ұмтылатыны белгілі. Ал, «орташа» оқығандар мен отбасының әлеуметтік жағдайы төмен балалар «жерде қалмас үшін» колледждерде оқуға тырысады. Олардың 20-30 пайыздайы ата-аналарының ақыл-кеңесімен келсе, араларында әулет кәсібін жалғастырушылар да жоқ емес. Мінез-құлқы, үлгерімі, ойлау қабілеті әрқилы жастарды оқытудың, тәрбиелеудің елеулі қиындықтары кезіккенімен, «жаман» дей бергеннен «жақсысын» кім бере қойсын? Біздің колледждің тарихы әріден бас­та­латындықтан, жинақтаған іс-тәжі­рибеміз мол. Облыстағы үздік оқу орын­дарының біріміз. Күндізгі бөлімдегі 1400, сырттай бөлімдегі 270 оқушы 10 мамандық бойынша білім алады. Олардың 7-уі құрылыс және технология, қалғандары гуманитарлық және қаржылық-есеп бөлімдерінде оқиды. Жоғары оқу орнын бітірушілердің бәрі бірдей орта буын мамандары бола бермейді ғой. Сол себепті, техник-құрылысшы, техник-технолог, техник-бағдарламашы секілді жаңа кәсіптік бағдар беру бөлімдері ашылды. – Жас мамандарды жұмысқа орналас­тыру жайы қалай шешілген? – А.Құсайынова: Былтыр 4 мыңға жуық маман өндіріс орындарына жолдама алып, мемлекеттік тапсырыс аясында 80 пайыздайы жұмысқа орналасты. Дуалды оқыту жүйесіне 6 колледж көшірілді. 3 колледж «Кәсіптік-техникалық білімді жаңғырту» жобасы шеңберінде 380 мың доллар халықаралық грантты, 4 колледж 9001-2001 сапа сертификатын иеленді. Жыл өткен сайын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін қаржы мөлшері көбейгенімен, әлі жеткіліксіз. Былтыр бұл мақсат үшін 125 миллион теңге жұмсалса, биыл бөлінгені– 175 миллион. Бірнеше жылдан бері мемлекеттің қолдауымен жас мамандардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Солардың бірі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жастардың елді мекендерде жұмыс істеуіне нақты жағдайлар тудырылды. Соңғы үш жылда осы бағдарлама негізінде 1,5 мыңдай маман ауылдарға тартылды. Дегенмен, олардың арасында кәсіптік және техникалық мамандық иелерінің үлесі төмен. – Р.Бірімжанова: Елбасы бір Жол­дауында Қазақстандағы адами капиталдың сапалы өсу талаптарын тереңнен толғай келіп, «Медицина институтын бітірген түлек бірден дәрігер болып шыға алмайды. Политехникалық жоо-ны тәмамдаған түлек әлі де болса инженер емес. Оған өзінің маман екенін дәлелдеуге тура келеді. Бүкіл әлемдегі тәртіп осындай», деген еді. Бұл ойын «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты талдамалы мақаласында одан әрі тереңдетіп, жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы қолданбалы біліктілік орталықтарын құру­дың, оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлудің, дуалды кәсіби білім беруді дамытудың, оқушылардың жеке ерекшеліктерін жете ескерудің ма­ңыз­дылығын атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ балаларды, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтануының дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбие тәсілдерінің жеткіліксіздігі, іс жүзінде, бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделгені, инновациялық курстар оқы­тылмайтыны өткір сынға алынған еді. Оның теріс салдары қазірдің өзінде білініп, жас­тардың едәуір бөлігінің әлеуметтік ин­фан­тилизміне, яғни ересек өмірге бейім­деле алмауы, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырып жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының сақталуы мен орындалуы, қолжетімділігі қандай дәрежеде деген сауал көлденеңдейді. Өйткені, бұл оқу орындарындағы оқушылардың басым бөлігі ауылдардан келген. Екіншіден, олардың негізінен 9 жылдық біліммен түсетінін ескерсек, мектеп пен колледж арасын жалғас­тыру­шы, байланыстырушы дәнекер, буын ретінде сапалы білімді қамтамасыз етіп отыр ма деген сұрақ туады. Президенттің «Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйе­сінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейтінін, оқу­шылардың жеке ерекшеліктері нашар ескерілетінін» ерекше ескертуінен қорытынды шығара оты­рып, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдіс­темелер мен технологияларды енгізуге ұм­тылғанымыз абзал. 2012 жылдан бері Қазақ­стан-Норвегия бірлескен жобасын қолданып келеміз. Бұл бағдарлама бойынша өндірістік тәжірибеге көп уақыт бөлінеді және де орта буын маманына жалпы жұмысшы кәсібі қоса беріледі. Оқуға келетін талапкерлердің білімге ұмтылысы мен талабының жақсарғаны байқалады. Өткен жылы құрылысшылардың 70, техник-технологтардың 95 пайызы жұмыспен қамтылды. – Сөздеріңізден аңғарылғандай, жастардың техникалық және кәсіптік білім алуға тартылуы әлі де кемшін түсіп жатқан сияқты. Проблемаларды таратып айтсаңыздар? – О.Төлебаев: Заман ағымына қарай жаңа мамандықтар ашуға қанша талпынсақ та, қауқарсызбыз. Өйткені, оқу кабинеттері мен шеберлік алаңдары тапшы. Оңтайландыру кезінде «Жол-құрылыс көліктерін техникалық пайдалану» мамандығы бойынша кран машинисін даярлайтын бөлім жабылып қалған еді. Осы үрдісті қайтадан ендіріп жатырмыз. Бірақ орынның тарлығынан құрылыс ұйымдарының базасын пайдалануға тура келеді. Әйтпесе, ойға алған жақсы жобалар баршылық. Болашақ сантехниктер мен газбен дәнекерлеушілер де бір кабинетті иемденіп отырған жайлары бар. Талап бойынша бөлек болуы керек. Бұрын лицей оқушылары бюджет есебінен бір мезгіл тегін тамақтанатын. Мұның өзі аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін әжептәуір сеп еді. Қазір колледж қаражаты есебінен ұйымдастыруға мәжбүрміз. Жақсы оқыған оқушы ғана шәкіртақыға ілігеді, бізде олардың саны – 120. Жатақхананың жоқтығын жоғарыда айттық. Пәтер жалдап тұратындар қайтып күн көрмек? Біздіңше, оқу үлгерімімен қатар қоғамдық жұмысқа деген белсенділігі, отбасылық жағдайы да ескерілгені жөн болар еді. Кейде өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, кәсіптік бағдарлау негізі мектептен қаланатынын естен шығарып алатын сияқтымыз. Болашақ кәсіби маман әзірлеудің осы дәстүрі үзіліп қалды. Айналып келгенде, білім капиталының қайтарымы колледж ұжымдарынан ғана талап етіледі. Ал, мектеп, ата-ана жауапкершілігі айтыла бермейді. – Р.Бірімжанова: Олқы тұстың бірі – жұмыс берушілердің әлеуметтік серік­тес­тіктен қашқақтайтыны. Облыстағы С.Хам­зин, Н. Тимофеев секілді түсіністікпен қарайтын басшылардың қатары селдір. Көбі жұмыс ауқымының аздығын сылтауратып, екіжақты келісімге қол қоюға құлықсыз. Тәжірибесіз жастарды қарамағына алып, кәсібіне бейімдеуден, дағдыландырудан, білмегенін үйретуден жалт беретіні өкінішті-ақ. Екіншіден, нор­мативтік базалар ескірген, қайта қарау, жетілдіру керек. Үшіншіден, бір маман­дық бойынша диплом алып, алайда, бас­қа салада еңбек етіп жүргендердің қата­ры азаюдың орнына көбейіп барады. Соңғы жылдары құқықтанушыларға сұ­раныс біршама бәсеңдеді. Біз осындай басы артық мамандықтарды барынша қыс­қартып, керісінше, бүгінгі күні үлкен сұ­ранысқа ие құрылыс бұйымдары мен құры­лымдары өндірісі, кондитер тағамдары секілді мамандық иелерін даярлауға көштік. Меніңше, тиісті орындар еңбек рыногын зерттеп, тапсырыс пен ұсынысты таразылап отырса, дұрыс болар еді. Біз нарық реттейді дей саламыз. Оқушылар мен оқытушылар үшін қажет сапалы оқу құралдары қат. Әсіресе, қазақ бөлімдерінде жетіспейді. Амалсыздан, орысша оқулықтарды пайдаланамыз. – А.Құсайынова: Иә жас маман­дары­мыздың білімі мен тәрбиесі нарық талабы­на жауап бере ала ма деген мәселе төңірегінде ойланатын тұстар аз емес. 2011 жылға қарағанда кәсіптік-техникалық колледж оқушыларының 1331-ге азайғаны байқалады. Оның бір себебін жалпы білім беретін мектепте балалар санының азаюымен түсіндірсек, қаржы тапшылығынан жаңа оқу орындары мен жатақханалар салу– күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Мұндай құрылыс орындарын Жамбыл, Шал ақын, Мамлют аудандарында салу жоспарланғанмен, кешіктіріліп келеді. 6 колледж бейімделмеген ғимараттарға орналасқан. Әлеуметтік серіктестік туралы заңнаманы қайта қарап, толықтырулар енгізу керек секілді. Олай дейтінім, кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуға жұмыс берушілер міндеттелмеген. Нақты талап қойылмағаннан кейін жұмыс орны бола тұра, жас мамандарды қабылдаудан тартыншақтайды. Сондай-ақ, ірі шаруашылықтардың есебінен мамандарды оқытудың, колледждерге техника сатып әперу тәжірибесін орнықтырудың мезгілі жетті. Өйткені, серіктестіктерде көбіне «Джон Дир», « КЛААС» сияқты жаңа үлгідегі шетелдік техникалар жұмыс істейді. Оларды сатып алуға колледждердің мүмкіндігі жоқ. Соның салдарынан жастар индустриялық-инновациялық жаңашылдықтардан сырт қалып, өз мамандығына бейім болмай шығады. – Сергей ТИМОФЕЕВ, кәсіпкерлер палатасы жанындағы сараптау кеңесінің төрағасы, «Основание» ЖШС-нің директоры: Соңғы жылдар бедерінде облыста құрылыс индустриясының жақсы дамып келе жатқанын байқауға болады. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 18 пайызға артып, 34 миллиард теңгені құрады. 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалды. Биыл 13 көп пәтерлі тұрғын үй, спорт сарайын, 4 емхана, 2 мектеп, осынша денешынықтыру-сауықтыру кешенін, 40-қа жуық су жүйелері объектілерін, басқа да ғимараттар салу секілді міндеттер тұр. Алайда, жас кадрларды таңдауда, орнықтыруда көп қиналамыз. Оның басты себептерінің бірі – жалақының аздығы. Соның салдарынан жастар мамандықтары бойынша жұмыс атқарғылары келмейді. Біз әлі күнге дейін ескі нормативтік-сметалық құжаттар бойынша жұмыс істеп келеміз. Мысалы, тас қалаушыға атқарған бір текше метр жұмыс ауқымы үшін бар-жоғы 1800 теңге төленеді. Біз өз есебімізден 2-3 есе төлеуге мәжбүрміз. Өйтпеген жағдайда тұрақтандыру – үлкен күш. Жаз айларында жас мамандар еңбекақы әлдеқайда жоғары жақтарға барып, жалданғанды жөн көреді. Жағдай осылай жалғаса берсе, барымыздан айырылып қалуымыз ғажап емес. Жәрмеңкелерге қатысып жүргенде бір бай­қағанымыз, бос жұмыс орындары жетерлік. Алайда, кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне ыңғайлы жұмыс табыла тұра, барғылары келмейді, «қара жұмыс­тан» қашқақтайды. Біліктілігінің азды­ғына, тәжірибесінің жоқтығына қарамас­тан көздейтіндері – жоғары жалақы. Әр оқушыны оқытуға айына 50-60 мың теңге жұмсалатынын есептесек, мемлекеттің қан­шама қаражаты желге ұшты дей беріңіз. Дипломы бар 700-ден астам жастың басқа кәсіптермен шұғылдануы – соның бір дәлелі. Жастар – еліміздің болашағы, адами капиталымыз. Осы орайда, кәсіптік-техникалық колледждерде сабақ беретін оқытушылардың біліктілігі, шығармашылық әлеуеті қандай дәрежеде, болашақ мамандар әзірлеуге қандай үлес қосып жүр деген сауал төңірегінде де ойланғанымыз абзал. Өндірістік тәжірибеге келген оқу­шы­лардың білім тайыздығына, ынта-жігерінің төмендігіне қарап оқу-тәрбие қызметінің, кәсіби сапа деңгейінің әлі бір жүйеге түспегенін, жаңашыл ізденістердің аздығын, нарық жағдайындағы өмірлік ұстанымдардың, рухани құндылықтардың, ұсыныстар мен талаптардың жете ескеріле бермейтінін, білім берудің әлемдік стандарттарынан алшақ жатқанын байқауға болады. Меніңше, кәсіби біліктілік деңгейін анықтайтын тест сынақтарын жүргізу жаттандылығынан арылып, талапты барынша күшейткен жөн. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.